Қазақстан төтенше жағдайларға дайын ба?

1973
Adyrna.kz Telegram

Еліміз тәуелсіздік аған соң, халық пен аумақтарды табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жүйесін қайта құру қажеттілігін талап етті. Ал тәуелсіздігімізге 30 жыл жуықтаған уақыт ішінде еліміздің төтенше жағдайлардан қорғау жүйесінде не жасалды, қандай шаралар қолға алынды, жалпы, тәуелсіздік жылдарында не істелінді деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Осы орайда  еліміздің төтенше жағдайлардан қорғау жүйесінің қалыптасу жолдарына назар аударған едік.

Жалпы, төтенше жағдайдың алдын алудың және оларды жоюдың тиімді жүйесін жасау ісіндегі алғашқы қадам «Қазақ КСР Қауіпсіздік кеңесін құру туралы» Елбасы Н.Назарбаевтың 1991 жылғы 21 тамыздағы Жарлығынан бастау алды. Соған сәйкес республика халқы мен аумағын апаттардан және дүлей зілзалалардан қорғау ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторларының бірі болып танылды. Мемлекеттік басқарудың бүкіл жүйесін қайта құру барысында 1995 жылғы 19 қазанда еліміздің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар және Азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орталық атқарушы орган ретінде – Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті (ТЖМК) құрылды. Сонан кейін ТЖМК Төтенше жағдайлар комитеті, одан кейін Төтенше жағдайлар агенттігі болып қайта құрылды. Елбасының тапсырмасы бойынша 2008 жылғы 22 қаңтардағы Қауіпсіздік кеңесі отырысында 2008-2009 жылдары ТЖМ жүйесінде әкімшілік реформа болып, ол орталық аппарат және облыстардағы дара басшылық рөлін үйлестіруді барынша күшейтіп, жаңа, функционалды ұтымды құрылым құруға мүмкіндік берді. Тәуелсіздік жылдарында бірқатар ірі жобалар ойдағыдай іске асырылды. Олардың арасында Алматының тау бөктеріндегі Медеу шатқалындағы сел бөгеті, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сырдария өзенінде су тасқынына қарсы Көксарай су реттегіші алғашқы кешенінің іске қосылуы, «Астана қаласын Есіл өзенінің тасқын суы басуынан қорғау» кешенінің жобалық қуатқа шығуы, Щучье-Бурабай курортты аймағында үш заманауи өрт сөндіру депосының және Астанада ТЖМ спорт кешені құрылысының пайдалануға берілуі ерекшелене түсті. Төтенше жағдайларда шұғыл медициналық ден қою жүйесіне түбегейлі өзгеріс енгізілді. «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-пен бірге «Денсаулық» және «Жәрдем» емдік-диагностикалық пойыздар жіберілді.

Бүгінгі күні өрт-құтқару бөлімшелердің техникалық қайта қарулануы бойынша белгілі нәтижелерге қол жеткізілді. Сонымен қатар, ТЖМ-ның ерекше мақтанышы – авиация. Дәл осы бөлімше қиын жерлерден азаматтарды көшіруде, қайырымдылық көмек жүгін жеткізуде халықаралық операцияларды жүргізеді.

Еліміздің ірі қалаларының биік ғимараттарындағы өрт кезінде өртті сөндіру және азаматтарды құтқару мәселелері біздің елімізде де жақын және алыс шетелдердегідей өрт қауіпсіздігі мәселелері құрылысты жобалау кезінде назарға алынады, олар өрттерді уақытылы аңғару мен сөндіруге, халықты қауіпсіз көшіруге бағытталған. Соның ішінде түтіндемейтін басқыш алаңы, түтінге қарсы қорғау жүйесі, көтергіш сорғымен іштегі өртке қарсы су құбыры, автоматты өрт дабылы және автоматты өрт сөндіру жүйесі бар. Сонымен қатар биік ғимараттар өрт бөлімшелері және өрт сөндіру құралдарын жоғарғы қабаттарға жеткізу үшін жеделсатымен жабдықталған.

2009 жылы Женевада 187 елдің қатысуымен өткен зілзалалар қаупін төмендету бойынша жаһандық платформаның 2-ші сессиясында зілзалалар қаупін төмендету бойынша қазақстандық платформа ең көп функционалды және тиімділердің бірі болып танылғаны төтенше жағдайларға ден қою саласындағы Қазақстан рөлінің артып келе жатқанын айғақтайды. Сөйтіп, соңғы жылдары республиканың өрт-құтқару бөлімшелерін инновациялық-техникалық қайта жарақтандырудың белгіленген нәтижелеріне қол жеткізілді. Қазіргі заманғы талаптарға сай келетін өрт сөндірудің жаңа және тиімді технологиялары енгізілді. Өртке қарсы қызметті қайта жарақтандыру іс-шараларының іске асырылуы жедел қызметтердің өрттерге және басқа төтенше жағдайларға ден қоюының ұтқырлығы мен жеделдігінің артуына алып келді, ол өз кезегінде өрттерді оқшаулау мен жою уақытын қысқартуға, олардың салдарынан адам және материалдық шығындарды төмендетуге мүмкіндік береді.

Тәуелсіздіктің қысқа тарихи мерзімінде Қазақстанның төтенше қызметі де елеулі дамуға қол жеткізді. Осыдан 29 жыл бұрын Министрлер кабинеті жанындағы комиссия түріндегі төтенше ведомствоның саны 4 адамды құрайтын. Бүгінде ТЖМ құрылымы өзінің толықтырылуы бойынша алғанда кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте оған теңесер мұндай құрылым жоқ. Министрлік құрамына табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі, Азаматтық қорғаныс, мемлекеттік материалдық резерв, апаттар медицинасы қызметі, құтқару авиациясы саласындағы маңызды мемлекеттік функциялар біріктірілген. Осы көп функционалды құрылым мемлекеттің азаматтары мен экономикалық әлеуетінің қазіргі заманғы табиғи және техногендік қауіптерден қорғалуын қамтамасыз етеді.

Белгілі болғандай, елімізде төтенше жағдайларды алдын алу және олардан қорғану шаралары лайықты деңгейде даму үстінде деп айтуға болады.

 

Д. АМАНЖОЛҰЛЫ,

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер