Құрылыс саласындағы табысты кәсіпорын

2526
Adyrna.kz Telegram

Тәуелсіздік жылдары елімізде жекеменшік құрылыс ұйымдары қанат жайып, саланың дамуында шешуші орынды иеленді. Жамбыл ауданында да мұндай кәсіпорындар құрылыс саласында табысты жұмыс істейді. Солардың бірі – «REM PLAST LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Манас Қалияқов бұл ұйымды 2006 жылдың қаңтар айында құрған болатын. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей тыным таппауға дағдыланған кәсіпкер нәтижеге жету үшін күн, түн демей еңбектенді. Жекеменшік мекемесінің ұйымдастыру жұмыстарын дұрыс жолға қоя білді. Қолынан іс келетін білікті мамандарды тарта білу де оңайға соққан жоқ. Қайсар кәсіпкердің төккен тері зая кетпеді. Бүгінде азды-көпті нәтижеге қол жеткізсе – сол еңбектің ақталғаны.

Манас Өмірзақұлының компаниясында бүгінде 14 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Маусымдық кезеңде нақты жұмыстың көлеміне қарай жұмысшылар саны  қажетінше 140 адамға дейін өседі. Құрылыс-жөндеу жұмыстарымен айналысатын ұйымда өз ісінің нағыз білгірлері еңбек етеді. Олардың ішінде бас энергетик Мұрат Есқайыров, прораб Ғалымжан Молдақожаев, учаске бастығы Данил Мұқанов, логистика бөлімінің басшысы Мейрамбек Өмірзақ сияқты мамандар осында бірнеше жылдан бері жемісті жұмыс істеп келеді. Бұдан басқа да әртүрлі техникаларды тізгіндеген жұмысшылардың ортақ іске күш біріктіруінің арқасында мекеме жұмысы ілгерілеуде.

«REM PLAST LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тек Жамбыл ауданында ғана емес, осы уақытқа дейін өзге өңірлерде бірқатар нысанның құрылысын жүргізді. Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы Медиа орталық, драма театры ғимараттарының құрылысына қатысты. Алматы қаласында бірнеше нысанның құрылысын сапалы аяқтады. Өткен жылы жұмысын қарқынды жүргізіп, қолға алған мемлекеттік тапсырысты ойдағыдай орындап шықты. Дәлірек айтқанда, Балқаш ауданында 11 мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасады. Сондай-ақ, Ұзынағаш ауылында «Қамқорлық» оңалту орталығына бөлінген екі қабатты ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мекемені талапқа сай жабдықтады. Аталған оңалту орталығы облыс бойынша ерекше үлгідегі алғашқы мекеме болып саналады.

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы

Пікірлер