«Ер адаммен кездесуге кеткен»: Келіншек қызын 2 күн бойы жалғыз қалдырған

2714

Өскеменге ер адаммен кездесуге кеткен павлодарлық келіншек 12 жастағы қызын 2 күн бойы пәтерде жалғыз қалдырған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Полицейлерге көпқабатты үйлердің бірінің тұрғындарынан шақырту келіп түсті. Көршісі пәтерлердің бірінде 12 жастағы қыздың қамалып қалғанын айтты. Екі күн бойы қыз бала үйде жалғыз өзі болған. Полицейлер қыздың анасының Өскемен қаласына ер адаммен кездесуге кеткенін анықтады. Анасы үйіне бірнеше күннен кейін ғана оралды. Үйінде баласының жалғыз, азық-түліксіз қалғандығы оны ойландырған жоқ»,– деді Павлодар облысы Екібастұз қаласы Полиция басқармасының аға инспекторы Фатима Ахметчанова.

Пәтердің есігін ашу үшін төтенше жағдайлар, білім бөлімдерінің өкілдері шақырылды. Қызбен сөйлескен кезде оның әжесінің қалада тұратыны белгілі болды. Кәмелетке толмаған қыз бала әжесіне тапсырылды.

– Қыздың анасы бұған дейін де ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу мен білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Аталған факт бойынша қыздың анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Бұдан басқа, қыздың анасының бұл ісі кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында қаралады, онда қызын анасымен одан әрі қалдыру туралы мәселе шешілетін болады, – деп атап өтті Фатима Ахметчанова.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы