Кәкімбек Салықов. Үш арыс

6456
Adyrna.kz Telegram

Бүгін, яғни, 26 ақпан күні Алаштың руханияты ойсырай қырғынға ұшыраған күн. 1938 жылы Ілияс Жансүгірұлы, Бейімбет Майлин, Жұмат Шанин, Хамза Жүсіпбеков бастаған 37 арыс, әдебиет пен өнердің аса көрнекті өкілдері жазықсыздан оққа ұшып, сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болған күн.

Осы күнге орай, adyrna.kz ұлттық порталы марқұм Кәкімбек Салықовтың үш арыс жайлы жазған мақаласын ұсынады.

Қазақ халқының әндері әлімсақтан көрген зейнеті, кешкен бейнеті арпалысты заманның өзек жарып өкінткен де, аза тұттырып өксіткен де кездерін сұлу сазға қосып ел жүрегіне жеткізіп келеді. «Кіргенде дүние есігін ашады өлең», – деп данышпан Абай айтқандай шыр етіп жарық дүниені көргенде де, ес кіріп, елең қағып жан-жаққа таңдана қарай бастаған шақта да өмір есігін өлеңмен аштық. Әннің қазақ баласының тіліне, дініне, діліне шапағатын тигізіп, рухани азық болғаны да аян.

Сырымбеттің етегінде туғаннан ба, бала кезімнен Ақан серінің «Сырымбет», «Қараторғай», «Құлагер» атты өлеңдері ән-күйге құштар етті. «Келеді қара торғай қанат қағып, астына қанатының маржан тағып», – деген сөз сарасын кейін түсінсек, сұлу қыздың мойнындағы әсемдіктің маржаны емес, серінің «Қараторғай» атты алғыр қыранын соңғы рет құсқа салғанда аспанға қалықтап шықса да қартайған шағы жеңіп, жерге қайта қона алмай шыбын жаны қысылғанда, қанатының астынан тамған тердің ақ моншақтай тамшылары екен.  Батар күннің ашық сәулесі қос қанатының астынан түскен ащы тердің  үзімдерін Ақан сері ақындықтың асыл үлгісіндей етіп сипаттапты. Біз ол кезде мұны терең «Құлагерге» үйір болдық.  «Зәурешті» алғаш естігенде де оның авторы Мұхит екенін де білмедік.  Бір азалы ағайынның көкірек жарған қайғысы ғой деп ойлайтынбыз.

Біздер мектепте оқып жүрген кезде, «халық жауы» атанып тота­ли­­­тарлық заманның қуғын-сү­р­гі­ні­не ұшырап, атылып кеткен Ал­аш­тың асыл ұлдары Ахмет, Әлихан, Мағжан, Міржақып, Жү­сіп­бек, Ораз, Халел, Ілияс, Бе­йім­бет сияқ­ты арыстар жайлы еш мағ­лұ­мат ести алмадық. Ал тап со­лардай азап ше­гіп атылып кеткен Сәкен Сей­фул­линнің, Ыбырай Сан­дыбаевтың кей әндерін атам үй­реткен жа­сы­рын түрде білетін едім. Сы­рым­беттің түбіндегі Ай­ыр­тау ауда­ны­ның Казгородок қазақ орта мек­тебінде оқып жүрген ке­зі­міз­де мек­тептің жанындағы пан­сион­да жа­та­тын­быз. Жетінші, се­гі­зін­ші, тоғы­зын­шы, оныншы сы­нып­тардың ер б­а­ла­ла­ры бір қа­бат­тағы екі бөлмеде едік. Он­ыншы сыныпта Тұрсынбай Кәкімов әрі әнші, әрі ақын өнерпаз ағай бар, тоғызыншы сыныпта халық ақыны Молдақмет Тыр­биев­тің ұлы Сүният, жетінші сыныпта Ұлан Айтымақұлы Ементаев бар, тағы осындай өнерпаз балалар ба­сымыз жиі қосылғыш, дәм-тұз асы­мыз ортақ болатын.

Қыстың ұзақ түнінде балалар қараңғыда жа­тып алып түрлі-түрлі хикаяларды кезек-кезек айт­ы­сып ақыры әнге ба­са­тын­быз. Түн ортасы ауған кез­дегі жа­сырын кә­сібіміз: Сәкен Сей­фул­лин­нің «Көк­ше­тауын» шыр­қай­тын­быз. Ұзақ поэ­ма­ның жалпы же­лі­сі­мен негізінен бі­рінші тарауын ай­та­тынбыз. Ұмытып қал­ған жер­ле­рін жалғастырып жі­беріп, қа­жымай-талмай қайталай бе­ре­тінбіз, сондағы білетініміз көп болса он шумақ-ау шамасы. Қайран ән­нің құдіреті-ай, егер Сәкен аға ком­позитор болмаса оны да білмес пе едік. Қалың көрпені сыпырып тастап, төсағаштың үстінде отырып ап «Көк­ше­таудың» әнін ғана екі-үш дом­­бы­раның қоңыр күмбіріне қосушы едік. Осылай, сонау кеңестік идео­ло­гияның содыр ке­зін­де де ән арқылы ұлттық на­мы­сы­мызды қорғаппыз. Сәкен дегенде періштедей көрініп, аңсарым «Көкшетауына» ауа беретін.

Ілияс Жансүгіровтің кім екенін білмеуші едім, 1950 жылы онжыл­дық­ты бітіріп, Мәскеудегі Түсті металл және алтын институтының тау-кен факультетінде оқып жүр­генде бізден бір жыл бұрын келген Саят Ілиясұлы Жансүгіровпен та­ныс­тым. Мен Мәскеуге дом­бы­рам­ды алып барған­мын. Бірде шекітіп қағып домбыра тартып отыр едім жылы жүзді, қыран мұрынды, орташа бойлы жігіт есік қағып кіріп келді. Сол жерде таныс­қан­да айт­қаны: «Ғафу ет інішек, дом­бы­раң­ның күмбірі кірмеске шы­дат­пады, коридорда өтіп бара жатып біраз тұрдым да, өзіміздің қазақ қой деп кіріп келдім», – деді. Домбыра қо­лына тиюі мұң екен еркін тол­қытып «Балбырауынға» бүлкілдеп баса жөнелді, «Серперді» де жақсы тарт­ты. Мен таңдандым да қуан­дым, Саят содан кейін жиі-жиі келіп тұратын болды, оны ма­гнит­тей тартатын құдірет домбыра ғой. Кейін Жезқазғанға келіп, кеншілік қызмет атқарып жүргенде қайтадан ара қатынасымызды жалғастыра бер­генде Саят отбасымен Алматыға көшіп кетті. «Әкесі Жансүгіров Ілияс ақталды», – деп естідік, ке­те­рінде жап-жақсы думандатып Жезқазған­мен қоштасты.

Әне, со­дан былай кімнің баласымен дос бол­­ғанымды біле бастадым. Дом­бырашы досым алтынның тұяғы, теперіш көрген тектінің тұқымы екен. Қолыма Сәкен ағаның алты томдығы түскенде, алтауын толық алдым да, қазақтың тарихы бар алтыншы томның бесеуін қоса алып, достарыма тараттым. Іле­кең­нің «Күйші», «Дала», «Құлагер» атты поэ­малары ерекше таң­дан­дыр­ды. Жезқазғанда жүргенде Сәкенді оқымасам кей өлеңдерім тумас та еді. Ілекеңнің «Құлагері» Ақан серінің басынан өткен тарихи трагедияның бар көрінісін ашып берді, сыртқы жау емес, ішкі даудың құрбаны болған Құлагердің өлімін ел түсінді. «Дала» деген поэ­мам­ның туғанына Ілекеңнің әсері толық тиді. Тіл байлығына келсек, әсіресе өсімдіктер мен табиғат атауларының білгірі дер едім. Жезқазғанда он жыл кеншілік, он жыл партия қызметін атқардым.

1975 жылы СОКП Орталық коми­те­тіне инс­пекторлық қызметке ал­ын­дым. Ал­ғашқы жылдары жауап­ты­лығы бей-жай қалдырмайтын жұмыстың қызуы жеңіп кетті. Бес жылдан аса бір ор­ында қызмет істеген соң «ЦК» болса да елге сағынышым үдей берді. «Қайт­қан құстар барады Еділдетіп Оралмен, Елге жетіп қалар ма ем, ере кетіп солармен», – деген сөздері бар «Аң­сау» және көптеген сағыныш жайлы өлеңдер де сол кезде туып еді. Елден кел­ген жігіттер кездесіп тұратын, құ­дайдың бір бергені шабытым суыған жоқ, елдегі газет-журналдарда ба­сы­лып тұрды, көптеген әндер де туып жатты.

Сол кездегі ерекше көзге кө­рініп менің сөзіме жазылған «Ғашық кез» деген әні бар жас композитор Мұратхан Егінбаев Мәскеуге бір жұ­мыс­пен келетіндігін білдірді. Кел­геннен кейін қа­был­дасам орта бойлы, күлімдеп тұрған өңі жылы, көзі өткір, қараторы жігіт екен. Ол «Ға­шық кез» деген әннің сө­зін менің «Аққу мен ару» атты поэ­мамнан ал­ыпты. Бұл жаңалықты өзі­нен бұрын маған Игілік Омаров деген әнші, тамаша домб­ы­ра­шы Мұ­рат­­ханның досы Ыс­тықкөлде де­ма­лыста жүргенде ай­тып беріп еді. Ән­нің: «Шіркін-ай, деймін есіме түсіп өткен күн, Адамдар неге ай­нымас ғашық болмайды?» – деген жерлері жүректі жұлып алардай өте әсерлі де, әдемі шығыпты.

Ма­хаббат мұ­ңын шеккен ән тез тарап кет­ті. Оның ең үлкен таратушысы Қа­зақ­станның халық әртісі, бұл күн­дегі әй­гілі әншіміз Қайрат Байбосынов болды. Міне, сол өзім бір көріп, рахмет айтуға ынтығып жүрген Мұратхан да кездесті. Ілияс Жансүгіров аға­мыз­ға Тал­дықорған облысындағы Ақсу ауда­­ны­ның орталығы, Жан­сүгіров қала­шы­ғын­да қойылатын ескерткішті қо­ладан жасату үшін одақтық ко­мис­сиядан өткізіп қайтуға келген екен. Орталық комитеттің Мәдениет бө­лімінде нұс­қау­шы Цвет­ков Анатолий Васильевич деген до­сым бар еді. Ол қатты қолдап, ко­миссияның жұ­мы­сына қаты­на­сыпты, ке­лесі күні қорытынды оты­ры­старына мен де бардым. Істің сәті түсті, әйтеуір көңілді болдық, елден келген інімнің жұмысын өз жұ­мы­сым­дай көріп, Ал­м­­­ат­ыдағы Саятпен қуаныш бөлістім.

Отырыстан шық­қан­нан кейін Мұратханнан: «Ал­ма­тыда не жаңалық бар», – деп едім: «Сәкен, Ілияс, Бе­йім­беттің ту­ған­дарына 90 жыл то­луына байланысты тойға дайындық жүріп жатыр», – деді. «Қанша боласың?» – дегенімде: “Мүсінді құйдыратын Мы­ти­щеводағы зауытпен келісуім керек екен. Бір жұмадай уақытсыз кет­пейтін шығармын», – дегенді айтты.

Бұл сөзіне ішім жылып кетті. Сәкен, Ілияс, Бейімбетке арнап өлең шығару ойға оралды. Ендеше ертең жұмыстан кейін жатқан жеріңе соғып үйге алып кетемін, орныңда бол деп келістім. Сол күні кешке басталып түн ортасында аяқ­талған “Үш арыс” деген өлең дүниеге келді. Кең даланың кемеңгер пер­зент­тері, Аңыз-дастан атқарған міндеттері. Үш сұңқарын, үш тұлпар, үш арысын, Ғаламат қой туған ел құрметтеуі – деп басталғанда қазақтың үш арысы, үш алыбы, үш ұлы пер­зент­те­рінің бір жылда туып, ерен еңбек етіп, арттарына өшпес із қалдырғаны және сталиндік зомбылықтың қа­сі­рет­ті зардабын кешіп бір күндері атылып кеткендері есіме түскенде жан толқуы ерекше еді. Қайран асыл ағаларым-ай, даналарым-ай деп тебіренген мезеттер де көз алдым­нан өтті.

Ұлттың үздік қайрат­кер­лерін тарлан тарихтың қайтарып бергені жан жылытып, өлең төгіле бастады: Ақсұңқарын, дауылпаз бұлан ерін, Күйші дала құс қанат Құлагерін, Үш арысын қайтарып құшағына, Ардақтайды салтанат құрады елім, - деген шумақ туды. Ол кезде Сәкен, Ілияс, Бейімбет үшеуінің де ең­бектеріне қанық болғанмын, олардың ел өмірінде, қазақ әдебиетінде алатын орындарын айтарда Алла аузыма сөз салды, дүлдүл ағаларымның аруақтары жебеді-ау: Тар кезеңде бірлесіп, Бар қатерді бір кешіп, Еңіреп туған елім деп, Қазақтың ірілері – Абайдың інілері Сәкен, Ілияс, Бейімбет – деген әннің қайырмасы туғанда көзімнен бір тамшы ыстық жас ыр­шып түсті. Ақынға берген тағ­дыр­дың қуа­нышты сәті де осы шығар.

«Қа­зақ­тың ірі­лері, Абайдың інілері», – дегенім ке­йін қанатты сөзге ай­нал­ды. Ол жайлы кей­ін­де «Егемен Қазақ­стан» газетінде де сөз болды. Ертеңіне елден келген жас ком­по­зитор мейманымды үйге қонаққа алып келдім. Өзгелерден әндерін тың­дап, өзін көруге асыққаным ақ­талды. Домбыраны өте келістіріп тарт­ты, жинақы да сымбатты тірі жан­дай сөйлегіш қоңыр күмбірді құ­лаққа өте жағымды етіп жеткізуінде еш мін жоқ. Және де, өзі ән салғанда жанданып, қанаттанып, арқаланып кетеді екен. Әннің әр үзімін, сөздің әр буынына дәлме-дәл келтіру, үй­лес­тіру, бауыр бастыру жағына өле беріліп, жан-жүрегімен тебіренетін шебер екен. Саусақтары да домбыра үшін туғандай жүйрік желіске әбден машықтанып алыпты. «Ғашық кез мезет, мезгілі жетіп нәр алдық, саналы пенде ғашық кез жебеп жаралдық», деп бастап, өзімді де басқа қонақтарымды да әбден сүйсіндірді.

Әншіл әуен, күйшіл күмбір шырқау шегіне жетіп, құм­а­рымыз тарқаған кезде, жаңа жазылған, кеше ғана жа­зыл­ған «Үш арысты» оқыдым. Мұ­рат­хан көп ойлан­­­бас­тан: «Аға, бұл өлеңді басқа біреуге беріп қоймай, маған беріңіз», – деп інілік ілт­и­пат­пен қолқа салды. Олай демесе де бе­ремін деп отыр едім. Маған өжеттігі мен жылдамдығы ұнады, бір үзім ой тол­ғантты ма деп қалдым. Кеш тә­мам­далып, шығарып саларда қонақ үйге домбырамды да сұрап ала кетті. Әрі қарай қалай толғанғанын өзі бі­­леді, екі күннен кейін: «Аға, жұ­мы­сымды да сәтті тындырдым, Іле­кең­нің мүсіні шамалы уақытта құ­йы­ла­ды, «Үш арысқа» ән де туды, бүгін кеш­ке келіп тыңдап кетіңіз», – деп қат­ты қуантты.

Өтінішін орындап «Россия» қонақ үйіне барып тыңдап қайттым. Сағынған жандар бауыр басқандай жаңа ән өлең сөзіне етене үйлесімділік пен үндестік тауыпты. Өзінің жаңаша сарыны да, ырғағы да, өз желісі де, өз болмысының бөлектігі де көңіл көншітті. Бөтен ағысы жоқ жаңа табысқа дән разы болдым. «Үш арыс» әлбетте, «Қазақ әде­биеті» газетінде басылды және бір зор ба­ғаның белгісі шығар, лездемеде өлеңге жақсы баға беріліпті. Келесі жылы, яғни 1984 жылы Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің 90 жылдық мерейтойын атағанда Жазушылар одағының басқармасының сол кездегі төрағасы, ақиық ақынымыз Олжас Сүлейменов: «Мәскеудегі ақын ағамыз айтқандай қазақтың ірілері, Абайдың інілері Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің 90 жылдық салтанатты тойы құтты болсын!» – деп бастапты.

«Үш арыс» елдің аңсап күткен әнін­дей тарап кетті, сахналарды жайлап алды, радиодан жиі еститін болдық, бір деректі фильмге де кірді деген қуаныш келіп жатты. 1994 жылы мамырда Ілияс Жансүгіровтің туғанына 100 жыл толуына байланысты Талдықорған облысында естен кетпес ұлан-ғайыр той өтті. Қайғыны басар, көңіл жайлауын ашар бұл тойдың кезінде туған тебіреніс ретінде Ілекеңе арналған “Дүлдүлдердің дүбірі” атты поэмам дүниеге келді. Шарықтап ақын Ілияс  жүз жылдығы, Ақсудың етек-жеңі жүз құбылды. Қоқтының жасыл  астау жазығында, Паш еттік құс қанатты жыр ғұ­мыр­ды, – деппін. Тап осы жолы тұң­ғыш рет Мұратхан Егінбаевтың «Үш арыс» атты әнінің құдіретіне сендім. Бұл әннің сәті түсіп, керек кезінде бұ­дан он жыл бұрын туғанына да қуан­дым, қайда барсақ та осынау әннің әсем ырғағы бірде ойлы, бірде тойлы әуендермен алдымыздан жиі шықты. Қоқтының жасыл астау жазығы дегенім де той алаңының өзі еді.

Кең астаудай жасыл алқаптың батыс жағында ресми қонақтар үшін үлкен шатырлы трибуна құрылыпты, оның алдына, жан-жағына қонақтар жайғасатын орындар сәнді бітімімен көз тартады. Ол кездегі Талдықорған облысының әкімі Серік Ақымбеков той салтанатын театрлан­дырылған тарихи көріністен бас­тады. Кең жа­­зықтың бергі бө­­лігінде та­маша сахна ор­на­тылыпты, әне, соның ал­дын­да Ілияс Жан­­сүгіровтің өміріне арналған дала спектаклі жүріп жатты. Ең басында ұлан-ғайыр оркестрдің сүйемелдеуімен “Үш арыс” орындалды, содан кейінгі кө­ріністердің бәрінде де бұл ән лейт­мо­тив болып, әр айшықты тұста адам жанын баурап, сахналық қойы­лым­ның сәттілігіне сеп берді. Сценарий бойынша Ілиястың туған тойы, жастық шағы, оқудағы шағы, ақын болып аты шығып даңқы асқан кез­дері бейнеленді. Одан кейін Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің кер за­ман­ның ала­пат қырсығына ұшырап аяу­сыз аз­ап шеккендерін көрсетті.

Құр сүл­де­ле­рі қалған дүлдүлдерімізді атып жатты. Үш оқтың үрейді алды жаңғырығы, Үш мәрте қайталанды жан дірілі. Үзілді үш ғажайып таза ғұмыр, Зар жылап қайғы жұтты азалы қыр, – деппін. Үш ар­ыс­тың алд­ымыз­да аяу­сыз атылғанын көр­генде мың-мың адам үнсіз қалды. Алдымен Сәкен бес адым іл­гері жерде, содан кейін Ілияс пен Бейімбет қатарынан ат­ылды. Оның себебі, Сә­кен шындығында да бір күн бұрын 1938 жылы 25 ақпанда аты­лыпты. «Үш арыс» әнінің әуезін ауыр толғаныс, ойлы толғау, мұңлы са­рын­мен оркестр орындап жатты, әртістер тобы азалы үндерін сыңсып қосып тұрды.

Бұл кезде «Үш арыстың» ырғақтары Дмитрий Шостаковичтің жетінші симфониясына ұқсап кетті. Дүние дүр сілкінді, бізден ес кетті. Ол ауыр мезеттер де өтті. Бір кезде музыка өзгерді, Сәкен, Ілияс, Бейімбет ақталды, оларға тағылар кінә жоқ деп табылды деген хабардың дүбірі бүкіл аймақты толғандырып, Алатаудың ажарын аша түскендей болды. Қоқтының арғы жақ жарқабағы етегінде үш ақбоз ат көз ұшында көрініп тұрып еді, енді ол ақбоз ат мінгендер бермен қарай бізге Сәкен, Ілияс, Бейімбет болып жыл­жып келе жатты. Көзден жас сор­ғалап, шыдай алмай босаңсып жан-жағыма қарасам, ел абызы Бәйкен Әшімов ақсақал да, әкім Серік, ака­демик Зейнолла Қабдолов та көздерін сүртіп жатыр екен.

Бұл қуанышта шық­қан көз жасының қосылуымен ай­тылған «Үш арысты» бүкіл қо­нақ­тар әртістермен қостап кетті. «Үш арыс» сағынышты құшағына бөле­ген­дей адам жанын бір серпілтіп, көңіл кө­шін көкжиектен асырғандай тебірентті. Екі көзден шаттық оты тамшылап, Қуаныштан әрең тұрдық жан шыдап. Үш ақбоз ат шауып жетті ортаға, Үш арысым үш тұлпарын қамшылап. Үш ақбоз ат тізгіндерін тартып тұр, Айтты бізге жанарлары сарқып сыр. Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің жарқ еткен, Мәртебесі еренғайып артып тұр. «Үш арысты» бүкіл дала айтып тұр, – деп өлеңдеткен екенмін.

Мұ­рат­хан Егінбаев 1939 жылы Алматы облысы, Алакөл ауданы, Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген. Ол мек­теп­те оқып жүргенде-ақ Мұқағали Ма­қа­таевтың «Сағындым» атты өле­ңіне ән шығарыпты. Сол оқушы ба­ла ке­зінде бір күй, төрт әннің ав­торы, сах­наға бір жеткен соң қа­нат­танып ке­тіпті. Сазгерлік өнері ана сүтімен келсе, өмірдегі құлай беріліп құштар бол­ған жан серігі домбырамен де ерте достасыпты.

Ал, оның негізгі ма­ман­дығы сәулетшілік, қазіргі Сәкен Сейфуллин атындағы Це­ли­но­град ауыл шаруашылығы инс­ти­ту­ты­ның архитектура факультетін 1964 жылы аяқтапты. Мұратхан Ақсу ауданының бас сәулетшісі болып табаны күрек­тей 25 жыл қызмет атқарып, туған же­рінің дәулетіне сәулеті сай болуын ар­мандады. Ол жоғарыда айтылған Ілияс Жансүгіровтің мүсінін жаса­ған­да оның сәулетшісі болыпты.

Ал мү­сінді жасаушы Қазақстан Респуб­ли­ка­сы Мемлекеттік сыйлығының лау­реа­ты Хакімжан Наурызбаев ағамыз екен. Мұратхан менің сөздеріме бар­лығы 41 ән шығарыпты, олардың бәрі де осал емес дүниелер. «Са­ғы­ныш сазы», «Дүние», «Дом­быра», «Абайым», «Жамбыл ата», «Туған елім, туған жерім», «Жетісу мен Көкшедей», «Бір кездестім» атты әндері қазақтың барлық жер­ле­рінде кеңінен тарады. Оның бар­лығы 200-ден астам әндері болса, оның тең жарымы Қазақ ра­дио­сы­ның «Алтын қорына» жазылды.

«Үш арыс», «Абайым», «Жамбыл  ата», «Жетісу» атты әндері зор же­тіс­тікке жеткізіп өнер са­йыс­та­рын­дағы ең жоғары бағаларын бұ­йырт­ты.

Заманбек Нұрқаділов демеуші болып, қазылар алқасын КСРО халық әртісі, атақты ком­по­зи­то­ры­мыз Еркеғали Рахмадиев басқарған 2000 жылғы Алматыда өткен рес­публикалық «Жаңа ғасырға жаңа ән» байқауында бес әні әртүрлі номинацияларда жеңімпаз атанды. «Абылай» атты Темірхан Медет­бе­ковтің өлеңіне жазылған әні осы зор байқаудың «Гран при» бәй­ге­сін жеңіп алды. Қазақ тілін на­си­хат­тау және үйрену мақсатында шы­ғарылған «Қазақша караоке» жи­нағына М.Егінбаевтың 35-тей әні енгізілді. Бұл да зор жетістіктің айғағы емес пе?

Мұратханның бір тамаша мі­не­зі: қандай әнін болсын өріссіз тас­та­майды, баққан малындай барлап қиядан көз салып отырады. Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов, Дәлел Уашев, Рамазан Стамғазиев, Мах­мұт Тойкенов, Майра Нұр­ке­но­ва, Айткүл мен Қанат Құдай­бер­геновтер Алатауды дүбірлетіп Мұ­ратханның әнін таратуға үлкен үлестерін тигізсе, Талдықорғанда һәм республикамыздың қай түк­піріне барсаңыз да «Үш арысты» да, Мұратханды да білмейтін адам кемде-кем, әсіресе, жас әншілердің досы болып кетті. Елімізде Алаш рухты күш алған, ұлттық бол­мысымыздың бағы жанған тәуел­сіз­діктің өрге ұмтылған адуынды шағы ғой.

Сталиндік репрессиядан адам сенгісіз зомбылыққа ұшырап жазықсыз атылып кеткен аға­ла­ры­мызды, даналарымызды ұлттың алтын шоқтығын Сәкен, Ілияс, Бейімбет қана емес, өзге де тап солардай тағдырды бастан кешкен арыстарды ел қайта көтерді. Мұ­рат­хан барлық әндерін құрас­ты­рып, нотасымен жақсылап шы­ғар­ған кітабының атын «Әнім менің Алашым» деп атапты. “Үш арыс” туғалы ширек ғасырдан астам уақыт өтті, оның жалғасын ком­по­зи­тор Алаштың көптеген арыс­та­рына жеткізді. Кітабындағы басты бағыт, негізгі арқауы да патриот­тық рух деп ұқтым. Бұл үлкен сазгер, елім деп еңіреп туған өнер­паз­дың ісі, ойшыл композитордың ақылмандығы. Мұратханның «Үш арыс» атты бір әнінің тарихының қырын, сы­рын айтқанда оның бүкіл шы­ғар­машылық жолын талдаудан аулақ­пын. Тек қана әннің де, ком­по­зитордың да тума тарихын си­пай қамшылап айта кетіп жат­қа­ным ғой.

Негізінде «Үш арыс» Мұрат­хан­ның ғана емес, өткен ғасыр­дағы қазақ әндерінің айтулы асыл­да­рының бірі болып, қазақ ән та­ри­хынан елеулі орнын алды, қа­жет­тілігі, сұранысы мол дүние туды. Кейіпкеріміз: «Аққудың көркі кө­лімен, ақынның көркі елімен», дегендей, Ілияс Жансүгіров тақы­ры­бын жерлестігінің арқасында, дүлдүлдің баласындай болып кеткен бауырмалдығымен кеңейтті. Әлі де кеңейте берер деп сенемін.

Нұрғиса Тілендиев жайлы бір әң­гіме қозғалып кеткенде өзбек хал­қының асыл перзенті, ардақты көсемі Шараф Рашидов аға­мыз­дың: «Адам мен адамды қоса біл­ген адам жақсы кісі, ел мен елді қоса білген дана кісі», – деп еді. Ілияс ағамыздың «Құлагері» Көк­шетау мен Жетісуді мәңгілікке же­тер­дей қосып кетті.

Сол ойымды жет­кізер «Жетісу мен Көкшедей» деген өлеңімде:

«Тойлы ауыл Сырымбеттің саласында,

Көз салсаң оза тартқан қарасынға.

Құлагер шауып жүрген секілденер,

Көкше мен Жетісудің ара­сын­да( – деген едім. Бұл өлеңді де Мұратхан (Үш арыстың( жал­ға­сын­дай етіп тамаша әнге қосты. Бір естіген жан есіне ұмытпастай сақ­тап кетер ән болған соң көк­ше­тау­лықтар да, талдықорғандықтар да, алматылықтар да бұл әнді бабына келтіре шырқап, жастарға үзіл­мес үлгі көрсетті.

Қазіргі еге­мен еліміздің, дербес мем­ле­кеті­міз­дің басты мақсаты, ішкі даудан, сыртқы жаудан халықтардың достығы, мызғымас бірлігі арқылы өркениет жолында өрлей беру болса, Мұратхан әндерінің де бұл үрдіске қосқан еңбегі аз емес. Талантты композитор бүкіл ұлт­­тық ұран болған сахараны сақ­тап қалған даналарымызды, көш­пелі күннен бүгінгі күнге дейінгі айтулы арыстарымызды ұлағаттап келеді. «Абылай», «Қаракерей Қа­бан­бай», «Райымбек баба», «Ма­хам­бет», «Алаштың асыл ұлдары», «Желт­оқсан таңы» әндері сұлу саз­дан жасалған музыкалық ұлттық се­­риал десек те артықшылығы болмас.

Жоғарғы айтқандарымызға Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билерге, Абайға, Шоқанға арнаған әндерін қоссақ, артық мақтағаным болмас. “Біз қазақпыз, азатпыз” атты әнінің: Түркі тектес тіліміз, Алты Алаштың біріміз. Тайталасқан тағдырмен, Жетті әлемге үніміз, Әлқисса, біз қазақпыз, Біз қазақпыз, азатпыз! — деген қайырмасын шырқағанда өзі де құл­шынып кетеді, басқа айту­шы­лар да аламан бәйгедегі сәйгүлікше жұлқынып ерен тебіреніспен құл­шынады. «Мына пәлекет досың та­уып кеткен екен», – деп Нұр­ғиса ағамыз да мақтағанда: «Сізге тартқан ғой, шапшаңдығы да, керекті сарынды тауып, таң қал­дыруы да ұқсап тұр», – дегенім бар. Ол кезде Мұратхан шын мәнінде де қай сайысқа түссе де шаң жұтпай озып шығар дәрежеге жеткен болатын.

«Үш арысты» Нұрағаң да қатты ұнататын. Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, «Батырлар жыры» байқауының жеңімпазы атанған, қазақ тілін дамытуда әнмен қосқан үлесімен озық төрге шыққан Мұратхан Егінбаевқа осыдан ширек ғасыр бұрын туған «Үш арыс» әні шабытына  шабыт қосты. «Қазақтың ірілері, Абайдың інілері: Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің» аруақтары жебеді деп білемін.

Пікірлер