Ұлыттың рухани келбеті

5737
Adyrna.kz Telegram

-
ҰЛЫТТЫҢ РУХАНИ КЕЛБЕТI

Бiз кәзiргi жазу үлгiмiздi қазақша дегенмен кирилше таңбаның аурасынан шыға алмай, санамыздың бiр шетiнде өгейсiнiп тұрамыз. Латын алфавитiн қолдансақ та жазуымыз ана тiлiнде болғанмен әрiп кескiнi өзгенiкi екенi бiзге таңба табиғатына дендеп үңiлiп, iңкәр сезiмiмiз бен құштар көңiлiмiздi толқытпайды. Оның себебi белгiлi, түбi бiзге еш қатысы жоқтығын түйсiнгендiктен сөздi бейнелейтiн суретi туралы ойлау миымызға мүлдем кiрiп-шықпайды. Сосын, әлiпбидiң сыртқы пiшiнi мен iшкi мазмұн астарында сәйкестiк, тұтастық болатынын ұмытып, тек дыбыс мағынасын белгiлеу үшiн алынатын жиынтық шартты белгi ретiнде ғана қабылдаймыз. Ал, егер төлтума руника жазуымызды қоғамдық өмiрдiң барлық саласында қатынас құралына айналдырсақ, әрбiр дыбысты жеке-дара әлiптейтiн таңбаның тұрқына қарап биологиялық сөйлеу тiлi мен графикалық нұсқасының бағзы төрүк дүниетанымын тереңiрек игеруге мүмкiндiк өзiнен-өзi туар едi. Ең бастысы табиғи тiл мен оның уәжделген сызбасы арасындағы мызғымас үндестiктiң заңдылығы көшпелiлер әлемiнен, ата-бабамыздың бiзге беймәлiм қадым замандағы құпия сыр-сипатынан мәлiмет алуға итермелейтiн iшкi қызығушылық инстинктi оятады. Байырғы төрүк руникасының графикалық конструкциясынан хабары жоқ лингвистiң қазақ тiлiне байланысты зерттеулерде өрескел қатеге ұрынып, сөздiң қарапайым этимологиясын анықтауда адасатыны сондықтан.
Ежелгi төрүк руна жазуының жетiлгендiгi сондай, жарық дүниенi тарының қауызына сыйғызғандай геометриялық конфигурациясы, дизайндық көркемдiгi, симметриялық өлшемi, дыбыстық, графикалық үйлесiмi ерекше жүйелi концепцияға құрылған. Теңрiнiң сыйға тартқан жазуы – ойлау қабiлетiн шынықтырып, шыңдайтын, iзгiлiк пен даналыққа баулитын, тағлымы айырықша таңбатану iлiмiне негiзделген. Осы идеологияның талаптары бойынша төрүк ұлысының ортақ мүддесi үшiн жақсысы мен жайсаңдары дүйiм елдiң алдында өздерiнiң ақыл-парасаты мен қабiлет өресiнiң деңгейiн әдiл сыннан өткiзiп, соған лайық қоғамдағы орны мен қызметiн айқындайтын ру-тайпалық, этникалық таңба белгiлерге [ордендерге] иелiк еткен.
Жә.., одан берi дала төсiнде талай-талай дүбiрге толы уақиғалар өтiп, қилы-қилы қағандық алмасып, сан мәрте мемлекеттiк құрылыстың сапалық пiшiнi мен жүйесi өзгерiп, билiк тiзгiнi ауысты. Отанға төнген қауiп-қатерде, нәубет пен зұлматтарда шейiт кеткен, «қорған болам» деп құрбандыққа шалынған, нақақ жаламен жер-көкке сиғызбай, қуғын-сүргiнге ұшыраған алты алаштың ардақтаған небiр еңiреген ержүрек, дауылпаз ұлдары мен зиялы перзенттерiнiң қаны мен терi төгiлдi. Сан ғасырларға созылған қалыптасқан тарихи жағдай бабатөрүктiң дiни сенiмi мен төлтума жазуынан айырды, сонымен бiрге рухани жады өшу мен дәстүр жалғастығының тiнi үзiлiп, саяси тұтастығына сызат түстi. Бүгiнгi төрүктану ғылымында ежелгi руника жазуындағы ескерткiштерден гөрi орта ғасырдағы мұраның мәнiн жоғары қою тенденциясы – арғы түп тамырымыздан қиылып, едәуiр ажырап қалған таным бiлiгiмiздiң өте таяздығы. Амал не, бұл ұлыттың асылын бағалаудың бағына бiткен тектiлiгi – мәрттiк мiнез-құлқын дұрыс ұстай алмауының тигiзген салдары. Кез келген ойды образға айналдырып, қасиетi, сапасы, сипаты сынды белгiлерiн ұғындырып, көңiл сарайына бар болмыс-бояуы, күллi нәзiк иiрiмдерiмен қондыратын – сөз, ал, сол тiрi сөз ләмiн кодификациялау графикалық суретпен айшықталады. Өкiнiштiсi, сол төлтума жазу таңбаларынан төрүк атаулының дуалап қойғандай безiнуi – ғасырлар бойы жұғысты болған жат жұрттық идеологияның дертiнен әлi құлантаза арылмағандығының нышаны. «Құдайдың бергенiн шайтан қызғанады», – деу де гәп бар. Өйткенi жазу атаулының iшiнде «Көк Теңрiнiң тұрпатын тiрi пенденiң көз алдына елестете алатын таңба мүмкiндiгiнiң тылсым жұмбағы» (Т.Досанов. Об ошибках в переводе памятника Куль-тегину. «Мегаполис», N24(134), 19 июня 2003) – ежелгi төрүк руникасының қаншалықты құдiреттi екендiгiн дәлелдеп тұр емес пе?! Демек, бұл «Теңрiнiң адамзатқа берген бiрiншi жазу үлгiсi боларға керек» деген қисынды жоққа шығармайды.
«…Жер үстiнде жоқ
Iрiлiк неткен!
Жазуларын –
Қара тастарға
Сiңiрiп кеткен…» (Темiрхан Медетбек. Көк түрiктер сарыны. А., 2002, 242-б.) – деген өлең өрiмi бабаларымыздың ғажайып жасампаздық өнерiнiң нағыз кәсiби шеберлiк машығын дөп басып, көңiл пернемiздiң сиқыр қылын ерiксiз шерткiзедi. Әсiлi, кеңiстiк пен уақыт аралығындағы оқиға мен құбылыстың мән-жайынан толымды ақпараттандыру мақсатында, құнды деректiң iз-түзсiз жоғалып кетуiнен сақтанып, тас, қыш, сүйек, ағаш, асыл метал, терi, қағаз бетiне түсiрiп алу – бағзыдан жеткен трансформаторлық әдiс. Сол арқылы салыстырмалы түрде тiл байлығын, сөздiк қорын шамалап, ой құнарының қуатын топшылауға әбден болады.
Тiлiмiздегi ой – 1.ақыл, ес; 2.бiр нәрсеге оймыштап таңбалау, бедерлеу деген көп мағыналы атаудан ою туған. Яғни, ой мен ою ұғымының iштей функционалдық қызметi мен семантикалық мағынасында сабақтастық бар. Көшпелi қазақтың тұрмысындағы сакралдық мәнге ие құтханасы – киiз үйге әсемдiк көрiк беретiн ою-өрнектермен безендiрiлген басқұр, жел бау, аяқ бау, кiлем, алаша сияқты тұтынатын бұйымдарына тоқылған руникалық нақыш әдемi әшекейленiп, көрген жанның эстетикалық талғамын, сұлулыққа құштарлық танымын тәрбиелеп, қиялын ұштайтын, ұлыттық идеяны бойға шым-шымдап дарытатын стилизацияға түскен жазудың бiр парасы.
Ежелгi төрүк руника жазуының бiр ерекшелiгi – графикалық кескiнiнiң орналасу қалпын өзгертсе, йероглифтiң мағыналық мазмұны да қоса өзгередi. Мысалы: вертикал күйiнде, тiке тұрғанда [Б], егер жантайған, яки горизонталды қалыпта [М] әрiптiк мағынасын бiлдiредi. Немесе , [К] таңбасы сөз iшiнде дәл осы қайқиған кейпiн сақтап қолданылады, айталық, пiшiн бiтiмi өзгерген түрлерде жұмсалса, әрiптiң өзiне тән бiлдiретiн дыбыстық мағынасын жояды.
ТМД аумағында, бұрынғы кеңес одағы құрамына енген республикалар арасында Қазақстанның экономикалық iлгерi озған аз-маз артықшылығы болса, ол ата-бабаның мирас қып қалдырған ұлан-ғайыр жер қойнауындағы қазба байлық шикiзат өнiмдерiн шетелдiк компанияларға игертуге берiп, онан түсетiн пайданың болмашы пайызының нәтижесiнде қол жетiп отыр. Бәлкiм, данагөй абыздардың «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деген сөзi осындайдан қалған. Ал, сол ұлыттың уызданып, емiп аяқтанған рухани қорегi – ежелгi жазу мәдениетiне көрсеткен құрметiмiз шамалы. Елiмiздiң бас қаласы Астана мен Алматы көшелерiндегi сыңсыған ағылшын, орыс, қытай, т.т. жазу үлгiлерiнiң арасынан қазақтың төлтума руникасымен түрленген жазуына орын тимеуi ненi бiлдiредi!? Демек, бабалар әруағына шынайы құрметтiң жоқтығын көзге шұқып көрсетедi. Бұл саяси тәуелсiздiгiн алды дегенi болмаса, Қазақстанда мерейi үстем ағылшын, орыс, қытай, т.т. алыптардың үрейiнен өз руханиятын жарнамалауға жасқанатын желбағарлық, кембағалдық психологиялық ахуалмен, мешеу қалған мәңгүрттiк сананың сеңi бұзыла қоймағандығының айғағы.
Қазақ төрүк руника жазуын шын пейiлiмен танып, құндылығы ретiнде игеруге пәтуалы шешушi қадам жасамай ұлыттық рухтың салтанат құрып, өзгеге жiпсiз байлаулы ой-сана тәуелсiздiгi мен мемлекеттiк тiл мәртебесiне ана тiлiнiң жетуi екiталай.
Осы арада тарихымызға аса қажеттi ежелгi дәуiрдегi ұлыстық ойлау жүйемiздiң кепiлi төлтума жауһарларымызды ғылыми кемел пайдалана бiлу ләзiм. Бұған бағзы мәдениетiмiздiң куәсi тас бiтiктер мен қыш таблицалардағы, терi мен сүйекке, асыл метал мен ағашқа бәдiзделген таңбалар мен жазбаларды, бiрiншiден, барын мүлдем құрып кетуден қорғап, бiр орталыққа жинау, библиографиялық көрсеткiшiн түзу, екiншiден, ғылыми өңдеп, айналысқа түсiрудi мақсатты түрде iс жүзiне асыру, әрине ол үшiн арнайы мамандарды тәрбиелеуге кешендi дайындық жұмыстарының бағдарламасын жасау кезек күттiрмейтiн мемлекеттiк маңызды шара. Әзiрге құзырлы лауазым иелерi мәдени мұраны насихаттауды желеу етiп, халық алдында арзан бедел жинау үшiн көз алдарқатып, дағдылы ұрандатқан, жалаулатқан, даңғаза науқанға айналдырудың шеңбер ауқымынан шыға алмай жүр. Зады, бұлай бос қарманғаннан мың құбылып, әлеуметтi мезi еткен алфавит күйтабағының бетiн бiржолата аударып салатын кез жеттi. Бiздiң пайымдауымызша, ХХI ғасырдағы ғылыми-технологиялық өркендеудiң жойқын тасқыны иісi төрүк халқының ұлыттық болмыс-бiтiмiн жуып-шайып кетуден аман сақтап қалатын атомнан да пәрмендi стратегиялық маңызды қару – төлтума руника жазуымызға бет бұруды жеделдету қажет-ақ! Бұл тарихи миссияны бастаудың ретi де бүтiн төрүктiң қарашаңырағы – қазақтың жауапкершiлiк үлесiне тиiп тұр.

Аманқос Мектептегі

Пікірлер