Азаттықтың ақ таңы

2688
Adyrna.kz Telegram

Қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын шетсіз-шексіз байтақ өлкемізге тәуелсіздік өздігінен келген жоқ. Біздің елдің дәулеті тасыған кездері де, басынан қиыншылықты өткерген кезеңдері де аз емес. Бірақ бақыт пен байлыққа тасымай, небір қиындықтарға жасымай, болашақтан зор үміт күткен еліміз үшін аңсаған азаттық таңы да атты. Біз бүгінде тәуелсіз елміз!

Тәуелсіздік! Қандай қасиетті, қастерлі сөз, қадірлі ұғым! Осынау тәуелсіздікке жету үшін халқымыз қаншама қиындықты басынан өткеріп, қаншама тер төкті десеңізші! Енді сол бабалар мұратын біз қастерлеп, қадірлеп сақтауымыз керек. Ол үшін біздің алдымызда, халық алдында болашақтың жарқын болуы үшін бүгіннен бастап тағылымды тарих қалыптастыру міндеті тұрғандығы анық.

Еліміз тәуелсіздігін қайта қалпына келтірген жылдары алдыда үлкен міндет тұрды. Ол — халықтың әл-ауқатын жақсартып, елімізді ең озық мемлекеттердің қатарына қосу. Ал бұл мақсат жолында әрине атқарылатын жұмыстар легі өте көп еді. Бұл ретте әр саланың өзіндік алар орны мен қосар үлесі көп. Соның ішінде ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев маңызды міндеттердің бірі — білім беру сапасын жақсарту екендігін айтқан болатын. Бұл үшін Елбасымыз көп еңбек етті. «Қазақстан — 2030», «Қазақстан — 2050» стратегияларын ұйымдастырып, әр жыл сайын халыққа Жолдау жасап, дамыған мемлекеттердің алдыңғы қатарына шығуымызға бар күшін салды. Елбасының сарабдал саясатының арқасында біз әлемдік аренаға шықтық. Қазақстан деген алып мемлекеттің барын өзге елдер жақынырақ тани түсті.

Әсіресе, білім, ғылым жолын қуған жастарға «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білім алу бақыты бұйырып келеді. Бұның бәріне, әрине, Елбасының саясат, экономика секілді істермен қатар, қоғам үшін маңызды барлық саланы назардан тыс қалдырмауы да сеп болды. Тұңғыш Президентіміз «Қазақстан — 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында:

"Жеке бизнестің, үкіметтік емес және қайырымдылық ұйымдарының, жеке адамдардың әлеуметтік жауапкершілігі білім беру саласында айрықша көрінуі керек. Бұл ең бірінші кезекте лайықты білім алуда оқу ақысын өз бетінше төлей алмайтын жастарға көмек беруге қатысты", -деген еді.

Ол үшін қажетті шаралар:

  1.   Жоғары және орта білім беру жүйесін дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі желісін құру.
  2.   Көпсатылы оқу гранттары жүйесін әзірлеу.
  3.  Бүкіл ел  бойынша ғылыми-зерттеушілік және қолданбалы білім берудің өңірлік мамандықтарды ескеретін мамандандырылған оқу орындары жүйесін құру.
  4.  Жоғары оқу орындарындағы оқудың екінші курсынан бастап кәсіпорындардағы міндетті өндірістік тәжірибені заңнамалық тұрғыда бекіту.
  5.  Бізге оқыту әдістемелерін жаңғырту және өңірлік мектеп орталықтарын құра отырып, білім берудің онлайн-жүйелерін белсене дамыту керек болады.
  6.  Біз қалайтындардың барлығы үшін қашықтан оқытуды және онлайн режімінде оқытуды қоса, отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешімдерді және құралдарды қарқынды енгізуге тиіспіз;
  7.   Ескірген немесе сұраныс жоқ ғылыми және білім пәндерінен арылу, сонымен бірге, сұраныс көп және болашағы бар бағыттарды күшейту қажет;
  8.   Орта және жоғары білім берудің оқу жоспарларының бағыттылығы мен басымдықтарын оларға тәжірибелік машықтарға үйрету бойынша және тәжірибелік біліктілікке ие болу бағдарламаларын қосып, өзгерту;
  9. Кәсіпкерлікке бағдарланған оқу бағдарламаларын, білім беру курстары мен институттарын құру»,-деп айтуы жайдан-жай емес.

Бұл - озық ойлы мемлекеттердің қатарына қосылу жолдарының бірі.

Бүгінде білім сапасын жақсартуға көп көңіл бөлген Елбасының жолын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып келеді. Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты   Қазақстан халқына Жолдауында:

«Коронавирус індетінің салдарынан дүние жүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті. Бұл жұмыстың тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгертуде» деп білім саласындағы өзгерістер жайлы айтты.

Иә, бүгінде бізге осы вирустың салдарынан қашықтан білім алуға тура келіп тұр. Бірақ бір жағынан қарасаң, онлайн оқудың да артықшылықтары көп. Біріншіден, уақыт үнемділігі. Тәлімгер өзі білім алатын оқу орнына бармай-ақ, үйде отырып, барынша сапалы білім ала алады. Техникалық білімі артып, көптеген бағдарламалармен жұмыс жасауды үйренеді. Әрі кез келген студент әртүрлі аймақтардан, солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс өңірлерінде, тіпті шетелде жүріп-ақ, бір мезетте арнайы оқыту платформаларына кіріп, басқа студенттермен сөйлесіп, пікір алмасып, сабақ айтуға мүмкіндігі бар. Міне, осындай мүмкіндіктеріне қарап, қашықтан білім алудың да пайдасы бар екендігін айтқан жөн. Мұның бәрі, әрине, ең алдымен халықтың денсаулығы мен балалардың амандығы үшін, сапалы білім алу үшін жасалып жатқан іс-әрекеттер екені анық. Себебі, Мемлекет басшысы айтқандай: «Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек» емес пе?

 

Күлия  Қоршабекова,

Жаркент   көпсалалы   колледжі

еңбек  қорғау  пәнінің  мұғалімі.

Пікірлер