Өзгелердің атынан несие алған алаяқ ұсталды

2420
Adyrna.kz Telegram

Түркістан облысында өзгенің атынан несие рәсімдеген алаяқ жігіт ұсталды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Кентау ҚПБ-ға бірнеше жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленушінің бірінің айтуынша, оның атынан белгісіз біреу онлайн-несие алып, 135 мың теңге шығын келтірген. Ал екінші арызданушының атынан 60 мың теңге алып, оны банкке қарыз еткен. Біраз уақыт өткен соң берешектері көбейіп, банктен хабар келгенде, жәбірленушілер тез арада тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұраған. Аталған деректер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелген.

Арызданушылардың шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында Кентау ҚПБ полицейлері қажетті іс-шараларды жүргізді. Тексеру жұмыстары нәтижесінде, полицейлер осы қылмысқа қатысты күдіктіні анықтап, оны тұрғылықты мекенжайынан ұстады.

Алаяқтық жасаған жас жігіт жәбірленушілердің танысы болып шықты. Осы істі соңына жеткізіп, алаяқтық қылмысының ақ-қарасын ажыратып, нақты дәлелдерді табуда Кентау ҚПБ-ның тергеу бөлімшесінің қызметкерлері қарқынды қызмет жасады.

Тергеуші полиция аға лейтенанты Айдос Алпысбай былай дейді:

– Анықталғандай, күдікті азамат таныстарына хабарласып, олардың банктік кәртішкелерінің нөмірлерін сұраған. “Біреу ақша салатын еді” деген сылтаумен жәбірленушілердің нақты мәліметтерін алған алаяқ, одан ары өз арам ойын жүзеге асырған. Жәбірленушілердің атынан банкке сұраныс жіберіп, мақұлдау алған. Содан шағымданушылардың есепшотына түскен ақшаны өзіне аудартып алады. Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, жинақталған іс-құжаттары айыптау актісімен сотқа жолданды.

Полицейлер өзге азаматтарға өзіңізге қатысты жеке, құпия сандарды ешкімге бермеу керектігін ескертеді. Банктік карточкаларыңыз бен жеке куәлігіңізге, жалпы құжаттарыңызға ұқыпты болыңыздар. Егер осындай интернет-алаяқтығының куәсі немесе құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның “102” телефонына хабарласыңыздар.

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер