М.Әуезов театрының актері Бауыржан Қаптағай Зигбург атындағы Халықаралық кинофестивальге қатыспақ

2237
Adyrna.kz Telegram

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Қаптағай «Қожайындар»  (реж. Ә.Ержанов) фильмімен  Германияның Зигбург қаласында өтетін Халықаралық кинофестивальге қатыспақ.  

Бұған дейін «Партизандық кино» қозғалысының өкілдерінің бірі Әділхан Ержанов түсірген «Қожайындар» фильмі әлемдегі ең абыройлы елдердегі (Канн, Торонто, Австралия, Оңтүстік Корея) кинофестивальдерде көрсетілген болатын.

Шалғайдағы ауылдағы ұлтарақтай жерге таласқан жандардың тартысы бейнеленетін «Қожайындар» фильмінде қазақтың бұрыннан бүгінге дейін жойылмай келе жатқан жер дауы, үй таласы мәселелері көрініс табады.

«Мен – киноның емес, театрдың актері екендігімді атап айтқым келеді. Түсірілім барысында режиссермен ойымыз сәйкеспей, бір-бірімізбен түсінісе алмай қалған кездеріміз де болды. Фильмде бейіттің басында қайтыс болған адамды жерлеп жатып, ауылдың үлкені ретінде сөз сөйлеп, соңында: «өмірде биден басқа не бар» деп билейтін тұсым бар. Ал, ол – қазаққа жат дүние. Бірақ, тереңірек үңіліп қарасақ, қазір өлімнің өзі ойыншыққа айналып бара жатыр. Өлім шыққан үйге «ой, бауырымдап» жылап, үн шығарып кіруге қаланы қойып ауылдың өзінде тосырқайтын болдық. Соған қарамастан, өз басым өмір бойы қаза үстіне «ой, бауырымдап» кіремін. Міне, режиссер бүгінгі күннің шындығын суреттейтін осындай элементтерді фильмде ұтымды пайдаланған», – дейді Б.Қаптағай.

«Сонымен қатар, жас режиссер Ә.Ержановқа бір таңғалатыным – өзінің ішкі ойын кино арқылы көрсете алатындығы.  Оның жолы бөлек, дара және ол бетке алған тұсынан айнымайды. Сол себепті  мойындасаңыз да, мойындамасаңыз да Қазақстандағы он режиссердің қатарына кіретін Ә.Ержановтың фильмі Германиядағы кинофестивальге қатыспақ» деген актер осы сапарында әлем елдерінің үздік кино-туындылары көрсетілетін фестивальде кино саласының даму бағыттарын бақылап қайтпақ.


Дайындаған Мөлдір БЕКЖАН

Пікірлер