Күндізгі қоғамдық стационар жобасы covid-19 дертін тегін емдеуді бастайды

2331
Adyrna.kz Telegram

Кәсіпкер Ерлан Нұрпейісовтің бастамасымен бір топ азамат шілде айының 11-нен бастап COVID-19 вирусымен инфекцияланған науқастарды тегін емдеу мақсатында Күндізгі қоғамдық стационар ашуды қолға алған болатын. КҚС жобасының негізгі мақсаты мен ұйымдастыру жұмыстары туралы біз бұған дейін таныстырған едік . Қазіргі кезде жоба ұйымдастырушыларының табанды еңбегінің арқасында бұл іс бір ізге түсіп, апта соңынан бастап науқастарды тегін емдей бастамақ.

Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша жоба бастапқыда бюрократиялық шешімдердің ықпалынан біршама кедергіге ұшырап, тығырыққа тірелген. Яғни, науқастар қабылдайтын стационар ашу үшін арнайы лицензия алу талабы міндеттелген. Бірақ жағдай ушығып, халық ем-домға зәру шақта лицензия алуға ұзақ уақыт пен күш кететіндіктен, ұйымдастырушы азаматтар көп ұзамай-ақ бұл мәселенің  шешімін тапты. Жоба жетекшілері неғұрлым індеттің ушығып тұрған аймағының бірі Алматы қаласында КҚС-ды ашып, тұрғындарға тезірек көмек беру мақсатында Шаңырақ ықшамауданындағы «Талант» клиникасымен келіссөздер жүргізді. Ендігі кезекте, жобаны ресми түрде бекіту  мәселелері шешімін тапқан соң, жоба тегін емдеу қызметін көрсетуді бастайды.

Жоба аясында:

  1. COVID-19 вирусын жұқтырған тұрғындар тегін емделеді;
  2. Науқастар тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі;
  3. Науқастар тегін анализ тапсыра алатын болады;
  4. Науқастар тегін рентгенге түсіріледі;
  5. Жағдайы келмейтін науқастар клиникаға тегін тасымалданады, - деп хабарлады жоба ұйымдастырушыларының бірі Нұраддин Садықов Facebook парақшасында.

Сондай-ақ ол еліміздегі жағдайға байланысты: «...Соңғы күндері жер-жерден «жағдай тұрақталды, ковид ауыздықтала бастады» дегенге саятын пікірлер жазыла бастады. Меніңше, бұл – қазіргі үкімет мүшелерінің көзжұмбай статистикасы. Жағдай әлі күнге өте қиын жағдайда. Әлі күнге аурулар еселеп артып, ауруханаларда орын мен дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшы. Сондықтан, бізге арқаны кеңге салуға әлі ерте,» - деп пікір білдірді.

Айта кетейік, КҚС жобасы Алматы қаласында жүзеге асқан соң әріқарай басқа облыстар мен аудандарда да ашылатын болады. Осы орайда жоба бастамашылары өзге аймақтағы азаматтардан ел игілігі үшін осы істі жалғастыруын  сұрайды. Ынталы азаматтар табылса, КҚС жобасын ұйымдастырушылар кеңес беріп, қолдауға әзір.

 

Жобаға қолдау білдірем десеңіз:

 

«КРАСИВЫЕ ДЕТИ КАЗАХСТАНА» қоры

БСН 080 740 007 650

Заңды мекен-жайы: Алматы қаласы, Медеу ауданы, Самал-3 шағын ауданы, 1 үй

Президент: НҰРПЕЙІСОВА Гүлшат Айтбайқызы

Банк деректері:

БИК: IRTYKZKA

ИИК: KZ7796502F0008690340

 KБe 17

 

Қорға түскен барлық қаражат туралы жоба ұйымдастырушылары есеп береді.

Айжан Құрманбай,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер