Қуат ХАМИТОВ: Мен ешкімді жаппай көтеріліске шақырмаймын

459

Әлеуметтік желіде халықты зорлық-зомбылыққа үгіттегені үшін айыпталған  Қуат Хамитов бостандыққа шықты, – деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

14 қыркүйек күні Polisia.kz Қуат Хамитовтың әлеуметтік желіде халықты зорлық-зомбылыққа шақырғаны үшін жауапқа тартылғанын хабарлаған болатын. Бұл факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 272-бабы, 3-бөлімі бойынша тіркелген.

ІІМ-нің ресми өкілі Нұрділдә Ораз да қаржы пирамидаларын тергеу ісіне байланысты өткен бүгінгі брифингте спортшының бұл әрекетіне қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылатыны жайлы мәлімдеді.

Жаппай тәртіпсіздікке және азаматтарға қатысты күш қолдануға шақыру, арандату үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе осы мерзімге бас бостандығын шектеуі мүмкін спортшының бүгін Instagram әлеуметтік желісінде видеоүндеуі жарияланды. Спортшы: «...Дезинфектор туралы тарап кеткен видеоға қатысты: ол видео қалжың ретінде түсірілген видео. Мен ешкімді жаппай көтіріліске шақырмаймын және ондай әрекет істемеңіздер», – деп ақталған.

Видеоүндеу жарияланғаннан кейін көп ұзамай спорт журналисі Серік Ноян Instagram парақшасында Қуат Хамитовтың бостандыққа шыққаны жайлы ақпар жеткізді. Әзірге атышулы спортшыға қатысты қылмыстық істің аяқталғандығы туралы ешбір дерек жоқ.

Естеріңізге сала кетсек, бұл Қуат Хамитовтің елдегі коронавирус инфекциясымен күрес шараларына қатысты тудырған бірінші дауы емес. Бұған дейін спортшы коронавирустың өтірік екендігін, сондай-ақ вирусқа қарсы вакцинаны депутаттар ең бірінші өз балаларына сынап көруі жайлы да жазба жариялап, сынға іліккен.

Фото ашық дереккөзден алынды

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер
Редакция таңдауы