Денсаулық сақтау министрі Алматы облысындағы коронавируспен күрес шараларына оң бағасын берді

3158
Adyrna.kz Telegram

Кеше Алматы облысына жұмыс сапарымен Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой келді. Медициналық мекемелердің жұмыс жайымен танысқан министр облыста атқарылып жатқан коронавируспен күрес шараларына, соның ішінде вакцина салу компаниясы мен денсаулық сақтау мекемелерінің дайындығына оң баға берді.

Министр сапарын алдымен Талғар ауданындағы Талдыбұлақ дәрігерлік амбулаториясынан бастады. Облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов ауылдарда амбулаториялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін биылғы жылы өңірде 25 денсаулық сақтау нысаны іске қосылатынын айтты. Соның 20-сы блокты-модульді медициналық пункт болмақ. Қазіргі кезде облыста коронавируспен күреске 30 медициналық ұйым тартылған, 4500-дей төсек орын дайындалды, медициналық құралдармен жабдықталу 89%-ке жеткізілді. 1,1 млн. адам вакцинация салдыра алады, бүгінгі күнге соның 60 мыңы салдырған. Бұл ретте өңір жаппай вакцина алуға дайын. 239 егу пункті, 134 көшпелі бригада дайындалды. Әр пункттің қабылдау мүмкіндігі 7 мың адамнан асады, ал қажет болған жағдайда пункттердің саны 1016-ға жеткізіледі.

Алексей Цой жылжымалы медициналық кешеннің мүмкіндіктеріне куә болды. Бүгінгі күні облыста мұндай 17 кешен бар. Оларда жалпы тәжірибедегі дәрігердің, акушер-гинекологтың қабылдау кабинеттері, сәулемен емдеу бөлмесі, анализ өткізу орны, дәріхана пункті бар. УЗИ, рентген түсіруге де мүмкіндік жасалған. Енді осы жылжымалы кешен базасында егу пункттері жұмыс істейтін болады.

Ақбұлақ ауылына келген Алексей Цой осындай жылжымалы кешен базасында медициналық көмек көрсетілгеніне куә болып, вакцина салдыруға келген азаматтармен тілдесті.

Денсаулық сақтау министрінің сапары бұдан әрі Еңбекшіқазақ ауданында жалғасты. Мұнда А. Цой саяжай қауымдастығы тұрғындарына арналған қосымша егу пунктінің және Еңбекшіқазақ ауданындағы ауданаралық көп салалы аурухана базасында құрылған Озық тәжірибелер орталығының жұмысымен танысты. Осында ол аудан, қала әкімдерімен, өңірдің медициналық мекемелері басшыларымен өткен онлайн жиынға қатысты.

Пікірлер