Жетісу өңірінде құрылған сервистік-даярлау орталығы Ұйғыр ауданында өз жұмысын бастады. Орталықтың барша жаңа техникалары көктемгі егін егу маусымына қызу қатысуда. Бүгінде сервистік-даярлау орталығында жергілікті бюджеттен бөлінген. 550 миллион тенгеге сатып алынған 39 техника бар.
- Орталықтың техникалық паркі Бахар ауылдық округінің аумағында орналасқан. Біздің міндет - сервистік-даярлау орталығымен келісімге отырған ауылшаруашылық кәсіппен айналысатын қожалықтарға қызмет көрсету, - деді сервистік-даярлау орталығы бас директорының орынбасары Құралбек Бекмұхамбетов.
«Жетісу» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы өкілдері берген мәліметте жаңа сервистік-даярлық орталығы "Жаркент крахмал-сірне зауыты" ЖШС базасы негізінде құрылған. Бүгінде сервистік-даярлау орталығының еншісінде 39 техника бар. Олар жоғары технологиялық мүмкіндігі бар тұқым сепкіштер, егін жинауға негізделген комбайндар, тағысын тағылар. Орталықтың құзіретіндегілер жүгері және дәнді дақылдар егетін қожалықтарға көмек береді.
Жалпы Алматы облысы аумағында 51 сервистік-даярлау орталығы жұмыс істейді. Олар түрлі бағытта құрылған: "Қан қызылшасы", "Жүгері", " Дәнді дақыл," "Көкөніс", "Күріш", "Картофель" және "Мал азығы" бағытында жұмыс істейді. Оларға 1200 техника 11 млрд.теңге қаржылық лизинге берілген. Өңірде сервистік-даярлық орталықтарын құру нәтижесінде 250 шағын және орташа қожалықтар біріктірілген. Нәтижесінде 1 мың адам тұрақты және 12 мың адам маусымдық жұмыспен қамтылған.