Кешегі өткен бабалардың бастан кешкен өмірінің көбі кейінгі ұрпаққа тарих беттерінен ғана емес, ауыз әдебиетінің үлгілерінен, тарихи дастандардан, жырлар мен аңыз-әңгімелерден жеткен. Өткен тарихымызды жырлаған қазақ әдебиетіндегі поэма жанрын байытуда ұлы Абайдың дәстүрін жалғастырған, ғасырға жуық ғұмырында асыл жырлар тудырған қазақтың абыз ақыны, күйші, сазгер Шәкір Әбенұлының орны ерекше.
Шәкір Әбенұлы 1901 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Құндызды ауылында туған. Азан шақырып қойған аты – Мұхамедшүкір. Ол тікелей әкесінің ықпалымен ерте ауыл молдасынан мұсылманша хат танып, Семейдегі приходская мектебінде үш жыл оқыған. Мұсылманша және орысша сауатын ашқан, жасынан зейінді, сергек Шәкір өнер-білімге құштарлығы артады. 1915 жылы Семейдегі ер балалар гиназиясына оқуға түседі. 1916 жылғы көтеріліске байланысты оқуын жалғастыра алмай, ауылына қайтады.
Өзінің ақындық өнерінде пір тұтқан Абайдың өлеңдерін жаттап, Шәкәрімнің ойшылдық ұлағатын аузынан естіп, Сұлтанмахмұтпен танысып, Әсетпен сөз қағыстырған. Шәкірдің ақындығын Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров жоғары бағалаған.
1921 жылы Кеңес үкіметінің алғашқы жырларындағы кезекті сайлауда орысша-қазақша сауатты Шәкір Қызыладыр болыстық басқармасына көмекші етіп сайланып, 1922 жылға дейін жұмыс істеген. Ақынның өміріне үлкен әсерін тигізген 1917 жылғы Қазан төңкерісі. Осы дүрбелең қазақ ауылдарына келген өзгеріс, оның жақсылық, жамандығын түсініп болмаған халықтың сергелдеңі басталады. Шәкір осы дүркіреген дүбірдің ортасында қалың халықпен бірге болды, оның қасіретін көзімен көрді. Саналының жүрегін мұңды қылған, санасыздың көңілін жынды қылған дәуірдің жымысқы саясатын тани білген болашақ абыз өзінің әрекетімен қазағына тура жол сілтеуге тырысты. Қараңғылық салдарынан немесе дәрменсіздіктің Кеңес үкіметінің әрекетіне көндіріп, елдік болмыстан айырылып бара жатқан Алашын азаттық мұраттан айнымауға шақыра білгенін байқаймыз. Қандай қиын-қыстау кезеңдерде де осы ұстанымнан айырылған жоқ.
Абыз ақын тоқсан жасында Республика Сарайында еліміздің тұңғыш Президентіне бата беру құрметін иеленді.
Шәкір Әбенұлы – 40-қа жуық әннің, 20-ға жуық күйдің авторы. Ол «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Таңшебер – Жапал», «Кейпін батыр», «Тоқтамыс», «Пәрмен» сынды сүбелі поэмалардың авторы. Осы поэмалардың ішіндегі баспа бетіне кеш жарияланған, ел аузында сақталып келген оқиғалармен өз елінің батырын баяндаған ақынның «Тоқтамыс» поэмасы туралы сөз болмақ.
Тоқтамыс батыр қазақ-қалмақ соғысында елін, жерін қорғаған Тобықты елінің батыры, өмірде болған тарихи тұлға. Шежіре-деректерге қарағанда Тоқтамыс батыр 1730 жылдардың шамасында туған.
Тобықтының Мамайдан кейінгі айтулы батыры Тоқтамыс қасиетті қазақ жерін басқыншы жаудан тазартуда аянбай күрескен батыр. Ол бес қаруға бірдей өте шебер, мейлінше жылпос, айлакер адам болған. Ел аузындағы әңгімелерде, ол жекпе-жекке ең көп шыққан батыр. Найзаласу мен қылыштасуға келгенде жан шыдатпайтын тәсілқой адам болған. Тоқтамыс батырдың ерлік еңбегі халық аузындағы әңгіме, өлең-жырда көп айтылады.
Шәкір Әбенұлы Тоқтамыс батырға поэма арнап жазған, бірақ көзі тірісінде шығара алмай кеткен. Ақын бұл поэмасын 1955 жылы түрмеден босап келгеннен кейін, Абай ауданы Қызылту ауылының тұрғыны Қарасамбек баласы Әбіш ақсақалдың батыр бабасы Тоқтамыс туралы дастан жазып бер деп қолқалауымен жазылған туынды. Шәкірдің осы поэмасы туралы Медеу Сәрсекеевтің «Бес тұғыр» кітабындағы естелігінде былай баяндалады:
«1976 жылы Шәкір Әбенұлының 75 жасқа толғанын, туған жерінде атап өтуге ұсыныс жасаған. Ақынның шәкірті марқұм Қашаф Туғанбаев бас баяндамашы болып Құндыздыдан бастап, Арқат, Бірлік, Саржал, Қарауыл мәдениет сарайында кездесу ұйымдастырды. Ақынға халық қатты ризалығын білдіріп ақ дастарқан жайып, шапан жауып, астына ат мінгізді. Тоқтамыс ауылына бара жатқанда Шәкір ақсақал «Әй, жігіттер, мені ол жерге апармаңдар, жұрт алдына масқара боламын. Бес күн бойы төбелеріңе көтеріп мақтап келе жатқан ағаларың батырдың ауылында жарға құлайды. Мен Тоқтамыс батырдың ұрпағы, жақын туысы Әбіш ақсақалға уәде беріп едім. Сол кісі бұдан бірнеше жыл бұрын батыр бабам туралы дастан жаз деп қолқа салып еді. Бір өгізін сатып соның ақшасын маған беріп еді. Дүниеге қызығып ақшасын алып қойдым, ал бітірген ештемем жоқ. Ал анау Әбіш Жуантаяқтың ірісі, көпшіліктің алдында маған «не дастан жоқ, не ақшам жоқ, атан өгізімді босқа науат қылдың?!» десе, менің айтарға сөзім жоқ. Мән-жайды түсіндіріп қайыра жалынады. Ақыры не керек, ақсақалды көндіріп, Тоқтамыс батыр ту тіккен қонысқа келдік.
Іргелі ел ғой, біз қауіптенген сөзді ешкім айтқан жоқ, қайта Әбіш ақсақалдың жұрағаты мінбеге шығып, мерейтой иесіне сияпат жасады. Қысылып отырған Шәкең жұртқа қарап: «Ендігі жазбағым – Тоқтамыс батыр. Тоқаң ылғи түсіме кіріп найзасымен түртіп оятып жүр, сірә, жазғызбай тыныш қоятын емес, қысқасы, бұл дастанды бітірмей ана дүниеге кетпеймін» деп уәде қылып, тыңдаушыларды риза еткені есімде» дейді Медеу ағамыз.
Шәкір Әбенұлы поэманы бітіріп, жарыққа шығармақ болып, неше мәрте Алматыға барып, жолы болмай ренжіп қайтқаны ауылдастарына жақсы мәлім.
Бұл поэма Абай мұражайында сақтаулы. Мұражай қорына 1960 жылы өткізген. Ең алғаш «Абай ауылы» газетінде 1991 жылы №110, 113, 119, 122 сандарында жарияланған, кейіннен Абай журналының 1999 жылғы бірінші нөмірінде жарық көрген.
Шәкірдің ақындық өмір жолындағы қайсарлығымен қазақ халқының туған жердің азаматтығын бейнелеген осы шығармасының өз заманының идеологиясымен үндесе қоймайтынын біле тұра, өз басының үлкен қиянат кешіп келгеніне қарамай:
Жырламай болар еді-ау жатсам да жай,
Сыншылар май асатпас маған ылғай.
Тоқтамыстың жырларлық еңбегі бар.
Өскен жермен, өсірген еліне сай, – деп «Тоқтамыс» поэмасын жазып, өзінің жеке бас мүддесінде ақындық жолды басты мақсат етіп ұстанғандығын тағы бір танытады.
Дастанда қазақ-қалмақ соғысында елін, жерін қорғаған Тобықты елінің батыры Тоқтамыс батырдың ерлік істерін Шәкір былайша жырлаған:
Батыр бар, батырдың бар таңдамасы,
Халық үшін иілмейтін ханға басы.
Досының ақылшысы, дұшпанға әділ
Сенімді жер шебері, ел панасы.
Таңдаулы Тоқтамысты – батыр десек,
Себепсіз бейпіл мақтау жел сөзге есеп.
Халқы үшін қаймықпай қан майданда
Қасқайған ер маңдайын оққа төсеп.
Поэмада Тоқтамыс батырдың ерлік жолдары, батырлығы мен батылдығы аса дәріптелмеген.
Шәкір шығармасында да Мамай ел басы, батыр ретінде көрсетіледі. Дастанда ол жасы келіп, тұғырдан түскен уақыты. Мамайдың өткерген өмірі, ерлік істері суреттелмейді. Елінің, жерінің жағдайын ойлаған халық қамқоршысы, ішкі даумен, сыртқы жаумен соғыстағы ақыл иесі, өте бір парасатты адам ретінде көрсетеді. Поэмада Тоқтамыс алғаш жорыққа шыққанда Мамайдан бата алып, жаумен қақтығыстағы әрекеттеріндегі оның айтқан ақыл-кеңесі көп болғанының куәсі боламыз. Ақын Тоқтамыстың адамгершілік қасиетін калыптастыруда елін, жерін сүйгізіп, олардың намысын корғатады. Тоқтамыстың батырларға тән астындағы аты да өзіне сай бейнеленеді.
Тоқтамыс намысты қолдан бермейтін, ел бірлігі мен тыныштығын ойлайтын ер. Осы жолда өзі де аз азап тартпайды. Ол әр уақытта халықтың қамын ойлаған қайырымды әрі әділ, жақсылықты жақтаушы. Суан еліне қазақтың қыз-жігіттерін босату мақсатымен барған жорығында іскер басшылығы мен айлалы батырлығы поэмада кеңінен танылады.
Поэмадағы нағыз жағымсыз образды жасаудағы сомдап шығарған бейнесі – Қорқау. Одан қарапайым халыққа тізесін батырған, дүниеқор, қазақ ауылының қанаушы байларының типтендірілген бейнесін көруге болады.
Ағайынға көрсетіп ылғи қысым,
Еріксіз қабылдатар ұсынысын
Берсе қолқа қайтармас, бермесе жау.
Тартып алар жүйрік ат, қыран құсын.
Ақын Қорқауды оқырманына таныстарғанда, екі ғана жолмен қандай адам екенін танытады.
Қызғаншақ, өте өзімшіл көрсе қызар,
Араны аждаһадай пейілі тар.
Қорқаудың әрекетіне сай ішкі портретін дәл көрсете білген. Қорқаудың жағымсыз бейнесі әр қырынан нанымды ашылған.
Осындай тапқырлық, көрегендік қасиетін ақын шығармаларының қай-қайсынан болса да жиі кездеседі.
Ақын көшпенді қазақ халқының жаугершілік заманындағы көне тұрмысын, тыныс-тіршілігін, дау-дамайдағы қолданылатын жазаның ережелерін, Тобықты руының ішіндегі болған тарихи оқиғаларды терең білгенін дастандағы жырынан аңғаруға болады.
Құнанбай Бөжейменен таласқаны,
Еңбекпен Тоқтамыстың алған жері.
Осы тарихи оқиға жайлы Бейбіт Сапаралиннің «Құнанбай қажы» деген кітабында Құнанбай мен Бөжей арасында болған дауды былайша баяндайды:
«Құнанбай аға сұлтан сайланып, енді Құнанбай өз орнына болыс сайламақшы болып, үй тіккізіп, бір болыс елді жиып алады да, өзі соған келіп, жиналған жұртқа Құнанбай: «Ал қауым, болыс Бөжей болсын. Ол бізден кейінгі іргелі атаның баласы». Жиылған басқа ру басылары «ой бәлі, жаңа дұрыс болды. Өзіміз де солай істейді деп ойланған едік» деп мақұлдасады, Бөжей тұрып: «болыстықты маған беріп отырсыз ба?» дегенде Құнанбай оған: «мен саған бердім» депті. Сонда Бөжей «маған бергеніңіз рас болса, мен орныма Майбасарды сайлаймын» депті. Майбасар болыс болады. Майбасардың содырлы, зорлықшыл қылығының салдарынан Жігітек деген ру бастығы Бөжей болып, Құнанбайға қарсы шығады. Құнанбай жігітектің 17 адамын Сібірге айдатады. Ол кез патша ұлығына қазақ сахарасының жаңа-жаңа бой ұсынып келе жатқан кезі. Сотталу, абақтыға жабылу, айдалу дегендер – ел көрмеген үлкен сұмдық саналатын. Құнанбай Тобықты ішінде, талай руды жерінен көшіріп, немесе өзіне жақын ру басыларға шұрайлы жер әперіп жүрген. Бөкенші Борсақты жерінен көшіру, Жуантаяқ, қара батырды көшіріп жерін алу, Көкшені көшірмек болу – бәрі де сол үлкен кернеу зорлықтың айғақтары еді. Жігітекпен үлкен араздық та осы жөнінен туып, кейін ұлғайып өштікке айналған» (Бейбіт Сапаралы «Құнанбай қажы» – Алматы: Ер-Дәулет, 1995. )
Ақын осы көлемді туындыларында бірде тарихи оқиғаларға, нақты тарихи адамдарды арқау етсе, бірде заманның, ел өмірін шынайы болмысын көрсету арқылы өткеннің сипатын танытады.
Шәкір:
Ел сыны – қабан деген Кеңгірбайды,
Қабан деу теңеу емес сірә ыңғайлы, – деп сиппатаса, ал Мағауия Абайұлы өзінің «Еңлік-Кебек» поэмасында Кеңгірбайдың әрекетін:
…Қалжырақтап атандық биім «Қабан»
Қабан түбі ғой, білсең надан, – дейді. Мағауия да, Шәкір де «Қабан» деген сөзді шын мәніндегі жағымсыз ұғымда насихаттайды.
Белгілі абайтанушы ғалым Қ.Мұхамедханов «Қабанбай» деген мақаласында «Қабан» деген сөзді турашыл, қасиетті аң деп көрсеткен («Қазақ әдебиеті», 1992 жыл 3 қаңтар).
Ақын поэмада қанатты сөздер мен мақал-мәтелдерді кейіпкерлердің аузына өте орынды жерінде, ұтымды қолданып отырады.
Шәкір:
Кеңгірбайдың өкпелеп бір сөзіне,
Қараменде Арғынға ауғаны шын.
Қараменде бидің Кеңгірбайға өкпелеп, қоныс аударып кетуінің тарихына, себебіне ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбаев өзінің «Бесігіңді түзе» атты роман-эссесінде айтқан.
Шәкір Әбенұлы поэмаларының тақырыбына өмірлік негіздеріне үңілер болсақ, Абайдың төл шәкірттері шығармаларының басты тақырыбы, қазақтың өткен өмірінің көрінісі ақынның көлемді туындыларының негізгі діңгегі болғанын аңғару қиын емес. Тіпті поэмаларына арқау болған материалдарының ұқсастығы да бар. Шәкәрімнің «Жолсыз жаза» поэмасы мен Шәкірдің «Тоқтамыс» поэмасының суреттеу объектісі бір. Екі поэмада да Сырдың бойынан ауып келіп, Шыңғысқа қоныстанған Тобықты елінің басындағы жайлары әңгімеленеді. Екеуінің де негізгі кейіпкерлері Кеңгірбай, Мамай, Қараменде, Тоқтамыс. Осы кейіпкерлерді бейнелеу, мінездеу, оқиғаға араластырудағы көзқарастары – бірдей. Екеуінен де әртүрлі деңгейде көрінетіні Тобықты мен Матай арасындағы дау, бірі шығармаға негізгі арқау етіп махаббат трагедиясын алса, бірінде елін, жерін сыртқы жаудан қорғау мәселелері болып, тармақталып кетеді. Әрине, Шәкір Шәкәрімді, оның шығармасын терең білген, терең біліп қана қоймай, өлең өнеріндегі ұстаздарының бірі десек те болады.
Бұл шығарма Тоқтамыстың батырлық ісін баяндайтын жалаң әңгіме емес, келешекке тарихты танытатын, үлгі-өнеге тұтарлық тәрбиелік жолы бар, отанын сүйіп, ер санасын оятатын, халқына қорған болсын деген мақсатта жазылған көркем туынды.
Ақын поэмаларында әртүрлі дәрежеде болса да халық бейнесі кездесіп отырады.
Поэмада ақын айналасындағы әлеуметтік жағдайды жете білгендігі, ой топшылауларының тереңдігі оның осынау халық образын сан қырынан сомдап шығуына мүмкіндік берген.
Шәкір поэмалары, шоқтығы биік дүниелер, себебі олардың формалары да, мазмұны да әдебиетімізде игерілген, өлшемге құрылған. Қарт ақынның мысалдап, астарлап айтпақ ойлары оқырман жүрегіне жол табары хақ.
Шәкір Әбенұлы жалпы поэма жанрының өркендеуіне, оның реалистік нақыштармен, тың өрнек, жаңа бояулармен толысуына қыруар еңбек сіңірген ақындардың бірі.
Нұрсұлу САНАҚБЕКҚЫЗЫ,
Абайдың мемлекеттік
қорық-мұражайының
жетекші ғылыми қызметкері,
Семей