Балаларға базарлық: Данагөй қоян

4862
Adyrna.kz Telegram

«Азия халықтарының ертегілері» циклынан

 Бирма ертегісі

Ертеректе ағалы-қарындасты екеу тіршілік кешіпті. Әке-шешесі о дүниеге сапар шеккеннен соң, мұраға қалған өгіз бен сиыр бөліске түседі. Ағасы – өгізді, қарындасы – сиырды еншілеп, содан тату-тәтті тарқасады. Біршама уақыттан кейін әлгі сиыр бұзаулайды. Сөйтіп, ағасының көзі манағы бұзауға түсіп, ол оны түнделетіп алып кетеді-дағы, өгіздің жанына қосып қояды. Таң ата айғай-шу, даң-дұң, шаң-шұң басталады. Қарындасы: «Бұзау – менікі!», ал ағасы: «Жоқ, менікі!» – дегеннен танбаған соң, ақыры ағайын ақ-қараны ажырату, төрелігін тыңдау мақсатында қазыға қарата тартады. Ағасы қорғаушы есебінде құсқа, ал қарындасы қоянға жүгінеді. Би істі таңертең шешуді ұйғарады.

Белгіленген уақытқа бәрі түгел үлгеріп жетеді, тек қоян ғана кешігеді, қалғаны күтумен болады. Міне, көптен күткен қоян да келді. Сонда, қатал қазы оған сын тағады:

– Уа, қояным! Сен уақытты бағаламайды екенсің, тағы өзіңді қорғаушымын дейсің!

– Бұныңыз қалай, құрметтім?! – деп қоян айыбын жуып-шайып әлек. Уақытты қадірлеймін. Бірақ бір шұғыл шаруа шығып қалды, ғапу еткейсіз.

– Сонда жаңағы ісің бұдан да маңызды ма? Ал, баян ет... – деп тергеді, би.

– Иә, мырзам! – деді қоян. Елдің егістігі өртенді, тұрғындарды аяп кеттім. Өршіген өртті өшіру мұратында мұхиттағы суды себетке құйып, таси бастадым. Сол себепті де кешігіп қалдым.

Қазы күліп жібереді.

– От шықса о туралы білер ек қой, солай ма? Бұдан бұрын, себетпен су тасыды дегенді сенен естуім. Байқауымша, ақылдан алжасқан секілдісің қояным, сандырақтап тұрғаның – мынау!

Сонда ол бүй дейді:

– Мұным сандырақ болса, онда бүгінгі талқыға түскен мәселе – екібастан ессіздік. Құдайшылығын айтыңызшы, о заман да, бұ заман, ілгерілі-кейінді бұқаның бұзаулағанын кім көрген, мырзам?

Қазы:

– Сен данагөй қоян екенсің, – деп оның тапқырлығына тәнті боп, істі қыздың пайдасына шешіп кеп жібереді.

             Фото ашық дереккөзден алынды

Аударған: Қазақстан Жазушылар одағының

мүшесі, жазушы-драматург,

әдебиеттанушы, сыншы Әлібек БАЙБОЛ.

 

Ертегі аудармашының рұқсатымен жарияланды.

Авторлық құқық сақталғандықтан көшіріп басуға болмайды!

Пікірлер