Ауыл әкімін сайлау рулық тартысты күшейте ме?

1824

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл әкімдерін сайлау қажеттігін айтты.

– «Қоғамдық пікір сауалнамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Алайда, бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды. Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет», –  деді Президент Тоқаев өз Жолдауында.

Бірақ осы жерде бір нәрсені ескерген жөн. Ауыл әкімін сайлау Мәжіліс депутатын немесе «Нұр Отан» партиясына дауыс беру емес.  Ауыл әкімінің статусы ерекше. Ол халықтың дәл ортасында, елмен бірге тікелей жұмыс істейді.  Бұл – айрықша назар аударуды қажет ететін басқару жүйесі. Сондықтан Президент айтқандай, оны «жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн».

Ол үшін ең алдымен бұл жүйенің заңдық жағын реттеп алған тиімді. Нақты айтқанда жергілікті өзін-өзі басқару заңы керек. Аталған заңда ауыл әкімі қанша жылға сайланады, оның мерзімі де нақты көрсетілуі тиіс.  Олай болмаған жағдайда жергілікті жерде де кішігірім «бюрократ акимчиктер» пайда болады.

Рас, ауылдық жерде ағайынның бірлігі мықты. Рулық, туысқандық ынтымақ та күшті. Сондықтан алдымен ауыл әкіміне кім ұсынылады, мұны да жан -жақты  реттеп алған дұрыс. Қырық рудан тұратын ауылдар бар. Егер үміткерлердің арасында ағайынның бір адамы бар болса, әрине рулық мүдде рөль ойнап кететіні де жасырын емес.  Ауыл әкімін сайлаудың алғашқы жылдарында рас трайбалистік мүдде  басым болуы мүмкін. Содан кейін ғана барып, елдің көзі жеткеннен кейін ғана  ауыл әкімін қабілетіне,  белсенділігіне қарай  таңдау басталады.

Бірақ бұл кезеңнен біз өтуге тиіспіз. Бұл да – демократиялық сайлау. Сондықтан рушылдықтан қорқып, демократиялық сайлауды кейінге қалдыруға болмайды. Рулық емес,  елді ұлттық мүдде біріктіретінін халық да ақырындап түсіне бастайды. Сондықтан ауыл әкімін де сайлау керек. Бірақ кімді ұсынамыз, мәселе осында. Өйткені алдағы уақытта ауыл әкімінің өз бюджеті болады. Тек ойландыратыны, бюджеті бар әкім бюрократ болып кетпесе...

Бұл жерде «ағайынның емес, ауылдастың тайы озсын» деген қағидамен өмір сүріп, барша жұрттың ауылды көркейтуге үлес қосқаны абзал. Сонда ғана ел көгереді. Ынтымақ артады. Ендеше рудың емес, ауылдың, ауылдастың жағдайын ойлайық.

 

Еркін ҚАЛДАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket