Димаш Құдайберген Джо Байденнің инаугурациясын мерекелеуге қатысады

2393

Әнші Димаш Құдайберген АҚШ президенті Джо Байденнің инаугурациясын мерекелеу апталығының ашылу салтанатына қатысады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап

Дәстүр бойынша бұл іс-шараны Бауырлас қалалар қауымдастығы – «Sister Cities International» ұйымы өткізеді. АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Джозеф Байден бұл ұйымның құрметті тең төрағасы болды. Сонымен қатар бұл іс-шараға дипломатиялық корпус та қатысады.

Коронавирус пандемиясына байланысты мереке 2021 жылдың 17 қаңтарында сағат 19:00-ден 21:00-ге дейін (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 6:00-ден 8:00-ге дейін) онлайн режимде өтеді.

Айта кетерлігі, Вашингтонда орналасқан «Sister Cities International» халықаралық үкіметтік емес ұйымының негізін 1953 жылы АҚШ-тың 34-президенті Дуайт Эйзенхауэр қалаған. Сол кезден бері АҚШ президенттері Джон Ф. Кеннеди, үлкен Джордж Буш, Билл Клинтон, Барак Обама және Дональд Трамп бұл ұйымның құрметті тең төрағалары болды.

70 жылға жуық тарихында «Sister Cities International» АҚШ қалалары және оның 130-дан аса мемлекеттегі бауырлас қалаларының өзара әрекеттесуіне байланысты көптеген іс-шараны өткізген. Осы жылы «Sister Cities International» сегіз мәрте «Грэмми» жүлдегері – аңызға айналған әнші Дайон Уорвикке ұзақ жылдар еткен еңбегі үшін марапат ұсынады.

Сонымен қатар, Дайон Уорвиктің әлемге «The Weeknd» ретінде белгілі үш мәрте «Грэмми» жүлдегері Абель Тесфаймен бірлесіп жұмыс істей бастағаны белгілі болды. «Sister Cities International» ұйымының негізі қаланғалы және АҚШ пен Қазақстанның қарым-қатынасы тарихында алғаш рет жаңа сайланған АҚШ президентінің инаугурациясын тойлау апталығын ашушы іс-шараға қазақстандық әнші – Димаш Құдайберген қатысады.

«Sister Cities International» іс-шарасынан бір күн бұрын, 16 қаңтарда қазақстандық орындаушының «DIMASH DIGITAL SHOW» атты алғашқы онлайн-концерті өткізілетінін де атап өту керек. Оған билеттерді мына сілтемеде сатып алуға болады.

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар