Тұрарбек ҚҰСАЙЫНОВ: Аштықтың алдын бірге алайық, Президент мырза!

3078
Adyrna.kz Telegram
Assorted grocery products including vegetables fruits wine bread dairy and meat
Assorted grocery products including vegetables fruits wine bread dairy and meat
АШТЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛАЙЫҚ!
Құрметті Президент!
Сіздің 2020 жылғы 16 наурыздағы «Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары туралы» № 286 Жарлығыңызға сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі 27 наурызда кейбір азық-түлікті шетелге экспорттауға тыйым салу жөнінде қаулы қабылдаған болатын.
Ол тізімде қарақұмық, қант, картоп, пияз, сарымсақ, күнбағыс майы және бірнеше дақылдың тұқымы бар. Үкімет қаулысын қаперге алған Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл тізімге сәбіз, қызылша, капустаның төрт түрін, Brassica тобына жататын бақша өнімдерін және ұнның екі түрін қосты, бірақ олардың экспортына тыйым салған жоқ, жай ғана шектеу қойды. Бұл коронавирус індетінің жайылуына байланысты төтенше жағдай тұсында тұрғындарды аштыққа ұшыратпай азық-түлікпен қамтамасыз ету жөніндегі қауіпсіздік мәселесін толығымен шешпейді. Себебі, дәл қазіргі кезде халыққа аса қажет азық-түлік тоқтаусыз экспортталуда.
Сондай-ақ, ҚР Үкіметі азық-түлік қауіпсіздігі үшін аса қажет саналатын ет және бидай мен ұнды шетелге сатуға (экспорттауға) тыйым салмады. Керісінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі 2020 жылдың сәуір айында 200 мың тонна бидай мен 70 мың тонна ұнды шетелге сатуға рұқсат берді. Келесі айларда да Үкімет шетелге бидай (ұн) мен ет сатуды дәл осы мөлшерде жалғастыра бермек. Бүйте берсе, елдегі астық қорын күзге жетпей тауысады.
Министрлік мәліметінше, Қазақстанның ішкі рыногына бидай мен ұнның 30 пайызын ғана сату көзделген. Бағасы да қымбат: бидайдың тоннасы 84-88 мың теңге, 3-ші және 4-ші класты ұн тоннасы 120-130 мың теңге аралығында. Солай бола тұра, батыс және оңтүстік облыстарда бидай мен ұнға сұраныс артып тұр.
Қазір нан-тоқаш өнімдері мен бөлшек саудадағы ұнның бағасы қымбаттап кетті. Базарда қаппен сатылатын ұн бағасы соңғы айда екі есеге жуық өсті. Бұл ішкі нарыққа бөлінген астық пен ұнның министрлік бекіткен квотадан тыс сыртқа жылыстап кетіп жатқанын байқатады.
Коронавирус пандемиясы жағдайында көрші елдерде, әсіресе Қытайда ұн (бидай) мен етке сұраныс көбейді. Қазақстанда төтенше жағдай жарияланса да, қытай-қазақ шекарасы толық жабылмады, ауыр жүк машиналары арлы-берлі ағылуда. Қытайтанушы және құқыққорғаушы Серікжан Біләшұлының айтуынша, Қазақстанның астығы мен мал етін Қытай нарығы сорып жатыр. Қазақстандағы қауіпті вирустың пандемиясы жағдайында және көктемгі су тасқыны қаупі кезінде егіс жұмыстарын қажетті деңгейде жүргізу мүмкін болмай қалуы кәдік, бұл ауыл шаруашылығының басқа саласына де кері әсерін тигізеді.
Егіс алқаптарына тұқым себілгеннің өзінде астық шығымы қандай болатыны да белгісіз. Малға жем-шөп, азық жетіспей қалса да ішкі нарықта ет бағасы шарықтап кетеді. Сондықтан келесі жылдың азық-түлік қоры анықталғанша елдегі мал мен астық қорын сақтап, оның экспортына шұғыл тыйым салыну қажет.
Тұрарбек ҚҰСАЙЫНОВ,
"Демос"қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Пікірлер