Алаш ұлдары - халық қаһармандары

4545
Adyrna.kz Telegram

Сабыр Қасымовтың «Алаш» арыстарынын жүз жылдығына берілген Астағы сөйлеген сөзінде айтылған тұжырымдар және ұсыныстар.

«Өлі риза болмай, тірі байымас» дейді халқымыз. Бүгінгі Астың, арнайы дұға дәмінің орны бөлек деп есептеймін.

Бұл Ас – жай ас емес, мәртебесі де, тағылымы да, қадір-қасиеті де биік Ас.

Рас, жыл-межесін айқындағанда, бұл Ас «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысына, «Алаш» партиясын құруға, «Алаш Орда» үкіметін орнықтыруға – тікелей қатысқан тұлғаларға, соның ішінде ұлттың ұлы қайраткері, ХХ ғасырдың басындағы саяси және рухани көшбасшысы Әлихан Бөкейханға бағышталып отыр.

Бірақ, Астың терең тәлімі, қасиетті қисыны бар. Біз осыдан бір ғасыр бұрынғы ата-бабамыздың Ұлы рухани ерлігіне бас иеміз. Осы тарихи қозғалыс, партия, үкімет төңірегіне жұмылған нағыз азаматтарға алғысымыз бен құрметімізді арнаймыз.

Бұл – ғасырлық үлгі-өнеге ғана емес, ұлтпен мәңгі жасайтын, жаны мен арына медеу құбылыс. Біз арыстарымыздың шынайы адамгершілігіне, тазалығына, жауапкершілігіне, ұлтын сүйген жүрегіне, Отаны мен халқына адалдығына таңғаламыз және оны мақтан тұтамыз.

Заманның неше түрлі объективті қиындығына қарамай, демократиялық және халықаралық, еуропалық стандарттарға сай ұлтты қайта өрлету, қазақ мемлекеттілігі құрылысын жаңғырту идеясына халқын топтастырған зиялыларымыздың даналығына, биік интеллектуалдық деңгейіне, білім-білігіне ұрпақ алғысын мен ниетін осындай жолдармен жеткізуге тиіспіз.

Олар зиялылық пен ел алдындағы жауапкершіліктің эталонын қалыптастырды. Қазіргі зиялымын деп жүрген кейбіреулер өздерін Алаш тұлғалармен неге салыстырмайды екен?

Біз, Алаш зиялыларының жанқиярлық және азаматтық ерлігін аса жоғары бағалаймыз. Әрине, олар қарапайым пендешілікке салынып, жиған білімі мен лауазым-қызметін жан бағуға да арнай алар еді. Бірақ ол жолға түспеді. Оған ары да, халыққа деген адалдығы да жібермеді.

Сондықтан, алда неше түрлі құқай – отаршыл-тоталитарлық жүйенің қуғын-сүргіні мен абақтысы, қақ маңдайға кезенген қаруы тұрғанын сезсе де, саналы түрде кейде ашық, кейде жасырын 20-30 жыл бойы туған халқының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін табанды түрде күресті.

Қаупі де расқа шықты: айдалды, отбасылары азапталды, атылды. Алайда, олар соңғы демі таусылғанша «елімнен, ұлтымнан, халқымнан жаным садаға» деп өтті. Мұны Әлихан Бөкейханның Бутырка түрмесінде атар алдындағы сөзі растайды.

Бүгінгі Ас ұлт қасиеті мен мәңгілік құндылығына арналып отыр деп санаймын.

Осы шараны ұйымдастырып отырған бауырламымызды тәңір жарылқасын! Сіздерді де сол Алаш рухы серпілтіп отыр.

Бүгінгі Ас арқылы тәуелсіздігіміздің бесігі Алматымызда Алаштың ғасырлық мерейтойының ізашар шарасы басталды деп сенемін. Ұлт дәстүріне адал «Қамшы» сайты намысты да, жауапкершілікті де қамшылай берсін. Одан тек ұтпасақ, ұтылмаймыз.

Біздің үкімет, оның құрылымдары, ғылым, білім, мәдениет ордалары өздеріне тікелей қатысты елдік істен шет қалмайды деп үміт артамыз.

Мүмкіндікті пайдалана отырып, Алаш бағытында маңдай терін төккен марқұмдар: академик Кеңес Нүрпейісов, профессорлар Әбу Тәкенов, Көшім Есмағамбетов, зерттеушілер Айтан Нүсіпхан, Бейсенбай Байғалиев рухтарына бас иеміз.

Сондай-ақ, бүгінгі алаштанудың қайнауында жүрген Мәмбет Қойгелдиев, Тұрсын Жұртбай, Сұлтанхан Аққұлұлы, Дихан Қамзабекұлы, Ғарифолла Әнесұлы, Тұрдығұл Шаңбай, Ербол Тілешов тағы басқа азаматтарға алғысымызды айтамыз.

Қазақта «Өшкен жанды, өлген тірілді» деген сөз бар. Егер біз өзімізді Алаш қаһармандарының ізбасарымыз деп есептесек, олардың биік рухани және азаматтық ерлігін бүгін мен болашақтың қасиетті қазынасына айналдыруға міндеттіміз. Отанға шынайы, адал қызмет етудің үлгісі – Алаш зиялылары!

Кеңестік-большевиктік тоталитарлық билік ұлттар арасында әлеуметтік-саяси теңдік орнатамыз деген коммунистік әдемі ұрандарды жамылып,  буржуазиялық-ұлтшылдыққа қарсы күресті күшейту керек деген желеумен «Алаштың» барлық басшылары мен белсенділерін құртты, «Алаш-Орда» Үкіметінің аймақтардағы барлық мүшелері мен жетекшілерін жаппай қуғынға ұшыратты.

Сталиндік ОГПУ-НКВД-КГБ-ның қылмыскерлері Қазақстанға тағайындаған өз адамдарының күшімен «Алаш» қайраткерлері мен мүшелерін құртып немесе түрмелерге отырғызып қана қойған жоқ, «Алаш» рухы мен идеясының өзін қазақстандықтардың санасы мен қоғам өмірінде қалдырмай, түп орнымен жоғалтуға тырысты. «Алашты» жасанды жолмен қас дұшпанға айналдырғандықтан оның образы саналарымызда қорқыныш синдромын тудырып,  соның кесірінен алашордалықтардың ерлігін әділетті жолмен шыншыл бағалауға әлі күнге үлкен кедергі жасап келеді.

Осы ретте Алаштың жеті қайраткерін бүгін мен болашаққа үлгі болсын деп «Халық қаһарманы» атағына ұсынамын. Олар: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Халел Досмұхамедұлы. Әрине, басқа да зиялыларды болашақта тағы да ұсына жатармыз. Меніңше, бұл ұсынысқа Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев сынды қаһармандарымыздың аруағы да риза болар еді.

Егер Б.Момышұлы мен Р.Қошқарбаев кеңес-герман соғысында кеңес елі мен кеңес халқының мүддесі үшін арпалысқан болса, жоғарыда аталған «Алаш» қайраткерлері сталинизмге қарсы саяси соғыста Қазақстан мен қазақ халқының бостандығы мен азаттығы үшін алысып, қаза тапқандар. Сондықтан, мемлекеттік тәуелсіздігін алған Қазақстан моральдық және халықаралық стандарттарға сәйкес олардың ерлігін тиісінше бағалап, тарихи ерліктеріне тиісінше ұлықтауға міндетті.

Осындай ұсынысқа қандай себептермен негіз бар? Яғни, осы тұлғалар халқымыздың алдында, тәуелсіз Қазақстанның алдында қандай аса көрнекті қызметтер атқарды:

Біріншіден, олар қазақ халқының саяси ой-жүйесінде ренессанс жасады.

Екіншіден, ұлт санасын халықаралық, еуропалық деңгейге көтерді.

Үшіншіден, Отан үшін, қазақ халқы үшін өмірлерін қиды.

Төртіншіден, Ресей империясының территориясына күштеп енгізілген қазақ жерлерін жинап, тұтастандырып өзімізге қайтарды.

Бесіншіден, бірінші рет өркениетті түрде партия, үкімет құрды.

Алтыншыдан, ұлтты ұйыстырды, елдік мүдде төңірегіне жинады.

Жетіншіден, заманына сай автономия формасында болса да, қазақ ұлттық мемлекеттілігін қалпына келтірді.

Қазір бәрімізге белгілі: Қазақстан тәуелсіздігін алғанға дейін советтік империя, сталиндік тоталитарлық идеология бұлардың аталған және басқа ерліктерін бұрмалап, қылмысқа теңеп жоққа шығарды, өздерін халық жауы деп атып тастады, аттарын, қалтырған мұраларын халқымыздың санасынан өшіруге көп жұмыс жасады.

Өкінішке орай, қазіргі күнде де «әттеген-ай» істеріміз бар. Мысалы, ширек ғасырдан бері мемлекеттік деңгейде Алаш қайраткерлеріне лайықты саяси баға бере алмай келеміз. Ал, осы қозғалыстың өңірлердегі қайраткерлері мен қарапайым мүшелері туралы жүйелі түрде айтылмайды. Олардың біразы ұлтшыл, «халық жауы» қалпында қалып отыр, заң тұрғысынан ақталмаған, халық пен отан үшін істеген ерліктері жаңаша бағаланбаған.

Отаршылдық және тоталитарлық кезеңдерде Қазақстан тәуелсіздігі мен азаттығы үшін күресте құрбан болған тұлғаларды жүйелі түрде зерттеп, ақтап және олардың ерлігін ұлықтау мақсатында біз – Мәмбет Қойгелдиев, Оралбай Әбдікәрімов, тағы басқа азаматтармен бірігіп, республикалық «Қаһармандар» атты қоғамдық қор құрдық.

Қордың кеңейтілген Концепциясы, мақсаты, қызметінің бағыттары мен міндеттері интернетте жарияланды. Жарғысы да қолымызда бар.

«Қаһармандар» – бостандық пен тәуелсіздік үшін күрескерлерді жоқтаушы әрі бүгінгі Алаштың мұрагерлері мен жанашырлары арасындағы сабақтастыққа дәнекер қор.

Қазақстан тәуелсіздігі мен азаттығы үшін күрескендер туралы жадымыздың жаңғыруы, олардың батырлығын ұлықтау – аса көкейкесті.

Осы аса маңызды да күрделі жұмысқа немқұрайлы қарамайтын азаматтар болса, ісімізге нақты көмек білдірулеріңізге шақырамыз.

Мемлекеттің қауіпсіздігі мен даму заңдылығына бейжай қарамайтын біздер Қазақстан Тәуелсіздігін көздің қарашығындай сақтауға мүдделі жұртшылықтың азайғанын, шын отаншылдықтың әлсірей бастағанын сеземіз.

Осы күнге дейін біздің заңнамамызда «Патриотизм» деген ұғымға орын табылмаған.

Тарихқа, қаһармандарға, елдің елдігін көрсететін тарихи фактілерге немқұрайлы қарайтындар көбейгендей.

Бұл жағдайда, тәуелсіздігімізді жан-жақты қорғауға біз әруақытта дайын болуымыз керек. Қауіп төнгенде қапы қалмайық, ағайын!

Сондықтан, ерлік-қаһармандық істер – бүгінге де, ертеңге де, болашаққа да өнеге.

____________________

«Мен өлсем де, Алаш өлмес, көркейер,

Істей берсін қолдарынан келгенін» –

деп қаһарман-ақын Мағжан аманат етіп кеткендей, әрқайсымыз ел тәуелсіздігін нығайтатын жұмысқа бірлік көрсетіп, белсенді кірісуге шақырамын.


Сабыр ҚАСЫМОВ,

«Қаһармандар» Қорының Президенті,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Пікірлер