Ай мен Күннің тартысы

3989
Adyrna.kz Telegram

Көкпартану ғылыми сала ретінде әлі қалыптасқан жоқ. Көкпардың болмыс-бітімін әзірге «көкпар» сөзінің этимологиясынан ғана іздеудеміз. Оның өзі қисынсыз, ауызекі жорамал деңгейіндегі пайымдарға негізделуде. Бұл ізденіс бір ғана «көкпар», «көкбөрі» сөздерінің тегімен емес, оның таралу аймағындағы жұрттардың да қатысын, олардың танымын қарастыру арқылы кеңірек әрі тереңірек зерделенгені көңілге қонымды болар.

Негмати, "Праздник навруз": "Самыми увлекательными любимыми развлечениями публики повсюду в Средней Азии являлись популярные состязания-козлодрание («бузкаши») и борьба – «гуштингри", которые демонстрировали силу, ловкость и сообразительность участников и всегда привлекали внимание зрителей…".Тәжікше «бозкаши» сөз тіркесі көкпар ойынының сыйпатын аша түсетін жаңа дерек. Бұл сөз қалай болғанда да парсы тіліне жат, айтылуы да, мағынасы да түркіше: боз+кашы.  «Бозкаши» қазақтың мал құрбаны «боз қасқаны» (Ақсарбас) еске салады және ол бекер емес. «Бозкаши» атауы «қас» сөзінің «қаш/каш» түріндегі айтымының нұсқасынан жасалып, оған парсылық – И жұрнағы жалғанып тұр. Бұдан екі жайттың бірін аңғарамыз: Біреуі тәжіктер бұл ойынды не түркілерден алған, немесе түркілер тәжіктен алған, болмаса тәжік халқы түркілер мен парсылардың араласынан түзілген жұрт. Бірақ көкпардың парсыларда жоқ екенін ескерсек, бұл аттылы түркілік мәдениеттің көрінісі екеніне тап боламыз. Және де бұл ежелгі дейтүркілік жұрттардың құрбандық жоралғысының жұрнағы деп негіз іздеуге мәжбүрміз.

kokparЖалпы құрбандық ежелгі Ай мен Күннің тайталасына алаңдау кезіндегі наным актысы десек қате болмас. Мәселен, ай мүйізді ақсеркені болмаса боз қасқа малды құрбандыққа шалу — Күнге табынушылардың «Айды құрбан ету» актысының көрінісі деуге болады. Дәлірегі айды түнектің ортасындағы жарықтың өкілі ретінде айтаңбалы жануарды құрбан етіп, оның жанын Көкке көтеру арқылы жарықты молайту сенімі болғандай. Өйткені, ежелгі халықтар мүйізді малды – ешкі мен сиырды Айдың нышаны ретінде қабылдағандығы турасында наным қалыптасып отыр. Екінші жағынан Ай түнектің белгісі ретінде күндіздің белгісі Күнмен бақталас болғандығы және бар. Сөйтіп, Айды Күнге жығып берудің бір ісі – соның сәйкес нышаны болар малды құрбан ету болған. Аталмыш Күн-Ай таласын әйгілі Аңырақай жотасындағы Таңбалытаста қашалған суреттен байқаймыз: онда мүйізі қарағайдай бұқа/өгіз Күнтәңірге қарап өзінің құрбандыққа әзірлігін білдіріп тұр…

«Бозқасқа» мәселесіне келсек: боз – күн сәулесінің оңып, батуға айналған, іңірге қараған уақытты меңзейтін түс, яғни уақыттың Түнге қараған шағы. Ал Түннің қасқасы (қасы, қабағы) – Ай екені мәлім. Сөйтіп, маңдайы қасқа, түсі боз малды құрбандыққа шалу Айды Күнге жеңдіру ретінде дәстүрге енген. Сайып келгенде, көкпарға сойылатын мал обаста Күнге/жарыққа сыйынушылардың құрбандығы болып шығады. Бір назар аударарлығы сол – көкпарға ісек не қошқар (қой) емес, міндетті түрде мүйізді серке (бәлкім, теке), кей жағдайда өгіз де шалынады. Жалпы, көкпарға еркек  мал не жан тартылған. «Алпамыс батыр» жырындағы Ұлтан құлдың Алпамыстың ұлы Жәдігерді тартқызуы соның куәсі.

«Көкпар» сөзінің этимологиясына келсек, оның негізінен екі нұсқасы бар, біреуі – «көкпар» сөзінің «көк бөрі» тіркесінен шыққандығы… Алайда, түркілер кие тұтатын бөріні құрбан етіп, көкпарға тартса не болғаны?! Және де ешбір этноақпаратта қасқырды не итті көкпарға тарту көрінісі жоқ… Бұл — ешбір тарихи-рухани мәнсіз, қисынсыз жорамал. Екінші нұсқа бойынша: көкпар– «көк бөрте» (лақ) сөзінен шыққан-мыс. Олай болса, ол сол күйінде «көкбөрте» болып неге өзгермей қалмады? Үндестік жағынан қарағанда «көкпар» дегеннен «көкбөрте» немесе «көкбөрі» күйінде өзгермей қалу мүмкіндігі зор еді, өйткені «көкбөрте»/«көкбөрі» сөздері бірыңғай жіңішке буындарға құрылған, өзгеруі екіталай лексемалар… Мәселе «көкпар» сөзінің бөріге де, бөртеге де қатысының жоқтығында! Сонымен, мәселе «пар» сөзінде тұрғандай.

«Пар» сөзі жалпыадамзаттық аса ежелгі сөздердің бірі және ол көп тілдерге жайылғанымен негізгі семантикасын жоймаған: пар – бөлік, бөлшек.

Көз жеткізу үшін бұл сөзге қатысты біршама сөздерге тоқталсақ:

пар – екі бөліктен тұратын жұп;

пара – түрікше ақша, «кесек», «бөлік» деген мағынада;

пара – бiр нәрсенiң бөлшегi, бөлiгi, саласы, үлесі, «Бұл жұрттың сөз тыңдамас бiр парасы» (Абай);

пара-пара– быт-шыт, күл-талқан, дал-дал: бірнеше бөлшекке бөліну,

пар+тия – тауардың не әлеуметтік топтың бір бөлігі;

парша – жіктелгіш, бөлінгіш мата;

паршалау – осу, бөлу, үлестеу.

«Көкпар» сөзінің ежелгі екенін ескерсек, мұндағы «пар» буыны бұл жерде «үлес», «сыбаға» мағынасында қолданылған. Дәлірек үңілсек, «көк пар» тіркесі: «Көктің үлесі», «Көктің жыртысы» мағынасында. Сондықтан «көктен» оның «парын» бөлу мүмкін емес және ол тіркес сол күйінде қазақ тілінде сақталып отыр, оны этнолингвистиканың пайдасына бұрғыштаудың жөні жоқ. Демек, көкпар тарту — түпкі мазмұны бойынша Көктің үлесіне, несібесіне таласу болып табылады. Дәлірегі – Көктегі ай-жыртықты жамау қызметіне жарау, соған таласу. Тәжіктерде сақталған түркілік «боз қаш» — «боз қас(қа)» тіркесінің мәні де осында болса керек.

Көкпар ойынының әуелгі қазақы нұсқасы бойынша екі тараптың таласы емес, қанша ауыл ойыншылары қатысса, сонша тараптың тартысы болған. Алайда, ол сансыз тарап болуы неғайбыл. Шамасы, Наурыз кезінде (тәжіктерде көкпар негізінен Наурызда ғана ойналады) жылға таласқан он екі мүшелдің тартысы көрініс тапқан болуы керек. Сөйтіп, он екі тарап қатысқан көкпар тартыс Көктің үлесін, сыбағасын он екі ауылға  (руға, елге-тайпаға) таласуға ұласқан. Бұның арғы жағында 12 тарапқа жіктелген зодиактық ежелгі астрономиялық ілім жатыр. Сайып келгенде 12 шоқжұлдыздың әрқайсысы өзіне молырақ жарыққа таласуы іспетті жоралғы.

 

kokpar-zodiakЖалпы көкпар ойыны бұрынғы кездері қазырғыдай екі тарапқа емес, әр тарапқа, яғни қанша ауыл ойыншылары болса, сонша тарапқа тартылған. Мұндағы тараптар – ежелгі он екі айдың болмаса мүшелдің сипаты болған. Бертін келе ол қарабайырланып, ауылдар тартысына айналған.

Басқа жағынан пайымдасақ, мүйізді малды құрбандыққа шалу – Айды Күннің жолында құрбан ете отырып, оның сәйкес кеңісі – Түнекті Күнекке жеңгізу жоралғысынан көрінеді. Ал құрбандық жануардың жаны Көкке жөнелгендіктен, оның тәні Жердегі Көктің бір бөлік-нышаны болып табылады-мыс. Және де «құрбандыққа» кім қол жеткізсе, Ордаға (ауылға, көмбеге, бүгінде — қазанға) жеткізу Күннің көзі – Тәңірден (жаратушы құдыреттен, бүгінде — Алладан) бата алатындай басты мұратқа жеткізеді-міс деген сенім жатыр.

Осылайша сайып келгенде, көкпар ойыны Наурыздағы айлы түнде тербелетін алтыбақанның күндізгі сайыстық нұсқасы іспетті. «…Көкпар шын мәнінде, Наурыз салтанатында антиподтық қос полюстің арбасуын өміршең ойынға айналдыру мүмкіндігін паш етеді. Шайқастың орнына сайыс, соғыстың орнына талас тудыру көрінісін насихаттайды.» (Ерғали.С. «Нау мен ырыс»: Пайымдама– Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2011. – 184 бет.) деуіміздің мәні осы болатын.


Серік ЕРҒАЛИ, мәдениеттанушы

argymaq.kz

Пікірлер