«Ақ жол» демократиялық партиясы дәстүрлі түрде ұйымдастыратын «ХХІ ғасырдағы АЛАШТЫҢ АҚ ЖОЛЫ» жалпыұлттық байқауының ақтық кезеңі бүгін өз мәресіне жетті
Алаш идеясы мен мұрасын насихаттауға және қазіргі қоғам контексінде саралауға арналған сайыста 18 бен 35 жас аралығындағы жүзден астам үміткердің ішінен үш номинация бойынша үздік атанған 9 талапкер бақ сынады.
Ақтық кезеңге өткен жас зерттеушілердің жұмыстарымен танысуға «Ақ жол» демократиялық партисының төрағасы Азат Перуашев, «Ақ жол» Парламенттік фракциясының Мәжіліс депутаттары Берік Дүйсембинов, Дәния Еспаева, Айгүл Жұмабаева, Қазыбек Иса, Серік Ерубаев, Мақсат Раманқұлов және партияның орталық аппаратының басшылығы қатысты.
Жас зерттеушілер ұсынған еңбектерді Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы төрағалық еткен, құрамында “Алаш” мәдени және рухани даму институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Жүсіп Сұлтан Хан Аққұлұлы, осы институттың аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Жұмағұл, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер болған қазылар алқасы бағалады.
Биылғы байқаудың ерекшелігі – ақтық сынның онлайн форматта, ZOOM платформасында өтуі. Байқау барысында зерттеушілер көтерген тақырыптар бойынша қатысушылар мен қонақтар арасында қызу пікірталас орнады. Әділ-қазылар алқасы жас зерттеушілерге байқаудың салаларына қатысты түрлі сұрақтар қойып, қатысушылардың біліктілігін бағалады.
Байқау қорытындысы:
«Қазақ Республикасының 100 жылдығы: Алаш автономиясының Қазақ (Қырғыз) АКСР-іне ұласуы» атты номинациясы бойынша үздік атанған:
І орын – Нұржанова Айгерім Нұржанқызы – Шығыс Қазақстан облысы, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенті. Жұмыс тақырыбы: «Алаш және декоммунизация мәселелері»;
ІІ орын – Бағыт Нұрлыбек Бағытұлы – Алматы қаласы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті. Жұмыс тақырыбы: «Алаш пен декоммунизация мәселелері (немесе Алаш сөйлейді)».
ІІІ орын – Семак Анастасия Юрьевна – Қарағанды қаласы, № 25 жалпы білім беретін орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі: «Роль деятельности партии «Алаш» в становлении современной казахской государственности и становлении Казахской Республики»;
«Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы: ұлы ақынның шығармашылығын танытудағы Алаш қайраткерлерінің еңбегі» номинациясы бойынша үздік атанған:
І орын – Исабек Әзімхан Үсенұлы – Шымкент қаласы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының жоғары маманы. Жұмыс тақырыбы: «Абайдың әдеби хатшысы, Алаш зиялысы – Мүрсейіт Бікіұлы»;
ІІ орын – Оразбекқызы Гүлжанат – Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, №7 мектеп-лицейінің мұғалімі. Жұмыс тақырыбы: «Абай мен Алаш үйлесімі (Алаш құндылықтары мен Абайдың қара сөздерінің өзара байланысы)»;
ІІІ орын – Мұрзақанов Сұлтан – Алматы қаласы, ҚР ҰҚК Академиясының курсанты. Жұмыс тақырыбы: «Абайдың Алашшыл ұрпақтары»;
«Алаш қозғалысындағы «ақтаңдақтар»» номинациясы бойынша үздік атанған:
І орын – Нұрақмет Ерден – Ақмола облысы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 4 курс студенті. Жұмыс тақырыбы: «Алаш қайраткері Біләл Малдыбайұлының өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі және шығармашылық мұрасы»;
ІІ орын – Ихсан Данияр Маратұлы – Қостанай облысы, Қостанай қаласы, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің 1 курс магистранты. Жұмыс тақырыбы: «Алаш қайраткері Ғазымбек Бірімжан: өмірінің беймәлім парақтары»;
ІІІ орын – Әбілдос Рамазан – Алматы қаласы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих, археология және этнология факультетінің 4 курс студенті Жұмыс тақырыбы: «Алаш Орда үкіметінің азамат соғысы жылдарындағы қызметі».
«Ақ жол» Демократиялық
партиясы баспасөз хатшысы