Ағасын өлтіріп, денесін бөлшектеген мұғалімге қандай жаза қолданылмақ?

2495
Adyrna.kz Telegram

Сарайында қайтыс болған ағасының денесін ұзақ уақыт бойы жасырған Атырау облысы, Махамбет ауданы, Таңдай ауылының мұғаліміне қатысты қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды, - деп хабарлайды "Ақ Жайық".

Еске салайық, биыл қаңтарда Таңдай ауылында 82 жастағы тұрғын Сағынғали Ақберлиевтің денесі табылған болатын. Ер адам қарындасымен бірге тұрған, ол мектепте мұғалім.

Ауыл тұрғындарының сөзінше, соңғы уақыттары ер адамды ешкім көрмеген, сөйтіп оның туыстары алаңдай бастаған. Артынша әйел адам бірнеше ай бойы ағасының денесін үйдің сарайында жасырғаны анықталды. Оның мұндай әрекетке не үшін барғаны белгісіз.

Әлеуметтік желіде әйел адам ағасын былтыр жазда өлтіріп, артынша денесін бөлшектеп, үлкен сөмкеге жасырып қойғаны туралы ақпарат тарады. Тергеу уақытында әйел адам жұмыстан босатылды.

Алайда зейнеткерді біреу өлтіргені расталмады. Сараптама ер адам өзі қайтыс болғанын көрсеткен.

"Іс тоқтатылғанын білеміз. Оның жұмысқа қайта келуіне байланысты - біз аудандық прокуратурадан жауап күтеміз. Бұған қатысты басқа ештеңе айта алмаймыз", - деді Ахмедияров атындағы орта мектеп директоры Серік Қойбақов.

Алайда ата-аналар мұғалімнің мектепте жұмыс істеуіне қарсы. 206 адам Бақсай ауылдық округіне, аудан прокурорына, облыстық білім басқармасы мен Nur Otan-ның бөлімшесіне өтініш жазған.

"Оның неліктен ағасының денесін талай уақыт жасырып, оны көрмегенін айтқаны түсініксіз. Ондай адам мектепке оралғанына және балаларымызды оқытқанына қарсымыз. Егер жергілікті билік өтінішімізді қарастырмаса, президент пен білім министріне жүгінеміз. Егер ол жұмысын жалғастырса, кейбір ата-ана баласын мектепке апармауға дайын", - делінген ауыл тұрғындарының өтінішінде.

Пікірлер