АЛАШ ЖОЛЫ – БІЛІМ, БІЛІК, БІРЛІК ЖОЛЫ

1119

Күні кеше «Алаш Ұлттық Автономиялық Республикасына – 103жыл!» толуына орай дәстүрлі «Алаш әлемі» интеллектуалды сайысы онлайн форматта өтті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Онлайн байланысқа Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінен сайыс жүргізушілері Рақымжан Қалдыкөз бен Балжан Ақылбек байланысқа шықты. Сайыс атаулы үш бөлімнен тұрады: «Соғайын сөзімнен бір алтын сарай» мәнерлеп жатқа оқу, «Іші алтын, сырты күміс сөз қалдырған» эссе жазу және «103 сұрақ-жауап» жарысы. Аталған сайыстардың мәнерлеп өлең оқу мен эссе жазу бөлімі қатысушылардан алдын ала алынып әлеуметтік желіге жарияланды. Кеше «103 сұрақ-жауап» жарысы өтіп, артынша әділқазы алқалары барлық қатысушыларды жүлделі орындарымен марапаттады.

Сайысқа республикамыздың оннан аса қалаларынан, әр түрлі мамандықта білім алып жатқан жалпы жиырма үш студент қатысты. Әділқазы алқалары: белгілі алаштанушы Светлана Смағұлова, ахметтанушы Райхан Сахыбекқызы, педагогика ғылымдарының докторы Береке Дәулетханқызы, Алаш арысы Қошке Кемеңгердің ұрпағы, алаштанушы Қайырбек Кемеңгер. Тәжірибелі мамандар сайыс жеңімпаздарын қызу талқыға салып, барынша әділ бағалауға тырысты. Әділ өтуінің ерекшелігі де осы, студенттердің жұмыстарына жеке-жеке бағалау критерийі арқылы кері байланыс жасап, студенттерге дұрыс бағыт бағдар көрсетуінде. Ендеше биыл төртінші рет жалғасын тауып отырған сайыстың жүлдегерлерімен таныс болыңыздар!

І. «Соғайын сөзімнен бір алтын сарай» жатқа мәнерлеп оқу бөлімі бойынша:
Бас жүлде иегері Төлеубек Аружан, І орын Құлшар Бекзат, ІІ орын Ысқақов Қуаныш пен Жеңісбек Айжан, ІІІ орын Гүлнар Тайжан мен Тасыбек Дана, атаулы номинациялармен Сәрсен Рауан Нұрболатұлы, Бекетаева Арай, Алмат Әлиханұлы, Ғабдул-Ахмет Сайдғали, Абдурахманова Нозли Хамдамқызы, Қырықбай Саян марапатталды.
ІІ. «Іші алтын, сырты күміс сөз қалдырған» эссе жазу бөлімі бойынша:
Әділқазы алқаларының ортақ шешімімен бас жүлдеге лайық эссе табылмады. І орын иегері Қамшыбек Ахмет Қанатұлы, ІІ орын Ақберген Жұлдыз бен Қырықбай Саян, ІІІ орын Нышан Айдана, арнаулы номинациялармен Индира Сұлтанғалиқызы, Гүлмира Қуанышқызы, Мырзақан Құралай марапатталды.
ІІІ. «103 сұрақ-жауап» бөлімі бойынша:
Бас жүлде иегері Айдаркулова Гүлмира, І орын Қамшыбек Ахмет Қанатұлы, ІІ орын Нышан Айдана мен Саутбекова Бөпежан, ІІІ орын Тұрлыбай Айша, Төлеубек Аружан және Халмурадова Гүлшат, номинациямен Ысқақов Қуаныш марапатталды.

Студенттердің дайындығы әсіресе «103 сұрақ-жауап» жарысына жылдағыдан жақсы дайындық жүргені байқалатынын, сұрақтарды бұдан да күрделендіруге әділқазы алқалары тікелей қадағалайтынын жылдық жоспарға алды. Әділқазы алқалары бас жүлдегерлерге ынталандыру мақсатында өз аттарынан авторлық кітаптары мен бір реттік шәкіртақы тағайындады. Ұйымдастырушы тарапынан қалған бірінші, екінші орын иелеріне де құнды кітаптар мен қаржылай сыйлық тарту етті. Сайыс нәтижесінде студенттер онлайн болса да, ортақ мәмілеге келіп, бір үйдің баласындай жылы орта қалыптастырды. Қайраты мен білімі үйлескен жастардың жүрегіне мына заманда әділеттің отын жағу бізге міндет. Басы жиылып тұрған жастардың танымын, білімін арттыратын онлайн жүздесулерді жалғастырып отыруды мақсат етті.

Қорыта келе, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «…Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген аманат сөзіне қарата сайысты жобаның мақсаты да осы үш керекке негізделеді. Қатысып, білім байлығын жинаған жастарға, Алаш идеясы астында бірігіп, жол көрсетіп жатқан ұстаздарымызға алғысымыз шексіз. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам…»

Дайындаған: жоба авторы мен ұйымдастырушысы – Балжан Ақылбек

Пікірлер
Редакция таңдауы