Жамбылдық келіншек мемлекеттік бағдарламамен 18 сиыр сатып алды

3929
Adyrna.kz Telegram

Мәселен, Жамбыл ауданы, Аса ауылының тұрғыны Динара Бибазарова осыдан 3 жыл бұрын «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамының облыстағы филиалынан 6 миллион теңге несие алып, ол қаржыға 18 сиыр сатып алған еді. Ол бастапқыда қандай кәсіппен айналысуға болатынын әбден зерделеп, ақыры ауыл шаруашылығымен айналысуға бел буған екен. Десе де несиеге қол жеткізу өте ұзақ мерзімге ұласатынын, екінің бірі мемлекеттік қолдауға ие бола бермейтінін өзгелерден естігенде көңілі су сепкендей басылған көрінеді. Алайда кәсіппен айналысуға деген ынтасы оның үйде бекерге қарап отыруына ерік бермеген.
– Несие алу үшін қаптаған құжат жинаудан шаршайтын, әр мекемеге бір сабылып, орта жолға келгенде қолын бір-ақ сілтеп, алған бағытынан кері шегінетін адам мен емес. Мен өзіме «өз алдыңа бір істі бастауға назарың ауды ма, ендеше, сол істі соңына дейін жеткіз» деген биік мақсат қойдым. Міне, соның арқасында қазір өз ісімді дөңгелетіп отырмын. Осы ретте мемлекеттің көмегіне, аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандарына айтар алғысым шексіз.
Жалпы мал шаруашылығымен айналысатын адам сатылатын малдың бағасына емес, оның дені сау болуына, барған жерін жерсіне алатын артықшылығына қарау керек. Шаруашылығың сүт бағытында болса сүтті, ет бағытында болса етті мал алуға басымдық берілуі қажет. Өйткені мен әйел адам болғандықтан, күйеуім мен енем күндіз жұмыста жүргендіктен, мал-жанға қарау өзіме жүктеліп, істің көзін табу оңай болған жоқ. Сиырды сатып алған жылы 5-еуі белгісіз жағдайда өліп, айтарлықтай шығынға баттық. Дегенмен қалғанын бағып-қағу, жемшөп үшін тығырықтан шығудың жолын күйеуім Нариман екеуміз бірге қарастырдық. Шынын айтқанда, біразын бордақылап саттық. О бастағы мақсатым да ірі қараның басын төлі есебінен көбейту болған еді. Алайда мүйізді ірі қараның кейбірін бордақылап сатып, одан түскен қаржыны несиені жабуға, сауын сиырлардың жемшөбін алуға, сатылған малдың орнын толтыруға жұмсау арқылы тығырықтан шықтық. Бүгінде сиырларымның есебі түгел. Күніне екі мезгіл 5-6 сиыр сауамын. Өзім ашқан «Айару» жеке кәсіпкерлігі қазір Аса ауылына қарасты балабақшалар мен бірқтар ауыл тұрғындарын сиыр сүтімен қамтамасыз етіп отырған жайы бар,– дейді Динара Шералықызы.
Жамбыл аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Асқар Жанқоразов бұрын кәсіптің нәсібін көрем деген азаматтарға «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы үлкен демеу болып келсе, 2017 жылдан бері бұл бағдарламаның орнын «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы алмастырғанын айтады.
– Бұл бағдарлама ауданымызда жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мәселен, шағын несие алып, кәсібін дөңгелетемін дегендерге қазірде айрықша қолдау көп. Биылғы жылдың жартыжылдығының өзінде 74 адам шағын несиемен қамтамасыз етілді. Олардың 70-і несиеге «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы қол жеткізсе, қалғаны «Атамекен– Тараз» шағын несие ұйымынан алды, – дейді А.Жанқоразов.
Биыл мемлекеттен шағын несие алып, оған сауынды сиыр сатып алғандардың бірі – аталған ауыл тұрғыны «Шадияр» жеке кәсіпкерлігінің иесі Жұбаныш Айниязов. Ол да «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамының облыстағы филиалы арқылы 4 миллион теңге алып, оған 14 сиыр сатып алыпты.
– Несиені 6 пайызбен 5 жылға алдым. 14 мүйізді ірі қараның бесеуі сауын сиыр. Оны ауылдағы үйде қолда ұстап отырмын, қалғанын бір шаруа қожалықпен келісіп, ақыға бақтырып отырмын. Мал шаруашылығымен айналысуыма ауылдастарымның ісі арқау болды. Нақты айтқанда, бұрыннан азық-түлік сататын дүкенім бар еді. Дүкеніме үйінде бір-екі сиыр ұстап отырған көршілерім сауып отырған сиыр сүтінің өздерінен артылғанын әкеліп қойып жүрді. Ал ол сүтті келгенін келгеніндей тұтынушылар талап әкететін. Осы жайттар көз алдымда болып жатқан соң, несиеге болса да сиыр алып, сүтін сатуға бел будым. Қазіргі таңда күніне сауылған 25-30 литр сүттің әр литрін 130 теңгеден өткерудемін. Табысымыз өзімізге жетеді. Алдағы уақытта қосымша жұмысшылардың көмегімен мал шаруашылығының өрісін кеңейтіп, өз алдына ауыл сыртынан шаруашылық ашсам деген ойым бар, – дейді Жұбаныш Қуанышбайұлы.

«АДЫРНА»
ұлттық порталы

 

Пікірлер