Америка президенті болып сайлана сала Дональд Трамп географиялық атауларды ауыстыруға кірісті. Ал оның кейбір аймақты бақылауға алып, күшпен қосып аламын дегені БҰҰ-ға шағым түсіруге себеп болды.
АҚШ-тың жаңа басшылығы Мексика шығанағының атауын қайтадан Америка шығанағы деп өзгертті. Дональд Трамптың «Американың ұлылығын мұра ету құрметіне» арналған атауларды қалпына келтіру туралы жарлығының орындалғанын АҚШ-тың ішкі істер министрлігі жариялады.
ШЫҒАСЫҒА - ИЕСІ
Трамп Мексика шығанағын Америка шығанағы деп қайта атауды 20 қаңтардағы ұлықтау рәсімінде мәлімдеген еді.
«Бұрын Мексика шығанағы деп аталған Америка шығанағы – ел тарихы мен экономикасындағы ең маңызды активтердің бірі», - делінген АҚШ ішкі істер министрлігінің мәлімдемесінде.
Флорида штатының губернаторы Рон ДеСантис жаңа атауды қолдана бастады. Атап айтқанда, бұл атау штаттың метеорологиялық қызметінің соңғы ауа райы болжамында кездеседі.
Мексика президенті Клаудия Шейнбаум бұған жауап ретінде Американы «Мексикалық Америка» деп қайта атауды ұсынды.
Дегенмен, шығанақтың жаңа атауы халықаралық деңгейде мойындалуы екіталай. Мексика шығанағы атауы бүкіл әлемде мойындалған және жүздеген жылдар бойы теңіздік навигацияның маңызды нұсқауы ретінде қолданылып келе жатқаны туралы Мексика мәлімдеген еді.
САЯСИ РИТОРИКА
Трамп географияны өз амбицияларына бағындырғысы келген алғашқы адам емес. Алайда бұл әрекеттердің көп жағдайда сәтсіз аяқталатыны тарихтан белгілі. Бір елдің басқа елдің немесе көрші аумақтың географиялық нысандарын қайта атауға тырысу жағдайлары тарихта бірнеше рет кездескен. Бірақ мұндай әрекеттер көбінесе саяси мәлімдемелер, символизм немесе үгіт-насихат деңгейінде қалып отырған.
Мәселен, Сауд Арабиясы мен БАӘ сияқты араб елдері Парсы шығанағын ондағы тұрғындардың басым көпшілігі араб халқы екенін алға тартып, «Араб шығанағы» деп атауды талап еткен. Алайда Иран тарихи атауды табанды түрде қорғап келеді. Осы секілді әртүрлі кезеңдерде ресейлік саясаткерлер де Солтүстік мұзды мұхитқа «Ресей мұхиты» атауын беру туралы ұсыныс жасаған. Алайда бұл ұсыныс халықаралық деңгейде қолдау таппады.
Халықаралық практикада географиялық нысандарды қайта атау көптеген елдердің келісімін талап етеді. Сондықтан мұндай әрекеттер көбінесе тек саяси риторика деңгейінде қалады. Мексика шығанағына қатысты даулы мәселе де тек сөз жүзінде ғана қозғалады. Бұл дау Трамптың президенттігімен бірге аяқталады.
ДОНАЛЬД ЖӘНЕ ДЕНАЛИ
АҚШ-тың Географиялық атаулар жөніндегі кеңесі Солтүстік Американың ең биік шыңы – Аляска тауына бұрынғы президент Уильям Мак-Кинлидің есімін қайтару жұмыстарын бастады. Бұл тапсырма президент Дональд Трамптың арнайы жарлығы негізінде орындалуда.
1901 жылы қастандықпен өлтірілген президент Уильям Мак-Кинлидің құрметіне шың «Мак-Кинли тауы» деп аталған. Алайда 2015 жылы президент Барак Обама тауға байырғы тұрғындардың тіліндегі «Денали» атауын берген еді. Бұл өзгерісті Алясканың жергілікті халқы мен екі негізгі партияның өкілдері ұзақ уақыт бойы талап еткен болатын.
Бірақ жұма күні Трамп әкімшілігі Обаманың шешімін «Мак-Кинлиге жасалған қорлық» деп атап, шыңға бұрынғы атауын қайтару туралы бұйрық берді. Бұл шешімге Алясканың көптеген тұрғындары, соның ішінде штат губернаторы қарсы болса да, Трамп әкімшілігі олардың пікірін елемей отыр.
Сайлауалды науқанында Дональд Трамп АҚШ-тың Панама каналын бақылауды қайтару ниетін білдірген болатын. Бұл мәлімдемеден кейін Панама БҰҰ-дан көмек сұрауға мәжбүр болды.
Трамп сондай-ақ Канаданы қосу және Гренландияны күшпен басып алу жоспарын қарастыратынын айтты.