Денсаулық министрлігінің жауабы: Шенеуніктер миллиондап сыйақы ала ма?

1017

Денсаулық сақтау министрлігі ведомство басшысы өзіне 15 миллион теңге көлемінде сыйақы жаздырған деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Министрлік депутат Азат Перуашевтың мәлімдемесінен кейін үн қатты.

Ведомство «айтылған фактінің денсаулық сақтау министрлігіне қатысы жоқ» деп мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

«Сыйақы төлемдері қатаң түрде қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, атап айтқанда, «Қазақстан органдарының қызметкерлеріне сыйлық беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу туралы» үкіметтің 2001 жылдың 29 тамызындағы №1127 қаулысына сәйкес жүргізіледі. Осыған байланысты 15 миллион теңге мөлшерінде төленген сыйақыға қатысты ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз», - деп мәлімдеді ведомство.

Бұған дейін депутат Азат Перуашев денсаулық сақтау министрлігіне сын айтып, кейбір шенеуніктің өзіне 15 миллион теңге көлемінде сыйақы жазып алғанын мәлімдеді. Алайда депутат бұл сөзін қай ведомствоға қаратып айтқанын нақтыламады. Ал оның алдында қазақстандықтар білім және ғылым министрінің миллиондаған сыйақы алғаны туралы ақпаратты талқылады.

Қоғам белсенділері шенеуніктерді қолдады

Белгілі экономист Олжас Құдайбергенов Facebook парақшасында кей министрлікте 36 айлық есебінде сыйақы жазып алатындарын айтты.

«Қарапайым азаматтардың жалақысымен салыстырғанда бұл үлкен сома шығар, бірақ шын мәнінде бұл көп ақша емес. Министрлердің жалақысы 800-900 мың теңге шамасында, ал вице-министрлердің жалақысы 500-600 мың теңге. Бұл квазимемлекеттік және жеке сектормен салыстырғанда төмен жалақы», - деп пікір білдірді президенттің экс-кеңесшісі.

Олжас Құдайберегенов қазір сапалы мамандар айына бес миллион теңгеге дейін жалақы алады деген пікір айтты. Сондықтан шенеуніктерде мемлекеттік қызметтегі маңызды бағыттарға қажетті мамандарды тартуда қиындықтар туындайды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы