Ең қызық ескі фильмдер

9292
Adyrna.kz Telegram

 

 

Ескі киноларды кермек сағынышпен еске аласыз ба? Құлыпқа сүйіктіңізбен қол ұстасып барып, фильмді көріп, қарық-қарық күлген уайымсыз кездеріңізді аңсайсыз ба?.. Ендеше қазақ киносының алтын қорына енген фильмдерге сіз бен біз бірге саяхаттайық!

«Жалғыз басты еркектің күні құрысын! Қасында шешесі, ең құрығанда бір шүйкебасы болуы керек!»

Жоғарыдағы Тана шешейдің сөздері есіңізде болар?! Жалғыз ұлының бойдақтық өміріне балта шапқысы келген ана Қыздар институтының жатақханасынан да, балет театрынан да тіптен автобустан да қыз іздеу процессіне кірісіп кетеді. Ал Тайлақ «Сендей шеше бүкіл жер бетінде жоқ» десе де, анасының қарсылығына қарамай, өз сүйіктісі Айшаға қосылуға асығады. Тана шешейдің қарсылық білдіруінің басты себебі Айша кезінде Танамен сөз байласып, кейін сөзінен тайқып шыққан (атының өзі айтып тұрғандай) Тайырдың туған қызы болып шыққан.

Айтпақшы, фильмдегі әндерді айтсаңызшы..

«Ғашығымдай сүйем сені..

Арманымдай адал,

Алатаудай көрем сені,

Гүл Алматым..Гүл Алматым..» деп басталатын кинодағы әсем әуен де, көлдей көңіл де, Алматының бұрынғы көрінісі де өткен күндерімізге саяхат жасағандай әсер қалдырады.

Ал Қыздар институтында «Біздің Арамыздағы бір қызды Мәскеуге симпозиумға жіберуіміз керек. Өздерің білесіңдер, оған кім көрінгенді жіберуге болмайды» деп коммендаттың алдап тұрғанын сезіп қойғанын қыздар аяқ-киімдерін лақтырып жіберіп, «Ты куда, Одиссей» әніне билей жөнелетіні естеріңізде ме? Білемін, бұл да сәл жымиып еске алар сәт боп қалды...

«Тақиялы періштегідей» өмірді, бұрынғы Алматыны аңсасаңыз, сілтеме арқылы тағы бір мәрте көріп алуыңызға болады.

 

Жеңгесіне ғашық болған қара бала..

«Апо-о-оу, апатайым менің!» деп апасының белінен бас салатын «қара баланы» танитындарыңыз бар ма?

Танымасаңыздар таныстырайын. Қара бала – көмек сұраған жеңгелеріне «сендердің немене малайларың дейсің бе?» деп тас төбеден бір қоятын бала. Қара бала–үлкендеу болса да Балғын есімді жеңгесіне ғашық болған бала. Қара бала–апасы көрші қызға «келін болуға әбден лайық» деп сүйсініп тұрғанда «қап-қара ғой» деп менсінбеген бала. Қара бала–қатындардың бәрі менен ән сұрасын деген бала. «Қара бала» фильмі Бейімбет Майлиннің «Қара бала» шығармасының желісімен түсірілген. Ендеше көргіңіз келсе төмендегі сілтемеден өтіңіз.

 

«Ақ бұзауым мен сені қуамын, сен Жанардың үйіне қаш»

 

Кітапханаға «қант аламын» деп кезексіз кіріп, кітап алып шыққан Қожадан мұғалім «қай сыныпта оқисың, атың кім?» дегенде «он үшінші сыныпта оқимын, атым Чинга-Чкук» дегені естеріңізде ме?! Иә, иә ендігі фильміміз «Менің атым Қожа» туралы болмақ. Фильм Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повестінің желісімен түсірілген. Фильмге өткен ғасырдың елуінші жылдарындағы қазақ ауылының өмірі арқау болған. Басты кейіпкері Қожа ақылды, сонымен бірге бұзық, әкесіз өскен бала. Фильм барысында Қожа ғашық та болады, төбелеседі де, бұзықтық та жасайды, сабақтан да қуылады, жиналыста тәртібі қаралады, мектептен қуылуға шақ қалады. Ал мұғалімдер Рахманов мен Майқановалар нағыз педагогиканың озық үлгісін көрсеткен мамандар еді. Қожа болса тәртіпсіздіктерге кейде саналы түрде, кейде білместікпен барады. Мұғалімдер «Сабақтан қашқан кім-Қожа.Сөмкеге бақа салып қойған кім-Қожа. Мақтаншақ кім-Қожа. Мектеп тәжірибесіне бармаған тағы да Қожа» деп ренжитін. Дегенмен Қожа жаман бала емес еді..

Қожаны сағынсаңыз төмендегі сілтемеден өтіңіз.

-Мен Алдармын, Алдармын,

Сақалымды талдармын.

Сақал түгіл мұрт та жоқ,

Шайтанды да алдадым – деген әнді талай естіген боларсыз..

Сөзге шешен ақыныңды да алдайтын, жас қызды шалдың құрығынан алып қалатын, бұлақтың суын Меккенің суы деп беретін Алдар көсе талай жанды алдаса да, әділеттілік үшін күресетін еді.  Қай ауылға барсаң да, Алдардың есімі ел аузынан түспейді. Езуіңізге күлкі үйіретін фильмді көруге кеңес береміз.

 

 

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА,

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер