Екпенің арқасында тарихқа айналған 10 ауру

6788
Adyrna.kz Telegram

Соңғы уақытта балаларға  екпе салу қажеттілігіне байланысты пікірталастар өзекті болуда. Екпені егуге қарсы адамдардың саны қайтадан өсіп жатыр. Осы тақырыпқа байланысты балалар омбудсмені Анна Кузнецова сөз сөйледі. «Мел»  сайты доктор Андерсонның Онкологиялық орталығы дайындаған мәтінді жариялайды: онда вакцинаның пайда болуы арқасында тарихта қалған аурулар тізімі көрсетілген.

  1. Шешек

Шешек екпенің салдарынан бүкіл әлемде мүлдем жоғалып кеткен жалғыз ауру болып саналады. Соңғы белгілі оқиға 1978 жылы Англияда болған.

Шешекті жұқтыру оңай болғандықтан, ол тез тарала бастады. Инфекцияны төсек-орын тысы арқылы немесе науқас адаммен бетпе-бет кездесіп те жұқтыруға болатын еді. Бастапқы кезде ауру тұмау сияқты басталды, содан кейін теріде көптеген жаралар пайда болды, жара пайда болған жерде тыртық қалды. Шешектен кейін тірі қалған адамдардың көпшілігі көру мүмкіндігінен жартылай немесе толығымен айырылған.

Шешектің таралуы вариоляция – шешекті әдейі жұқтыруды енгізгеннен кейін баяулай бастады. Сау адамға науқастың шешек қуысының ішіндегісін енгізді, содан кейін ол шешекпен жеңіл түрде ауырған. Бұл ауруға қарсы вакцинацияның осы әдісін XVIII ғасырдың басында Еуропаға Осман империясынан Ұлыбритания елшісінің әйелі, аристократ Мэри Уортли Монтага әкелген. Сол кездегі кәсіби дәрігерлер арасында бұл әдіске байланысты дау туындаған, бірақ, XVIII ғасырдың аяғына дейін  шешекпен күресудің жалғыз тиімді жолы осы әдіс болып қала берді.
Вариацияның көмегімен британдық корольдік жұптың балалары егілді.

1790-шы жылдары ағылшын дәрігері Эдвард Дженнер сиыр шешегінің көмегімен вакцинациялаудың қауіпсіз әдісін ойлап тапты. Ол бұл ауруды жұқтырған адамдарда салыстырмалы түрде жеңіл формада пайда болатын шешек ауруының бір түрі екендігін аңғарған. 1796 жылы шешек ауруын кездейсоқ жұқтырған сауыншының қолындағы іріңді сегіз жасар балаға егу арқылы ол сиыр шешегін егудің алғашқы тәжірибесін өткізді. Шешек тек екпе еккен жерге ғана жайылды және асқынған жоқ. Екі ай өткен соң Дженнер балаға қабылданбаған табиғи адам шешегін екті.

XIX ғасырдың басында екпе егу Англияда және басқа еуропалық елдерде міндетті болды.  1815 жылы Ресейде екпе егілмеген балалардың тізімін жасайтын вакцинация комитеті құрылды.  1967 жылы екі миллион адам шешек ауруынан қайтыс болғаннан кейін, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) шешек ауруын толығымен жою үшін жаппай егуді бастауға шешім қабылдамайынша, Америкада, Азияда және Африкада шешек ауруының таралуы тоқтамады.

  1. Полиомиелит

Полиомиелит немесе балалардың жұлын ауруы – бұл жүйке жүйесіне әсер ететін жұқпалы ауру. XX ғасырдың ортасында полиомиелит Еуропа мен Солтүстік Америкада індетке айнала бастады, бірақ 1960-шы жылдары вакцинаның арқасында ауру іс жүзінде жойылды. Оны 1952 жылы американдық ғалым Джонас Салк жасаған. Вакцинаны сынауға ерікті ретінде ғалымның өзі, оның әйелі мен балалары қатысқан.

Полиомиелиттің алдын алатын екпе жасағаннан кейін аурудың асқынуы күрт төмендеген. Мәселен, КСРО-да індет кезінде 1950 жылдары ауру әр 100 мың адамға шаққанда 10 мың жағдайға жетті, ал 1960 жылы жаппай вакцинация енгізілгеннен кейін ол жағдай 200 есеге азайған.

АҚШ-та 1979 жылдан бері полиомиелит ауруына қатысты бірде-бір оқиға тіркелген жоқ. ЮНИСЕФ-тің мәліметтері бойынша, 90-жылдардың аяғында әлемдегі балалардың 80% -ы осы вирусқа қарсы иммунитетке ие болды. Қазіргі таңда ауру Пәкістан мен Ауғанстанда ғана эндемиялық болып қалған (эндемиялық деп белгілі бір жерге тән ауруларды айтады.

  1. Паротит

Науқас адамдарда беттің ісінуімен байқалатын паротит ауруын «шошқа мойын» деп те атаған. Паротит ауа арқылы жұғады және бездің қабынуын тудырады. Көбінесе бұл аурумен 3 жастан 15 жасқа дейінгі балалар ауырады.

АҚШ-та паротитпен вакцина таратылғанға дейін жыл сайын 186 мыңға жуық адам ауырған. Жаппай егуді енгізуден кейін паротиттің таралу жиілігі 99% - ға төмендеген.

MMR вакцинасы паротитке қарсы қолданылады, ол қызылша мен қызамықтан да қорғайды. Оны Американдық микробиолог Морис Гиллеман (Maurice Hilleman) қызы Джерил Линн паротит ауруымен ауырғаннан кейін 1963 жылы әзірлеген. Оның атымен эпидемиялық паротит штаммы аталған, соның негізінде вакцина жасалған.

  1. Қызылша

Қызылша  –  бұл нәрестеге өлім қауіпін тудыратын өткір инфекциялық ауру. Ол жоғары температурада, жоғарғы тыныс жолдарының қабынуымен және тері бөртпесімен бірге жүреді. 2001 жылдан 2012 жылға дейін Америка Құрама Штаттарында қызылша ауруының саны жылына 60 жағдайға дейін жеткен. 2014 жылы бүкіл әлемдегі балалардың 85%-ы өмірінде алғаш рет вакцинациядан өткен. Осыдан кейін балада иммунитет жоғарылай бастады. Егер елде вакцинациямен қамту жоғары болса, қызылшаның өршуі тоқтатылады, бірақ тұрғындар егуді тоқтатса, ауру қайта оралуы мүмкін.

Қызылшадан болатын өлім-жітімнің төмендеуі паротит жағдайы сияқты, доктор Гиллеманның MMR вакцинасының пайда болуына байланысты болды. Жалпы алғанда Морис Гиллеман 36 вакцина жасады, оның сегізі барлық жерде – шешекке, менингитке, А және В гепатитіне қарсы қолданылды.

  1. Қызамық

Қызамық симптомдары денедегі қызыл бөртпелерге байланысты қызылшаға ұқсайды, бірақ вирус басқаша әрекет етеді. Бұл ауру балалық шақта қауіпті емес, алайда анасы жүктілік кезінде қызамыққа шалдыққан болса, балаға ауыр зардабын тигізуі мүмкін. Мұндай жағдайда жиі кездесетін кемістіктің бірі – баланың туа бітті саңырау болуы.

Дамыған елдерде MMR вакцинасының арқасында қызамық сирек кездеседі. Еуропада әр түрлі есептеулер бойынша әйелдердің 80-нен 95% -на дейін қызамыққа қарсы вакцинация жасалған. АҚШ-та соңғы 15 жылда қызамық ауруының жиілігі жылына 11 жағдайға дейін төмендеген. 2015 жылы ДДҰ Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерін қызылшаның таралуынан азат аумақ деп жариялады.

  1. Сіреспе

Сіреспе кезінде инфекция ағзаға терідегі жаралар арқылы түседі және бұлшықеттердің ауырсынуын, яғни олардың құрысып қалуын тудырады. АҚШ-та 1947 жылы вакцина қолданыла бастаған кезде тіркелген сіреспе жағдайларының саны шамамен 95% - ға төмендеген – қазіргі кезде сіреспемен жылына ең көп дегенде 50 адам ауырады. Сонымен қатар кейбір елдер үшін сіреспе ауруы маңызды мәселе болып қала бермек. Үндістанда көптеген адамдар сіреспемен ауырады: 2015 жылы 2268 адам жұқтырған.

Ресейде соңғы жылдары орта есеппен 30-35 сіреспе жағдайы тіркелген. Көбінесе екпе екпеген егде жастағы адамдар ауырған.

  1. Көкжөтел

Көкжөтел атауы науқас жөтелгенде ауа жетіспеген кезде пайда болатын құрысу дыбысына байланысты қойылған. Кейде бұл ауруды «100 күндік жөтел» деп те атайды, себебі, ауыр жағдайларда жөтел ұстамасы науқасты ұзақ уақыт бойы азаптауы мүмкін. Көкжөтелмен барлық жастағы адамдар ауырады, екі жастан кіші балалар үшін ауру жиі өлімге әкеліп соғады.

Бала өмірінің алғашқы айларында көкжөтелге қарсы вакцинация әлемнің барлық елдеріндегі ұлттық иммундау бағдарламаларына енгізілген. Дамыған елдерде төрт-алты жастағы жасөспірімдер мен ересектер арасында ревакцинация жүргізіледі,себебі, екпе тұрақты түрде иммунитетті қамтамасыз етпейді.

Қазір адамдар арасында көкжөтелмен ауыру жалғасуда, бірақ XX ғасырмен салыстырғанда ауру жағдайлары сирек кездеседі. Мысалы, Англияда 1950 жылдары вакцина пайда болғанға дейін жыл сайын 100 мыңнан астам оқиға тіркелген, ал 1980 жылы ауырғандар саны 1500-ден аспаған.

  1. Дифтерия

Алғаш рет дифтерияның алдын алу үшін вакцина 1920 жылдары қолданыла бастады. Содан бері көптеген елдерде өлімге әкелетін бактериялық жұқпа ауруының жиілігі 100% - ға төмендеді. АҚШ-та ХХ ғасырдың басында жыл сайын 200 мыңнан астам адам ауырған, ал соңғы онжылдықта мұндай жағдайлардың саны беске дейін қысқарды. Дифтерия таяқшасы тыныс алу жүйесін зақымдай отырып, улы токсинді бөледі. Науқасқа дем алу, жұту қиынға соғады, ал қанға түскеннен кейін инфекция негізгі органдар мен нервтерге шабуыл жасауы мүмкін.

Жас ерекшелігіне байланысты дифтерияға қарсы вакцинаның бірнеше түрі қолданылады. 1920 жылдары дифтерия өршіп, көбінесе онымен балалар ауырған. Бүгінгі күні 10 жылдан астам уақыт вакцинациядан өтпеген ересек адамдар ауруға шалдығуда.

  1. А гепатиті

А гепатиті – ластанған өнімдер мен суды тұтыну кезінде немесе ауруды жұқтырған адаммен тікелей байланысқаннан кейін жұғатын вирустық бауыр ауруы. АҚШ-та А гепатитіне қарсы вакцина енгізілген сәттен бастап 1995 жылы ауруды жұқтыру жағдайы 95% - ға қысқарған.

А гепатиті санитарлық жағдайы нашар және таза суды қолдану мүмкіндігі жоқ дамушы елдерде маңызды мәселе болып қала бермек. А, В және С гепатиттері – үш түрлі вирустың әсерінен болатын қабынудың әртүрлі нысандары. А және В гепатитіне қарсы вакциналар бар болғанымен, С гепатитіне қарсы вакцина әлі күнге табылған жоқ.

  1. Ірі қара мал обасы

Ауру мен індеттерден жапа шеккен тек адамдар ғана емес. Ірі қара мал обасы –  бұл қостұяқты жануарларға зиян тигізіп, өлімге әкелетін және жұқпалы тұмауға ұқсас вирус. Обаның бұл түрі адамға жұқпайды, бірақ оның өміріне айтарлықтай әсер етуі мүмкін: індет кезінде үй малының жаппай қырылуы экономиканың құлдырау себебіне әсерін тигізеді.

Ірі қара мал обасына қарсы вакцинаны 1897 жылы Оңтүстік Африкадағы жұмыс кезінде неміс бактериологы Роберт Кох тапты. Сонымен қатар, Кох сібір жарасының бацилласын ашып, туберкулезді зерттегені үшін Нобель сыйлығын алды.

2011 жылы ірі қара мал обасының жойылғандығы туралы ақпарат жарияланды. Соңғы оқиға 2001 жылы тіркелген. Ірі қара мал обасы шешектен кейінгі толығымен жойылған екінші ауру болды.

Ақпарат Mel.fm сайтынан алынды

Орыс тілінен аударған: Жансая Сман

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер