Бүгін Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов елімізде жұмыссыздық жоқ екенін, тек бұл саланың тиімсіз басқарылып отырғанын айтты. ҚР Премьер-Министрі А.Ұ.Маминге жолдаған депутаттық сауалында ол елімізге заңсыз келіп жатқан мигранттардың саны жұмыссыздардың санынан асып отырғанын ескерді.
Қазақстан Республикасының еңбек министрлігі келесі жылға шетелдік жұмыс күшін тарту квоталарын жоспарлай отырып, осы квотаны екі есе қысқартатындығын жариялады. Министрдің айтуынша, бұл шаралар елдің ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жасалып отыр.
Сонымен қатар, 2019 жылы шетелдік жұмыс күшін шақыру квотасы 49 мың адамды құраған. Бірақ, 2019 жылдың 1 қазанындағы ақпарат бойынша Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін шақыруға берілген рұқсаттардың ресми саны 21 мыңға да жетпейді.
Ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін шақырушы 2396 жұмыс беруші кәсіпорындар тіркеліпті.
Алайда, ресми статистика мен Қазақстанға келіп, нан тауып жүрген шетелдік жұмысшылардың нақты санының айырмашылығы жер мен көктей екендігі бәрімізге мәлім.
Мысалы, Көші-қон комитетінің мәліметтеріне сәйкес, 2018 жылы Қазақстанға Өзбекстан мен Тәжікстаннан 551 мың еңбек мигранттары келсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 600 мыңнан асады деп болжанып отыр.
Бірақ, бұл мигранттардың саны Еңбек министрлігінің шетелдік жұмыс күші квотасы бойынша есебінде ескерілмейді. Сондай-ақ, шетел азаматтарының Қазақстаннан сыртқа қанша қаржы шығарғандары жөнінде де ешбір ресми ақпарат жоқ.
Жоғарыда келтірілген еңбек мигранттарының санына салып есептесек, шетел асқан қаражат көлемі миллиардтап есептеледі,ал бұл қаржы Қазақстан азаматтарының жалақысы болып еліміздің экономикасында қалар еді.
Сонымен қатар, Статистика комитетінің мәліметтеріне сәйкес, ел ішіндегі жасырын жұмыссыздықты есептемегенде, жұмыссыз азаматтардың саны 440 мың адамнан асқан.
«Бұндай жағдай, уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан еңбек нарығының ахуалына жеткіліксіз көңіл аударғанынан туындап отыр деп есептейміз. Өзіміздің 440 мың азаматымыз жұмыссыз отырғанда, мыңдаған шетелдік еңбек мигранттары олардың орнын басып отыр» - деді «Ақ жол» фракциясының депутаты Б.Дүйсембинов.
Осыған байланысты Үкіметтен:
- Мемлекеттік органдарға, шетелдік жұмыс күшін шақыру бойынша ресми есептерінде еңбек мигранттарының нақты санын ескерулерін тапсыруын;
- Шетелдік еңбек мигранттары Қазақстаннан шығарған қаражат көлемі туралы толық ақпарат беруіңізді өтінеді, себебі бұл жалақыны қазақстандықтардың өздері алып, шетелге шығармай ел экономикасына құюы тиіс еді.
- Қарапайым азаматтардың жалақысын көтеру мақсатында, шағын және орта бизнестің еңбек ақы қорына салынатын жүктемені азайту мен басқа стимулдарды қарастыруын сұрады.
"Адырна" ұлттық порталы