Қазіргі қазақ әндерінің жай – күйі қандай?

7457
Adyrna.kz Telegram

 Қазақ халқының ән өнері ерте кезеңнен бері қалыптасып, дамып, тұрақты орныққан асыл қазына. Ежелгі фольклор саласындағы музыканың бір бөлігін құрайды. Ән өнері адамзаттың іңгалап туғанынан бастап өмірден өткенінен дейін құлағында сақталатын дыбысы. Осы орайда Абайдың өзі:

«Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнынан кірер денең», - деп бекер айтпаса керек. Ән  - халықтың ұлттық мұрасы. Ән ұлттың ежелден қалыптасқан сарынды да сазды үні. Әннің өзі ішінен ұлттық өнерге қарай негізделіп, әр ұлттың болмысына сай қалыптасып, орын алады. Ән өнері ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырады. Оның дәлелі халық әндерінің ауыздан-ауызға таралып, одан бөлек нотаға түскен әндердің жинақталуы осының көрінісі. Осы орайда бүгінгі таңдағы өнертанушылар қазақ халық әндерінің ұмыт болмауы жолында жұмыс жасауда.

Тұтастай алар болсақ, ұлттық өнер, ұлттық дүние дегеніміз мынадай элементтерден тұрады: ән өнері; күй өнері; бейнелеу өнері; сәндік қолданбалы өнер;  театр өнері; кино өнері және т.б. Қазақ халқының ұлт болып қалыптасу кезеңінде өзіне тән ән дәстүрі дүниеге келді. Соның нәтижесінде бай музыкалық мұрасы жасалды, мәдениеті қалыптасты. Қазақ әнінде халық өнерінің әр кезеңіндегі тыныс-тіршілігі, бітім-болмысы, заман үні көркем көрініс тапқан. Халқымыздың бізге жеткен ән-жыр нұсқаларының көпшілігі қазақ дәстүрлі ән өнерінің көшбасшылары, ақын Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, үкілі Ыбырай және т.б. дарын иелерінің мұралары болып табылады. Дарқан даланы той-думанға бөлеген әнші әрі жыршы, ақын әрі батыр қазақ халқының «Ән – көңілдің ажары» деген нақыл сөзі бар. Адам көңілінің әр сәтін ән ноталары арқылы небір әшекей-өрнектермен әсем безендіріп, нанымды суреттелгеніне бізге жеткен халқымыздың бай ән мұрасының кез келгені мысал бола алады. Әдебиеттің, музыканың, театрдың бастауы болып табылатын фольклор өнердегі, көркемөнер шығармашылығындағы өзіндік орнын ешқашан жоғалтпақ емес. Әрбір халықтың фольклоры ұлттық өнер шеңберінде өзіндік және этникалық өзгешелігінің айқындығымен, аумақтық және жергілікті стильдік үлгілерінің молдығымен ерекшеленеді. Қалың көпшіліктің көзқарасын, этностардың әлеуметтік-эстетикалық арман-мұраты мен моральдарының идеялық мазмұнының ұқсастығын білдіре отырып, фольклор барлық ұлттың, халықтардың эстетикалық мәдениетін қалыптастырудың маңызды құралы болып табылады.

Қазақ халқының тарихында күрделі орын алған үлкенді-кішілі оқиғалардың қай-қайсысы болса да халық әнінің мазмұнынанкөрініс тапқан. Халық әндерінің өміршеңдігі де осындай қасиетінде. Әрине, Абай айтқандай: «Әннің де естісі бар, есері бар». Мирасқоры біз болған ән дүниесі халықтың өткен тарихының куәгері саналарлық «есті ән». Мұнда көне заман шындығын шертетін көп деректер мен бірге халық басынан өткерген тарих көшінің де тізбегі секілді мол мағлұматқа кенелетін жайлар бар. Ән –сан ғасырлық тарихы бар, талай-талай ұрпақтан өткен жол-жөнекей жөнделіп, өңделіп, жаңарып бізге жеткен жанр. Ғасырлар елегінен өткен әндер айшықтана, әрленіп музыкалық өнердің інжуіне, асыл қазынасына айнала берген.Кез келген ұлттың өзіндік кескін-келбеті мен болмыс-бітімін айқындайтын ұғымды оның өзіне тән ұлттық мәдениеті дейтін болсақ, қазақ мәдениетіндегі ән өнерінің алар орны ерекше. Данышпан Абайдың “Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең” деген сөздері қазақ өмірінің бүкіл тыныс-тіршілігі өлеңмен өрнектелетінін айқын көрсетеді. Біз бұл өлең жолдарын жоғарыда айтып өттік.  Шындығында сәби дүниеге келгенде “бесік жырымен” әлдилеп қарсы алып, адам дүниеден өткенде “жоқтау” айтып шығарып саламыз. Сонау ғасырлар қойнауынан басталатын осы тамаша дәстүр әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Бүгінгі күн жастарының тойы да “жар-жар”, “беташармен” өтетіні ата-баба салтына адалдықтың айқын көрінісі іспеттес. Орыстың тамаша ғалымы Г.Потаниннің “Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді” деген сөзі қазақ тұрмысының осындай даралығынан туған тұжырым болса керек.

Ол мәдени мұра, тарихи-рухани құндылық, халықтық салт-дәстүрлер, дәстүрлі халық ән өнері түсініктерімен тығыз байланысты болғандықтан, оның ерекшеліктері мен табиғаты қай кезде де халық жанына жақын болған. Халықтың музыкалық шығармашылығы әр халықтың рухани мәдениетінің басты құрамдас бөлігі болып табылады. Сонымен қатар, қазақ әнінің өзіндік тағы бір ерекшелігі, ұрпақтан-ұрпаққа, аймақтан-аймаққа тарай отырып, ауызша үйретіліп, дәстүрлі түрде орындалып, орындаушы өнерпаздардың орындау барысында, шабыттана отырып шығарманың кейбір жерлеріне өз өзгерістерін жасап отыруы жиі кездеседі. Қазақ халқы ежелден әншілік өнерімен ерекшеленген. Ұлттық дәстүрлі музыка қорымыздағы ең көп сақталғаны да осы – ән өнері. Өмірдің әр құбылысын әнге қосып, өз шежіресін әнмен жазған халқымызда шығарушысы ұмытылса да, мәтіні мен әуезі ел жадында сақталып келе жатқан бірнеше мың халық әндері бар. Кезінде композитор, музыкатанушы Хасен Қожа-Ахмет «Қазақ әндері қалай космополиттанды?» деген мақала жазып, генетикалық жадымызға жат ырғақтардың жаппай етек алуын тайға басқан таңбадай көрсете отырып, «бұл жағдайымызды түзеуге кіріспей ренжіп, бүлінген күйі бүк түсіп жата беру, түбі, қазақты ұлттық суицидке әкелетіні анық» деп жазған еді. Онда мұндай жат музыканың ұлттық сөйлеу құрылымы мен ырғағын да танымастай өзгертетінін дәйекті дәлелмен шегелеп тұрып айтқан. Бүгін біз сол тұсқа да кеп қалғандаймыз. Кешегі мен бүгінгі әннің сөзі сазын қоса талдап, оның адам жанына, ойлау жүйесіне әсерін ғылыми түрде жіліктеп тұрып алдыға тартар арнаулы еңбектер көптеп жазылса, осы айтып отырған ойымыздың ақиқатына көп адамның көзі жетері еді...

Ең бір өкініштісі, классикалық ән мен күйді қалай айтқысы келсе, қалай тартқысы келсе солай тартып оның әуелгі табиғатынан мүлде алыстатып жүрген өз өнерпаздарымызды ұлттық өнердің насихатшысы ретінде танитын болдық.

Қазақ сөзінің көзге алдымен түсер бір ерекшелігі – астарлылығы. Ол қасиет қарсы жақтың да сол астарды қапысыз түсінуі себепті, тіпті де жетіле түскен. «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деңгейі ұлттың ойлау жүйесінің ұшқыр, бойындағы сөз қуатының күшті, түйсіктің соншалықты сезімталдығын көрсетеді. Қазақтың классикалық әндерінің қай-қайсысын алсаңыз да жалаңаш мәтін жоқ. Сөздердің мәні адам бойындағы небір қалтарыс, бұлтарыс сана сезіміне соқпай өтпейді. Бұл сөздер сол сезім түйсіктерді үнемі шынықтырып, жетілдіріп отырады. Осыдан адамның ойлау жүйесі (формасы) қалыптасады. Ол форма – өте алуан қырлы, сан тараулы, кез келген жерден өзге мағынада ойлап үлгеретін, тұйыққа тірелмей шығар жол таба білетін әмбебап ойлау формасы. Енді мұнан үлкен мәселе туындайды. Қараңыз!

«Адам жол таппай адаспайды, ой таппай адасады» дейді атақты жырау Алмас Алматов. Ой тұйыққа тіреліп шығар жол таппағанда адам өзін өлімге тірейді екен. Физиканың заңдылығы бойынша электр жүйесінен шығатын өрттің екі сымның қысқа тұйықталуынан болатын секілді, адамның өзін өлімге итермелеуі сол ойдың тұйықталуынан болатыны туралы ғалымдар көптеген зерттеулер нәтижесінде тұжырымдамалар жасаған. Мұндайда, біздің қоғамда кейінгі уақытта қаншама өрімдей жастардың өмірінің қыршынынан қиылып кетіп жатуына бүгінгі жалаң сөз, жалған ырғаққа құрылған есер әндердің де кесірі жоқ деп айта аламыз ба?

«Сен мені іздеме», «аққайыңның түбінде жігіт пен қыз кездесті», «не деген бітпейді, айтпашы өкпеңді, саған не жетпейді?», «қателіктерімді менің түсіне алсаң кешір» деген секілді тақырға түскен тарыдай тақылдаған сөздер жастар жанын жалаңаштап, адами сезімдерін семдіріп, түйсіктерін тұмшалап жатқанын байқай алдық па? Түзу барып түзу келетін жол секілді қатып қалған сөздер олардың санасын бір мәселеге тап келгенде еркін ойлай алмайтын, келесі бір жағынан шығар жол тауып кете алмайтын, өмірдің иірім-қайырымына икемсіз, қауқарсыз күйге түсіруде. Ал, біз қызығып айта беретін аталарымыздың ірі мінезі, кең кісілігі, қандайда бір жағдайға тап келгенде аспай-саспай айналып өтер жол табар ерекшелігінің бір себебі өздерінің әндеріндей астарлы, кең, еркін ойлау жүйесін қалыптастырған қазақы сөздің табиғатында жатқан жоқ па? Бұл әннің сөзіне байланысты жағы ғана. Оның арғы жағындағы қара өлең, әуеннің әңгімесі бөлек...

Ендеше біз де жоғарыдағы пікірге сүйене отырып,  бүгінгі әндердің тілдік бірліктерін, қолданыс ерекшеліктерін саралай отырып, прагматикасына, стильдік мағынасы мен коннотациясына, жалпылама алғанда прагмастилистикасын қарастырып көрейік.

Қазіргі қазақ тіліндегі ән тақырыптарының қайталамалар арқылы жасалуына «Опмай-опмай», «Зың-зың», «Биле-биле»,  «Пия,пия», жатқызуға болады.  Бұл әндер тақырыптық олқылыққа ғана емес, сол олқылықтың ішінде іннің мазмұны жағынан да ақсап тұр. Мән мен мағына, ұғым мен концепт деген дүниелерді ажырату былай тұрсын, ұйқастың құрылуында деконструкциялық қателіктер өте көп. Ендеше ән мәтініне талдау жасап көрейік:

«Опмай-опмай, опмай-опмай,

Мыналарың қайтеді?.

Ал біреулер Астанада жоқ дейді

Ал біреулер Алматыда бар дейді

Шымкенттің қыздары «зың» дейді

Ақтөбенің қыздары «дың» дейді»- осы жолдардан тек ұйқас қуудағы мазмұн мен көшірме дәстүрді көре аламыз. Көшірме дәстүр дейтін себебіміз, өлеңнің әр тармағындағы жолдың өзі қазіргі әуендердің әр жолының құрандысы. Біз жаргон сөз немесе дисфемизмдік қатарға «зың және дың» сөздерін жатқыза алмаймыз. Әуеннің ырғағына сай ән мәтінінің жеңіл болуы да заңды құбылыс. Десе де стилистикалық мағына бере алмайтынын ескеру керек. Ал осы «Опмай-опмай» әнінің стилистикалық әсер берудегі ықпалы ше? Әннің ақпарат болып таралғанына 5 айдан асты. Ютуб желісіндегі Көрсетілім тұрғысынан 38 миллион қаралым жинаған. Бұл Қазақстан халқының екі есе көрсеткіші. Демек ғаламтор тарамаған аймақтарды есептемегенде әр қазақстандық 7 рет қарап шыққан деген статистиканы көрсетеді. Әннің тыңдарманы осыншалықты көп болуына қарай шыққанына жыл болмаса да бұл ән ғаламторда танымал әндердің қатарында. Әзіл ән есебінде жазылды дегеннің өзіне жанрлық ерекшелікке сай «поп-фолк»  бағытын берген. Поптың талаптарына сай келгенімен фолк, яғни фольклорлық туынды болуына не себеп?! Бір сөйлемнің мәтін ішінде 5 рет қайталануы әннің стилистикалық нормасын бұзатыны белгілі. Бұл әннің прагмалингвистикада конверсациялық жолы ғана жұрт назарын еліткені белгілі. Сөйлеу актісіне сай, этикалық нормадан ауытқу барысында, жастардың ми қабаттарына эмоция сыйлау барысында ғана жүзеге асқан.

Ақ футболка, жынды ашки (очки)
Менің «приорам» как с фильма «Тачки»
Қалтамда бар «2 Лесбухи»
«MP3 плеер», «сағыз-фрути».
Біз жылжимыз, қаңғырамыз
Қарасам тұр алдымда қыз
- Вашей маме зять не нужен? 
Приглашу в донерку тебя на ужин
А так то мен «простой» емеспін
Конкретно тебе выкатил как Элвис Прэсли

Жастар арасындағы жаргон, диалект сөздердің басын біріктіре отырып, жай ғана жеңіл ұйқасқа, жеңіл әзілге құрылған осындай әндер де тыңдарманның назарын өзіне аудартып, танымал болып жүр.

Құдаларым билеп отыр дейді

Құдашалар билеп отыр дейді

Нағашы жұрт билеп отыр дейді

Құдағиым билемейді дейді

Ал класстастар қайда?

Чип,чип,чип магдалена қайда?

Кейбір жігіт аспанға қарап жұлдыз санай ма?!

Менімен биле дейді, бұл «дискотека» дейді

Денеңді бос ұста дейді, из девяноста дейді

Ал жетпіс тоғыздар қайда

Әннің әр тармағы мәнсіз, себебі, әр тармағы жекелей бір әннің сөзі емес, бірнеше автордың тармақтық байланыстарынан құрылған. Стилистикалық нормалар  өзінің табиғи тілдік құрылымның заңдылықтарының аясынан шығып кетеді. Мысалы: «инверсия»  тәсілін алар болсақ, сөйлем мүшелерінің табиғи заңдылық орналасу тәртібін бұзады, соған қарамастан стилистикалық өрнектілік  мазмұнын құра отырып, стилистикалық нормаға айнала алады.  «Опмай-опмай»  әнінде стилистикалық норманың стильдер қатарында да, жанр қатарында да  сәйкессіздігін аңғара отырып, оның тұрақты орны жоқ екенін айта аламыз. Сонымен қатар бұл әнде фоникалық амал-тәсілдерде өте көп. Дыбыстың желініп қалуы, дыбыстың ауызекі орфоэпияға сай айтылуы, етістік пен зат есімнің орын алмастыру ерекшеліктері, сөздік қорда жоқ, дыбыстардың біркелкілігін бұзатын дыбыстық тармақтар да орын алған. Соған сай ән мәтінінде әлемнің обьективті көрінісін баяндайтын шындық әрі жасандылық критерийлеріне тән метафора, адам санасында жиі ассоциацияланып тұратын стилистикалық фреймдер – теңеу, анықтық-сапалық ұғымды анықтайтын эпитет, эмоционалды-экспрессивтілігімен айрықша мәнге ие ФТ, прагматикалық актінің күрделі үдерісін  жеңілдететін дайын сөз орамдарының стилистикалық әсері мүлдем жоқ. Әннің ішінде репликалық қайталамалар  тақырыптың шеңберінде ғана емес, ән қайырмасында да түпсанаға жылдам орнығу мақсатында көп қолданылған.

Қазіргі қазақ әндерінің стилистикалық бояуға қанықтығы, ақындардың стиль түзуші прагматикалық факторларды дұрыс қолдана алуы, сөз этикасы мен сөз концептісі, сөз бен сөздің дұрым қарым-қатынас құра алуы жолындағы прагмастилистиканың зерттеу обьектісін саралай отырып, ән мәтіндерін жазатын ақындардың ерекшелігі ‒ сөз қолданысында, көркемдігінде екендігіне баса назар аудару керек. Кез келген ән авторының  қаламгерлік дағдысында ерекше баяндау формасы болатыны белгілі.   Әндерді музыкалық тұрғыдан емес, мәтін тұрғысынан қарастырып, қазіргі әндердің классификациясы мен ішкі дифференциациясын зерделеп, ән мәтіндерінің ішкі құрылымдық ерекшеліктерін анықтап, мәтін өрісіндегі стилистикалық мүмкіндіктерді қарастыру біздің басты міндеттеріміз болу керек. Прагмастилистиканың зерттеу әдістемесі, ғылыми-теориялық негіздері, прагмастилистиканың қалыптасу деректері мен ән мәтіндерінің, соның ішінде қазіргі қазақ әндерінің когнитивті-ассоциациялық, эстетика-стилистикалық, коммуникативті-прагматикалық қызметтерін әлде де ашып зерттеу керек.

Қорыта айтқанда қазақ әндерін текстологиялық  тұрғыдан арнайы түрде зерттеп, әр әннің тұрақты мәтінін анықтау қажет. Олай  болмаған жағдайда әркім әртүрлі сөз қолданып, әндердің мазмұны эмоциялық күші әлсірейді, ал бұл әннің құдіретін азайтады. Қазіргі шақта жүріп жатқан музыка саласындағы үдеріс пен үрдістер ұлттық әніміздің әуеніне ғана емес, мәтініне де мұқият  болуды міндеттейді. Әр әннің мәтінін тарихи тұрғыда зерттеп, әр дәуірдің өзіне тән сөзі мен сөз саптауын  анықтау және оны орнымен қолдану  қажет. Сонда біз әннің, оның сөзінің қай дәуірде туғанын, оның қалай дамып, қаншалықты өзгеріске түскенін білуге қол жеткіземіз.

 

Данат Жанатаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, философия ғылымдарының кандиданты

Оңғарбаева Камшат,Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология және әлем тілдері факультетінің магистранты

 

 

 

Пікірлер