Ұлы ақынның домбырасы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде сақталып тұр
Домбыраға қол соқпа
Шымырлатып бір-бірлеп. Жүрегім, соқпа, кел тоқта, Жас келер көзге жүр-жүрлеп.
Қайғылы көңілім қайдағы Бұрынғымды жаңғыртар. Қайратты алып бойдағы, Басымды қайғы қаңғыртар |
Абай Құнанбаев
Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысымен биыл 2020 жылы Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы тойланады. Соған байланысты халықаралық дәрежеде көптеген іс-шаралар өткізілетіні анық. Бұл іс-шаралардың негізгі мақсаты Абайдың тұлғасын жоғары дәрежеде дәріптеу болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге. Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы» - деп айтқан. Осыған орай бұл мақалада Ұлы данышпанның көзі тірісінде пайдаланған домбырасы жайлы баян етіледі.
Ұлы ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, композитор Абай Құнанбайұлы 1845 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Шыңғыс тауы бөктерінде дүниеге келген. Шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау етіп, қазақ әдебиетін жаңа деңгейге көтерген Абай Құнанбайұлы ұлттық музыкада да үлкен із қалдырды.
Академик Ахмет Жұбанов: «Абай қазақ музыкасынан ерекше орын алады. Абай әндерінің мелодикасы, ырғағы, формасы өзіне дейінгі келген қазақ әндеріне ұқсамады. Абай әндерінің әрқайсысының өзіне меншікті өлеңі болды. Бұл жәй – музыка мен сөздің кәсіпқойлық дәрежеде қосылуы болды. Осының өзі айта қалғандай жаңалық. Абай музыка шығаруға сөз арқылы келді» деп баға берді.
Абай атамыздың артынан өзінің өлеңдері мен қара сөздерінен бөлек, өзінің ішкі жан дүниесінің махаббаты мен қайғысын күй арқылы білдірген домбырасы Алматы қаласындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде негізгі экспонат ретінде көптеген жылдар бойы көрермен назарына ұсынылып келеді. Домбыраның құрылысы: ұзындығы 88 см, мойын ұзындығы 50 см, 12 пернеден тұрады. Басында үш құлағы орналасқан, қарағай ағашынан жасалған, түсі қоңыр. Шанағында 10 дыбыс саңылаулары бар. Өкінішке орай бұл аспапты жасаушы ұстаның есімі және қай жылдары жасалғандығы жайлы ешбір деректер жоқ.
Әлемге кемеңгер ойшылдың бұл жәдігерінің тарихына келер болсақ, бұл домбыраны Абайдың өзі және ақынның ұлы Ақылбай қолданған. Кейін бұл аспап мұра ретінде Ақылбайдың ұлы Исраилға қалды. Ұлы ақынның немересі Исраил бұл домбырамен облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі байқауларға қатысып жүрді. 1959 жылы Исраил дүние салып, кейіннен қыздары жәдігерді Семейдегі Абай Құнанбайұлының әдеби-мемориалдық музейіне тапсырған. Ал, 1981 жылы Алматы қаласындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі қорына алынды. Қазіргі таңда аспап аталған музейде сақтаулы тұр.
Осы аспаптың ерекшелігін айта кететін болсақ оның үш ішекті болып келуінде. Мұндай үш ішекті домбыралар Шығыс Қазақстан өңірінде кеңінен таралған. Яғни, осындай аспапта ойнау шеберлерінің бірі Абай атамыз деп нақты айта аламыз. Онымен қоса, Ұлы данышпанымыздың өзінің шығарған күйлері «Май түні», «Майда қоңыр», «Торы жорға», «Абайдың желдірмесі» осы үш ішекті домбыраға арналған.
Абай Құнанбайұлы қазақ халқының музыка мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан кемеңгер азамат. Осы Ұлы тұлғаның домбырасын көремін деушілерге Алматы қаласындағы Ықылас атындғы халық музыкалық аспаптар музейінің есігі сіздер үшін әрдайым ашық.
Абзал Сүлейменов
Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің ғылыми қызметкері