Өнегелі ғұмыр иесі

4027
Adyrna.kz Telegram

Тереңіне қанша малтысаң да соңына жетіп болмайтын дана Абайдың «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген ұлағатты сөзі адамзатқа ортақ «Толық адам» деңгейіне жетелейтін қағидалардың өзегі. «Толық адам» болу мүмкіндігін әлемде кім қай тұрғыдан зерттеп, қалай атап-талдаса да, байқап қарасаңыз, айналып келіп Хакім Абай атап кеткен адамдықтың үш қасиетіне тоғысады екен. Шіркін, осы үш қасиетті бүкіл қазақ өн бойында парасат құндылықтары ретінде бекітіп, айнымас қағидаға айналдырса ұлтымыздың жасампаздық рухы асқақтай түсер еді. Шүкір, осы бағытта үлгі болып өзінен кейінгіге жөн сілтеп жүрген байсалды, ел арқа сүйер қайраткер тұлғалардан кенде емеспіз. Сондықтан да санасы сергек білімді ұрпақтың жүректеріне от жағар, кемел жолдың шамшырағындай замана тынысының оң-терісін дұрыс таныған, тың ойлы, шоқтығы биік шоғыр жұлдыздар, аузы дуалы азаматтарымызды мақтан тұтып жарқыратып көрсете білейік. Олар салған үлгіні темірқазық етіп, олар жүрген сара жолды кемелдік даңғылына айналдырып ары қарай өркендетіп әкетер саналы жастарымыз көп болсын!

Осындай сәулелі ізімен жөн сілтеп жүрген «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі» бірегей зиялы тұлғаларымыздың бірі – көңіліне жиған-тергені кейінгіге нұсқа, ұлт болашағының тірегі жастарға тигізер шарапаты мол ұлағатты ұстаз, Ресей және Қазақстан Халықаралық жоғары мектеп ғылым академияларының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері, “Құрмет” және бірінші дрежелі “Барыс” орденінің иегері   мемлекеттік қайраткер - Әділ Құрманжанұлы Ахметов.

Әділ ағаның өмір жолы «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген дана Абай сөзіндегідей тынымсыз адал еңбектің өнегелі нұсқасы десек дұрыс болар. Сондықтан да Әділ ағадай тұлға жөнінде «әп» деп қалам тербегеннен дана Абайдың  терең мағыналы сөз иірімдері тілімізге өзі-ақ орала берді және бұл бекер емес.

 Ғалымның өмірбаянына үңілсеңіз сегіз қырлы, бір сырлы тұлғаның жан-жақты ізденісі мен халық қажетіне жараған белсенді қызметінің жарқын нәтижесін көресіз. Дер уағында тиісті жерінде бола білген Әділ аға жүз пайыз жүзеге асқан, «менің жылдарым – менің байлығым»  деп сенімді айта алатын шуақты ғұмыр иесі. Ал мұндай нығмет барша пендеге тең бөлінбеген. Асылы, адамның дүниеге келген соң, кіріпіш болып, сол дүниенің кетігіне қаланғаны нағыз адами бақытын тапқаны екен. Бұл тұрғыдан келгенде Әділ аға - жолы болған жан. Ағаның қыздың жиған жүгіндей, шашауы жоқ өмір жолына қарасаңыз бәрі оп-оңай бола салғандай жұп-жұмыр. Бірақ өмір толқынан бұрымдай өру үшін қанша ізденіс, шаршаулы күндер мен қанша ұйқысыз түндер өткенін тек Әділ Құрманжанұлы ғана біледі. Өмірде, қызметте, жалпы тіршілікте биіктерге көтерілу мүлде оңай емес, ал сол шыққан биігіңді сақтап қалу - тіптен қиын. Алайда Әділ ағаның сан қырлы сәуле шашқан гауһар тасының жарқылындай ғұмыр даңғылында тоқырау байқамайсыз.

«Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» дейтін сөз де Хакім Абайдікі. Сол секілді Әділ ағаның әрбір жазған еңбегі белгілі бір жүріп өткен уақытының есебі секілді. Тұнық ойлар мен соны соқпақтарға жетелеп, бірінен бірі өткен салмақты түйіндер түйіп отырады. Бұл сөзімізге қоғам қайраткерінің қаламынан шыққан барша еңбегі дәлел.

Ағаның әр еңбегі - бір төбе. Атқарған қызметінен, қызмет бабымен барған жерінен ұлтына пайдасы тиер бір сабақ жіптей болса да ұлағатын іліп келуге тырысады. Тілі тек ғылыми ортаға ғана емес, көпшіліктің де көкейіне қонымды, жатық.

Түркілік тіл ғылымына ойсаң үлес қосып келе жатқан Әділ Құрманжанұлының қайраткерлікке ұласқан өмір жолы мен ғылымға деген қадамы қалай басталды?

Сәбилік шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген, әкесі соғыс өртінен қайта оралмаған бала Әділ жан дүниесіндегі талпынған ақ құстың қанатына отырып сонау-сонау биіктерге самғар еді. Жеткеншектің жүйрік қиялы Хантәңіріден қуат алар еді. Болат пышақ қын түбінде жатпайды, анасының ақ батасымен арман жолына аттанды. "Баталы ер арымас", 1963 жылы Алматы шетел тілдері институтын ағылшын және қазақ тілдері мамандықтары бойынша үздік тәмамдағаннан кейін қыран жанар алғыр жігіт сонда оқытушы қызметіне қалдырылды. Көзі қарақты ұстаздары шәкірттерінің қарымын сезген болар... Аталмыш институттың қатардағы мұғалімі, аспиранты болды, жүгіріп жүріп еңбек етті, пісіп-ширады, өсіп-өнген отбасын құрды. Жұлдызы жарқыраған әрбір азаматтың артында қайратын демеп мықты жұбайы тұрады ғой, Алланың берген несібесі болар, мамандық таңдауда қателеспеген Әділ аға жар таңдауда да жаңылыспаған екен. 1973 жылы қазақ филологиясы саласындағы тырнақалды іргелі еңбегі «Қазақ тіліндегі табу мен эвфемизмдер» тақырыбын кандидаттық жұмыс ретінде абыроймен қорғап шықты. Бірақ ғылымға жаңа түрен салған жас ғалымның ізденісі мұнымен тоқтап қалмады. Ізденімпаз көңіл түкпірінде шешімін табуы тиіс көптеген сұрақтар бой көтеріп, тынжысын түртіп, мазасын алды. Бір мезгілде бірнеше нәрсені қамтып жүру ағаның туған жұлдызына тән сипат әлде Хантәңіріге қарап өскен тау баласына қонған қасиет пе, оқытушы, доцент, профессор, декан орынбасары, деканы, оқу ісі жөніндегі проректоры және ректоры қызметтерін атқарған қарбалас жылдардың өзінде ғылымды қоса алып жүрді. Табиғатынан аңғарымпаз, тілге қатысты дүниелерге деген қызығушылығы мен ізденгіштігі басым Әділ Құрманжанұлы қызметке алданып қаламын доғарып қоя салуға бейілді де емес еді.

Тұлғалық болмысы сан қырлы өмір жолдарында шар болаттай қайралған Әділ ағада керемет бір басымдық бар, ол үш тілді жетік меңгергендігі. Дәл осы басымдық оның жасампаз тағдырына, ғылыми ізденіс барысында қанатын кең жазып ұшуына оң ықпалын тигізгенін баса айтып өтуіміз керек шығар. «Бір тіл білген бір адам, екі тіл білген екі адам», әсіресе 1990-992-жылдары Американың Аризона штатындағы Алматымен бауырлас Тусон қаласында уәкілдік қызметте болған кезеңдерінде ерінбей-жалықпай тамыры тереңге жайылған түркі тұқымының сол жақтағы көне ұрпақтары үндістердің тіліндегі, қасиеттеріндегі түркілік белгілері жөнінде көптеген мағлұматтар тізбеледі. Кітапханадан, америкалық зерттеушілердің еңбектерінен қажетті ақпараттар сараптады, тілдік жағын айтпағанда тіпті антропологиялық тұрғыдан да дәлелдер жинақтады. Сол жылдары «Халық кеңесі» газетінің штаттан тыс тілшісі қызметін қоса атқарды. Диірменнің тасындай шыр айналған қарбалас арасында қолы қалт етсе көкейіне түйген, өзін қызықтырған нәрселерді мақала ретінде түртіп қоятын.

Маржан тергендей жинаған айқын дәлелдері мен айғақтары 1995 жылы күрделі докторлық зерттеуге ұласып, нәтижесі «Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер» атты монография болып жарық көрді (1995, 2016). Ауқымды еңбекте ғалым түркі әлемімен қоса өзге де өркениеттегі бағалы деректерді зерделеп, түркілік дүниетаным көкжиегінің әлдеқайда кең екендігін дәлелдей түседі. Этнография, тіл мәдениеті, этнопсихология, социолингвистика, психолингвистика секілді ғылымның бірнеше саласын бір арнада біріктіріп зерттейді. Ізінен ерген болашақ зерттеушілер үшін түркі тілдерінің өзіндік коммуникативтік, ұлттық дискурс, прагматика ерекшеліктері секілді ізденістерге жол сілтеді. Қай қырынан қараса да сөздің тылсымы мен құдіретін, сөз қадірін терең түйсінгісі келген көзі қарақты оқырман осы еңбектен көп тағылым алғаны сөзсіз. Әр ойы айқын, тайға таңба басқандай, әр сөйлем жүйе-жүйесімен қызығушылық танытқан оқырманын еркінен тыс жетектеп алып кетеді. Дарынды адам барлық жағынан да қарымды, жүйрік қалам иесі Әділ Құрманжанұлы сол жылы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі әрі осы Одақтың Бейімбет Майлин атындағы сыйлығының жүлдегері атанды.

Әділ Құрманжанұлының және бір сүбелі еңбегі «Азия-Берингия-Америка немесе америкалық «үндістердің» азиялық тегі» (2003) түркітану ғылымына қосылған жаңалық болды. «Үндістер» сөзін тырнақшаға алып жазуының өзінде де терең мәніс бар. Америкалық үндістердің  түбі Алтайдан шыққандығын сендіре отырып дәлелдейді. Жасы кіші болса да үзеңгілес досы белгілі жазушы, журналист, ғалым У.Қалижанмен бір сұхбатында «Екі мыңнан астам тіл мен диалектісі бар үндістердің тілін қазақ филологиясы дербес зерттеуге тиіс. Сонда біз түркі мәдениетінің, оның ішінде қазақ мә­дениетінің ежелгі ұлттар қатарында дамып отырғандығының дәлелін табамыз», - деп кесек ой тастаған екен.  Айтулы еңбек жөнінде Р.Нұрғали, Ә.Дербісәлі және өзге де жоғары дәрежелі тілші ғалымдар оң бағасын беріп, кітапқа салиқалы талдау жасап, ізгі пікірлерін білдірді. Ғалым әрі белгілі қаламгер  Б. Омарұлы: «... Қашанда тың пікір, өзгеше ой айтып жүрген зерделі зерттеуші бұл жолы да санадағы сеңді бұзып, ағысқа қарсы құлаш ұрып отыр», - деп атап өтеді. Белгілі қоғам қайраткері У.Қалижан  «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Әділ әлемі» атты мақаласында «Ол тілші ғана емес, әлем өркениетінің тамыршысы. Түркі әлемінің сыр сандығын ашу арқылы Әдекең қазақтың ізін кеседі, жоғалған тарихының соқпақтарын, арна­ларын табады», -деп шын бағасын береді.

Шынайы маңыздылығы болар, бұл еңбек патша көңіл көпшілікке тез тарады. Егер бейнеттеніп, жаныңды салып ізденіп жазған хаты шаң басып сөрелерде жатып қалмай оқырманын тапса, жоғары бағаланса ол ғалымның бақыты емес пе?  Шабысына шабыс қосып, құлшынысын арттырмай ма? Сөзіміздің дәлелі ретінде «Адырна» ұлттық порталының тілшісіне берген берген сұхбатта ғалым: - Қазір «Викингтердің ізімен» деген ғылыми-гипотезалық кітап жазу үстіндемін. Мұның басты себебі мынада: тек қана ағылшын-саксондықтар ғана емес, тілдері герман тобына кіретін Скандинавия халықтарының да түпкі тегі сақтардан бастау алатыны бүгінгі таңда анық байқала бастады, - деп ғылыми ортаны елең еткізер ақпараттың шетін шығарады.

Әділ Құрманжанұлының жазу стилі жеңіл, санаға оңай сіңеді. Шұбалаңқылығы жоқ, сөзі құнарлы, баяндалатын дүниенің бәрі де жанданып, елттіріп қоя береді. Үйретеді, үйренесіз, ойландырады, ой қортасыз. Сөз түзелсе, тыңдаушы да түзеледі екен. Нәтижесінде көзқарасыңыз кеңіп, қоршаған ортаға, адамдармен байланысқа жаңаша мән бере бастайсыз, ісіңізді, сөзіңізді түзейсіз. Демек Әділ ағаның ұстаздығы мен ғалымдығы біртұтас дүниеге айналып, кемелдікке қол созғаны ғой. Бұл өмір өзі ұштаған, шыңдаған шымыр тұлғаның бір қыры ғана.

Ғалым жазған еңбектерді ой елегінен өткізсеңіз олардың бірнеше арнаны қамтитынын байқайсыз. Алғашқысы - түркі әлеміне тиесілі қырыққа жуық халықтың ырым-тыйымдары болса, кейінгісі– екі мың диалектте сөйлейтін америкалық үндістердің түркі халықтарымен туыстығы. Үшіншісі– жаһандық геосаясат саласы.

Осы үшінші бағытты арқау еткен «Ғасыр ғибраты» (2018) атты туындысы көп ойға жетелейді. Атам қазақ «Елу жылда - ел жаңа, жүз жылда - қазан» дейді. Адамзатқа жүз жыл қандай ғибрат берді? Геосаяси өзгерістер мен экономикалық қақпақылдар сынағынан  сүрінбей өткендер кімдер? Тарих сахнасында қазақ өз көшін қалай түзеді? Қай бағдарды бетке алып барамыз?

Әлем тоқтаусыз құбылып, құндылықтар өзгеруде. Бірақ құлдырамауы тиіс бір нәрсе бар. Ол – адамзаттың парасат биігі.  Бұл туындысының алғашқы тарауында автор әлем таныған тарихи тұлғалардың инсандық сапаны жетілдіруде прагматизм қағидасындағы саф ойларын, сана құбылыстарын парасат сүзгісінде парықтайды. Оқырманы үшін ізгі қасиеттерінің кемелденіп, рухани биіктеп өркендеп-өсуіне қажет дағдыларды астын сыза отырып атап көрсетеді. Ал енді шет жұрттық ақылдылар айтқан ұлық ойлардың ұлттық болмысымыздағы көріністері қандай деген сауалға жауап ретінде Ұлы Абайға жол сілтейді. Әдемдік өркениетте «…51 кітапқа жүк болатын, өгелерден сүзіп алған кемеңгерлік пен данышпандықтың озық үлгілерінің бәрі өз мәдениетіміздің тұңғиық Тынық мқхиты Ұлы Абайдың тарының қауызындай ғана жыр жолдарында тұр», - деп тұжырымдайды. Ұлттық болмысымызды сақтап, етек-жеңімізді жинап, Абай айтқан «бес асыл іске» ұмтылып, «бес дұшпаннан» жүрегіміз бен бойымызды сақтатасақ рух құндылықтарын жетілдіргеніміз. Рухы биік жұрт материалдық құндылықтар құлдығына кетпей керісінше оны рух қызметіне жегеді. Демек қазақ әлемінің өркениеттен ойып алар орны бар.

Саясаттың қайнаған қара қазанында «болмысты тұрмыс билейді» деген қағидаға негізделген алпауыт мемлекеттердің арыны қатты. Допша қағып әлемдік экономиканың есепшотын сатырлатып жібереді. Сондықтан даму жолына түскен мемлекетіміздің буыны беку үшін жан-жағымызда не болып жатқанынын сарамманнан өткізіп, бет бұратын құбыламызды айқындап алған жөн. «Ғасыр ғибраты» кітабын оқи отырып көзі қарақты оқырман Ұлы дала елі Қазақстанның жаһандық геосаясаттағы бәсекеге қабілетті дара жолының бағытын өзі-ақ бағамдап, анықтап отырады. Осы тұрғыда Әділ Құрманжанұлы қазақтың «Біреу өлмей біреуге күн жоқ» деген мәтеліне сәйкес келетін экономика саласынан Нобель сыйлығының лауреаты Пол Кругманнның «...бір адамның шығыны – екінші адамның табысына айналатыны белгілі» деген пікірін ортаға тастайды. Жас мемлекетіміз азулылардың табысына айналмау үшін озық елдердің кейбір тозық тұстарынан да, бізге тиімсіз бұрыштарынан да сақ болуымыз қажет екенін аңғартады

Әділ Құрманжанұлының 2009-2013 жылдар аралығында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Іс басындағы төрағасының Мұсылмандарды кемсіту мен шеттетумен күрес жөніндегі жеке уәкілі болып атқарған қызметі осы кітаптың «Мұсылман әлемі»  тақырыпты үшінші бөлімінде көрініс табады. Мұнда  қайраткер аға былай деп жазады: «Ислам діні мен өзге діндер арасындағы қайшылықты жоюдың тағы бір мүмкіндігі....мәмілегершілік шеберлік, жылы сөз. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» немесе «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген аталы сөздер ешқашан мәнін жоғалтпайды» Мұсылманшылықта бетке тік айта салуды дұрыс көрмейді. Ұлық болсын, мейлі кішік болсын, сөйлеген сөзі адамның ақыл-парасаты мен ішкі жандүниесінен хабар береді ғой, көпті көрген Әділ ағаның мінезінде мәйіндік бар. Адамның мінезінің тағдырына ықпалы мол, бәлкім, өмірден орнын жаңылмай тауып, биіктерден көрінуіне Әділ ағаның жан-жақты қасиеттерімен бірге жаратқанға жағымды, шынайы мұсылманға тән көркем де салиқалы мінезі әсер еткен-ау деп ойлаймын. Республикадағы маңдайалды оқу орындарында ректорлық қызметтерін атамағанда, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутатығына сайлануына да мүмкіндік берген осы мінезі болар... Сенім биігінен шыға білген тұлғалы азамат Әділ Ахметов Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі (сонымен қатар Ирландия Республикасындағы, Норвегия және Швеция Корольдіктеріндегі) қызметіне тағайындалды. «Елдестірмек-елшіден», мемлекетіміздің, Президентіміздің сарабдал саясатының шетелдегі бет-бейнесі болды. Дипломатия саласында елімізге шарапатын тигізген маңызды іс-шаралардың ұйымдастырушылық мәселелерімен айналысты. Жауапкершілік жүгін абыроймен көтерді. «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген сөз бар. Биік қызметтерде жүріп көкейіне түйгенінінң кейінгіге тәлім болсын деп қағазға түсіре берді. Автордың негізгі саласы филология болса да, сан салада қадау-қадау ой айтып, батыл тұжырымдар жасалған, әлем деңгейіндегі кемеңгерлер мен алдыңғы қатарлы алпауыт мемлекеттердің геосаяси келбеттеріне сараптама жасалған «Ғасыр ғибраты» кітабын оқулық ретінде пайдалансақ халықаралық қатынастар, экономика саласында білім алушы жастарға берері көп еңбек болатыны анық.

Әділ ағаның тағы бір тамсандырар қасиеті – қай кезде болса да тынбай үнемі ізденіс үстінде жүретіндігі. Уақыт қадірін білетін санасы сергек қажырлы парасат иесі бір күнін де бекерге өткізгісі келмейді. Оған дәлел – үстіміздегі жылдың "Жыл кітабы" ретінде жалпыхалықтық оқуға «Бір ел – бір кітап» акциясы ұсынған Әділ Құрманжанұлының тәржімасымен жарық көрген Агата Кристидің детиктив жанрындағы «Ғайып болған миллион» атты кітабы. Айтуға оңай болғанымен көркем аударма жасау үлкен шеберлік пен көз майын, төзімділікті талап ететін еңбек. Тілі, ділі бөлек, бөтен елдің дүниетанымын, болмысын қазақ жұртының қабылдауына дөп келтіріп, сәтті аударма жасау нағыз билингвтің ғана қолынан келеді.

Бүгінде сексеннің сеңгіріне аяқ басқан Әділ Құрманжанұлының сәулелі ғұмыры, еңбек жолы, шыққан биігі көкірек көзі ояу, бойкүйездіктен ада кез келген жан үшін тың серпін берер, түйсінгеннің томағасын сыпырып биіктерге шырқатар мағыналы ғұмыр. Танысып отырып жаның сүйсінеді! Бір жылы да бекер өтпеген, отбасына да, Отанына да қажет тұлға бола білген, шеттеу көрмеген не деген сарқылмайтын қуат көзі десеңші! Бәлкім жастайынан қасиетті қара сөздің баққа да, сорға да себепкер қадірін, «тас жаратын, болмаса бас жаратын» құдіретін жете білген шығар. Бәлкім дана Абай айтқандай «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүріп есті болған» кісілігінен шығар. Қалай болғанда да Әділ ағаны осы дәрежеге жеткізген – «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрегі».  Міне, «Толық адамның» формуласы!..

Шәрбат Арзықұлқызы НҰРМЫШЕВА,

ф.ғ.к., қауымдаст. проф.,

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар

және әлем тілдері университеті,

nurmysheva75@mail.ru

Пікірлер