Алматы облысында жылжымалы екпе бригадалары құрылуда

3602
Adyrna.kz Telegram

Вакцинациялау жер-жерде қарқын алуда.

Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданында алғаш болып Есік пен Шелектегі ауруханаларда екпе кабинеттері ашылса, бүгінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталықтарында, аудан аумағындағы кейбір дәрігерлік амбулаторияларда да арнайы екпе кабинеттері жасақталды. Сондай-ақ жылжымалы екпе бригадалары құрылды. Сондай бригаданың бірі аудандағы үлкен өндіріс орындары - «Adal» және «FoodMaster» компанияларына барып, қызметкерлеріне коронавирусқа қарсы вакцина салды.

- Бұл жылжымалы екпе бригадалары халыққа вакцинациялаудың қолжетімділігін арттыру және екпе алу процесін жеңілдету үшін ұйымдастырылып отыр. Адам көп шоғырланған жерлерде коронавирусты жұқтыру қаупі де жоғарылай түседі. Сондықтан қоғамдық иммунитетті қалыптастыруда үлкен кәсіпорын қызметкерлерін вакцинациялаудың маңызы зор. Осы орайда жылжымалы екпе бригадасына артылған жүк те салмақты, – деді Еңбекшіқазақ аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Д.Бақбергенұлы.

Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде ауданда «Спутник-V» вакцинасының 1-компонентін 7265 адам алған. Ал вакцинаның екі компонентін толық алған азаматтары саны – 1196-ға жеткен.

Пікірлер