Қайым Мұхамедхановтың туғанына 105 жыл (Видео)

1718

Осыдан тура 105 жыл бұрын, яғни 1916 жылы Семей қаласында  ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші, шәкәрімтанудың негізін қалаушы, текстолог, Семейде Абай мұражайын ұйымдастырушы, ұстаз, ақын, жазушы, драматург, әдеби аудармашы, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедханов дүниеге келді. "Адырна" ұлттық порталы абайтану ғылымында өлшеусіз үлес қосқан ғалымның өмірі жайлы шағын деректерді ұсынады.

Қайым Мұхамедханов бала кезінен қа­зақтың біртуар азаматтарының тәрбиесін көріп өсті. Оған себепкер болған ғалымның әкесі Мұхамедхан Сейітқұлұлы болатын. Мұхамедхан Сейітқұлұлы өз шаңырағына Алаш көсемдерінің басын жиі қосып, олардың ат басын тірейтін үлкен үйлері ретінде, кеңес құратын ордалары ретінде белгілі болған. Осындай үлкен бас­қосулар танымал ақындар мен әншілердің де өз өнерлерін сынайтын, танылатын жері болған. Қазақтың халық ауыз әдебиетінің мол мұралары күні-түні жырланып, әні шырқалып жатқан қа­сиетті ортадан жас Қайымның алар тәлім-тәрбиесі де мол болды. Мұхамедхан Сейітқұлұлы­ның шаңырағында Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Бай­тұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтан­мах­мұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов жиі келіп, оты­рыс­тың мәнділігін арттыратын. Қайым Мұ­ха­мед­хановтың өмір жолындағы ұлтжандылық, нағыз ұлтшылдық бағыттың қалыптасуына осындай мағыналы басқосулардың да себебі болғандығын ғалым естеліктерінен білеміз. Қайым Мұха­мед­ханов 1924-1928 жылдары Жаңасемей қала­сындағы бастауыш қазақ мектебінде оқиды. 1929-1932 жылдарда Семей қаласы колхоз жастары мектебінде білімін жалғастырады. 1936-1937 жылдары мұғалімдер даярлайтын курста оқиды. Ал 1938-1941 жылдары Семей педагогикалық институтында оқиды. Ғалымның еңбек жолы да педагогикалық оқу орнымен тығыз байланыста дамыды.

Содан көп жыл әдебиет пәнінің мұғалімі, Абай мұражайының директоры қызметін атқарған, «Абайдың әдебиет мектебі» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғаған (1951). Ұлы Отан соғысына қатысқан. Әдебиетке 1930 жылдың орта шенінде келген ол алғашқыда өлең-жырлар, драматургия жанрында бірқатар шығармалар жазды, тәржіме жасаумен де көбірек шұғылдан ды. Әдебиет зерттеуші ғалым ретінде Абай мұрасының текстологиялық зерттеулеріне мол үлес қосты. Абай төңірегіндегі атақты әншілер: Көкбай, Ақылбай, Мағауия туралы, өткен заманның кейбір мұралары жайында зерттеулер, көлемді мақалалар жазды.

Қайым Мұхамедханов ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші, әрі алғашқы текстологы, ұстаз, ақын, жазушы, драматург. Шәкәрімтанудың негізін қалаушы. Қазақ КСР Гимнінің авторы, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, әдеби аудармашы, Семейде Абайдың мұражайын ұйымдастырушы, Қазақстанның Мемлекеттік силығының, Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері, профессор, КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі; Семей қаласының, Аягөз, Жаңасемей, Абай аудандарының Құрметті азаматы; жарияланған 800-ден аса ғылыми еңбектің авторы. «Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт кітаптан тұратын жинақ құрастырды.

«Абай» журналының қайта жарық көруіне көп еңбек сіңірді. «Толқын», «Майданнан майданға», «Ер Білісбай» пьесаларының авторы. Әзербайжан драматургі У.Гаджибековтың «Аршин мол алан», татар жазушысы Ш.Камалдың «Қажы әпенді үйленеді» пьесаларын қазақшалаған. Шығармалары: Абай шығармашылықтың текстологиясы. А., «Қазақстан», 1959; Комиссар Ғаббасов. Пьесалар. А., «Өнер», 1984. 1996 жылы «Абай» энциклопедиясын шығарудағы еңбегі үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. КСРО және Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі. Семей қаласының құрметті азаматы. Абайдың дүниежүзілік академиясының алтын медалімен марапатталған.

Қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ғалым 2004 жылы қайтыс болды.

 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар