20 жылдыққа тарту

6691
Adyrna.kz Telegram
фото ашық ақпарат көзінен алынған
фото ашық ақпарат көзінен алынған

20 жылдыққа - 20-алтын медаль. Талдықорғандық қыздар «Жетісу» волейбол клубының мерейтойына тамаша тарту жасады. Жуырда Петропавлда 23 жасқа дейінгі әйелдер арасында өткен ел біріншілігінде топ жарды. Осылайша, «Жетісу-2» командасы екінші жыл қатарынан чемпион атанды,

Алматы облысының «Жетісу-2» қыздар волейбол клубы қазір нағыз бабында. Жоғары лигадағы ең үздік команда.  Жуырда Петропавлда өткен ел біріншілігінде екінші жыл қатарынан чемпион атанды. 5 турға созылған бәсекеде 35 ойынның барлығын жеңіп, бұрын-соңды болмаған үздік нәтиже көрсетті. Осылайша, команда мүшелері, яғни 14 ойыншының барлығы да спорт шеберлігіне қол жеткізді.

Нияз Жантілеуов “Жетісу-2” волейбол клубының аға жаттықтырушысы:

 “Біздің клубымыздың ашылғанына – 20 жыл. 20 жылдыққа – 20-медаль. Чемпион болдық. 5-тур 29-чемпионат қарсаңында 35 ойын болды, жалпы 35 ойында біздің қыздар бірде-бір ойында ұтылмады, 102 очко алды. Тарихи сәт десе болады. Тіркеп қоятын да шығар” - деп бұл жеңіске ерекше қуанышты екенін жеткізді.

Жалпы 20 жылдық тарихы бар «Жетісу» волейбол клубының жеткен жетістігі де аз емес. Әйелдер арасында 8 дүркін Қазақстан чемпионы, 8 мәрте ел кубогінің иегері атанды. Сонымен қатар жастар мен жасөспірімдер командалары да облыс намысын абыроймен қорғап жүр. Бір сөзбен айтқанда, лайықты ізбасарлар өсіп келеді. Ал олардың алаңсыз дайындалуына облыс басшылығы тарапынан да қолдау зор.

“4 жыл осы клубта ойнап келе жатырмын. Осы «Жетісу» командасында бүкіл жағдайлар жасалған. Тұратын жеріміз, қаржы, оқу орнымыз, бәрі қарастырылған.  Менің арманым – ұлттық лигада және де осы Қазақстан құрама командасының ойыншысы болғым келеді”- дейді “Жетісу-2” волейбол клубының ойыншысы Зарина Мубаракзянова.

«Жетісу-2» командасы алдағы уақытта ұлттық лигаға өтуді мақсат етіп отыр. Сондықтан келесі маусымға қызу дайындық үстінде. Оның үстіне клубтың 10 ойыншысы жуырда өтетін универсиадада өңір намысын қорғап, чемпиондық атақты сақтап қалуға күш салмақ.

 

Пікірлер