Арман СҚАБЫЛҰЛЫ. "Қазақ едім дегенше...."

4032
Adyrna.kz Telegram

Демалыс күндері таксимен жүретінім бар. Интернет сұмдық дамыды ғой. Шақырған таксиіңнің мәшине нөмірін ғана емес, жүргізушісінің де есімін біліп отырасың. Бүгін де "индрайверге" тапсырыс жібергенмін. "Бес минутта келеді" деген жауап келді. Тез киініп тысқа шықтым. Таксиге кіре "Ассалаумағалейкүм!" деу менің әдетім. Рөлде қазақ екенін мана хабарламадан көргенмін. Екінші әдетім, жүргізушінің қайдан келгенін сұраймын. Бәріміз де Астанаға әйтеуір бір жақтан келдік қой. Таксишілер көбіне оңтүстіктен болып шығады. Оған да ет үйренген. Бұл жолы жауап басқаша болды.
-Ресейден келдім!-деді орта жастан асқан жігіт ағасы көлігін оталдырып жатып, -Тамбов деген жерді білетін шығарсыз?
-Қазақтар онда қайдан жүр?-дедім таңғалысымды жасыра алмай, -Орынбор, Омбы десеңіз ойға қонады...
Ресей қазағы үнсіз қалды. Сосын ауыр күрсініп қойып, әңгімесін бастаған.
...Ақмола оның ата-бабаларының кіндік қаны тамған жер. Осы өңірде үлкен аталары Спан болыс деген кісі өмір сүріпті.Руы-Арғын. Болыс көзі қарақты, оқыған кісі болса керек. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының біразы оның үйінен дәм татып, әңгіме-дүркін құрып кетеді екен. Сәкен Сейфуллинмен жақын аралас-құралас болғанға ұқсайды. Атаман Анненковтың азап вагонынан қашып шыққан Сәкен біраз уақыт осы Спан болыстың қыстауында жасырынған деген дерек бар. Қош, сонымен Қазан төңкерісінен соң Спан болыс ешқайда қашпай, Ақмолада тұра береді. Малын кедей-кепшікке таратып беріп, жаңа өкіметке жаққан сыңайлы. Ұжымдастырудан да, кәмпескеден де аман шыққан. Бәлкім, ескі дос Сәкеннің көмегі тиген болар...Ол жағы әлі белгісіз. Отыз жетінің зұлматы жеткенде Спан болыстың да басына қара бұлт үйіріле бастайды. Алдымен Сәкен тұтқындалды деген хабар жетеді. Көп кешікпей туысқандарымен кешкі шәй ішіп отырған Спан болыстың үйіне НКВД-ның құзғындары сау ете түседі.
-Менің әкем, яғни, Спанның баласы-Хакім ол кезде он алтыдағы бозбала екен!-деді жүргізуші сыртқа, күзгі Астанаға қарап қойып, - "Құзғындар" әкетіп бара жатқан атамның артынан жүгірген екен, атам оны танымаған кейіп танытып, "өз әке-шешеңе бар " деп итеріп тастаған көрінеді. Әкемді сол жерде тұрған туыстар өздерімен алып кеткен. Атамыз сол кеткеннен оралмады...Атылды.
...Таксиші тағы үнсіз қалды. Сыртқа көз тастағанмын. Жаңбырдың соңы қарға айнала бастапты. Жолда кептеліс. Бола берсін! Мына кісінің әңгімесі қызықтырып барады.
-Әкем бір жылдай туысқанның үйінде жасырынып жүреді. Көрші-қолаң, ағайын-туыс дегендер тыныш жатпайды. "Спан болыстың ұлы пәленнің үйінде жасырынып жүр" дегендей арызды тиісті жерге жазып жібереді. Сөйтіп Спанның ұлы Магаданнан бір-ақ шығады. Қаршадай баланы он жылға соттап, ауыр жұмысқа жегеді. Азаптайды. Не үшін? Оның кінәсі не? Бар болғаны болыстың баласы болғаны үшін ғана ма?
...Таксиші болыс баласы-әкесінің Магаданда көрген қорлықтарын айтқан соң біраз уақыт үнсіз қалды.Осы сәтті пайдаланып мен де ұялы телефоныма шұқшидым. Егер айтып отырған әңгімесі рас болса, Спан болыс жайлы бір дерек мынау ғаламторда болуы тиіс! Бұл таксишіге сенбегендігімнен емес, журналистік қызығушылығым еді. Таптым! Ақмола өңірінде Спан болыс деген кісі болған. Және де қандай ісімен аты қалған? Оқыңыз!
«Жиырмасыншы ғасырдың басында Столыпиннің реформасынан соң қарашекпенділер /орыстар/ қазақ даласына шұбырып келе бастайды. Олар ең бір құнарлы жерлерге рұқсатсыз үй сала бастаған.Сол кезде Ақмола түбіндегі Тайтөбеге келген орыстарды Темеш руының СПАН ДЕГЕН БОЛЫСЫ баспаналарын бұзып, өздерін қамшының астына алып, қуып жібереді. «Сарыарқа» газеті»
Ал, керек болса! Спан атамыз жәй ғана болыс емес, елім деп еңіреген ер екен ғой! Ал, оның жалғыз тұяғы?
-Әкем Магаданда соғыс басталғанға дейін болды,-деді таксиші,- Қырық бірінші жылы немістер Кеңес Одағына лап бергенде қан майданға сұранып, қайта-қайта арыз жазыпты. Азап лагерьдің тамұғынан соғыстың тозағын артық көрген-ау шамасы. Спан атамыз баласына білім беруден аянбаған екен. Магаданда жүргендердің ішінде болыстың баласы басқаларға қарағанда білімі терең, орыс тіліне өте жетік болған. Оның үстіне Кеңес әскері фашистерден күйрей жеңіліп, алды-артына қарамай қашып келе жатқан кез ғой. Әскерде адам сұмдық жетіспеген. Осының бәрі себеп болды ма, әкеміз әскерге алынып, майдан даласынан бір-ақ шығады. Кіші офицерлер дайындайтын курстан өтеді. Әкесін атып, өзіп азап лагеріне аттандырған «Отанды» қорғап, талай ерліктер жасап, соғысты Берлинде жеңіспен аяқтайды. Жұрт жеңіс тойын тойлап, артынып, тартынып елдеріне қайтып жатқанда әкем оларға қызыға қарап тұрып, ойға батады.
«Елге барғанда не істеймін?-дейді өзіне өзі,-Буыны қатпаған бозбаланы шырылдатып НКВД-ның табанына салып берген ағайын әлі өлген жоқ! Ертең елге бара қалса тағы да арыздарын жоғарыға жаудырмасына кім кепіл? Спанды аямаған қазақ оның баласын аяушы ма еді? Сәкендерді жұтқан ағайын болыстың баласын тірі жүргізбес...»
Таксиші тағы үнсіз қалды. Сыртта қарлы жаңбыр. Ойыма Табыл достың өлеңі оралды.
«Қазақ едім дегенше, құсалықпын десеңші,
Тұзағына талайдың тұсалыппын десеңші,
Сәке, Ілияс, Бейімбет үш арысты бір түнде,
Арамыздан ап кеткен үш әріппін десеңші...»
«...Қазақтың жеріне қазық қадаған «қарашекпенділерге» қамшы үйірген болысты аямаған қазақ оның баласын аясын ба? Не деген сатқын едік? Не деген жалтақ едік? Ағайынды көре алмай, аяғынан тартар қандай аяр едік? Бармаймын! Қайтпаймын ол елге!»
Соғыстан қираған Берлиннің үйінділерінің ортасында тұрып болыс баласы осыны ойлаған. Оның осылай жолайрықта тұрғанын сезген майдандас достарының бірі Ресейдің Тамбов қаласына бірге жүруді ұсынған. Хакім қуана келісті.
Тамбов қазақтың баласын жақсы қарсы алды. Үй берді. Жергілікті әскери комиссариаттың бастығы қызметін ұсынды. Былай қарағанда бәрі жақсы. Ештеңеге алаңдамай өмір сүре бер! Қайдам! Қанша өкпелі болса да Сарыарқаның сар даласына деген сағыныш жүрегіне маза бермейтін. Қара орман орыстың ортасында жүрген жалғыз қазақ сол бойы жұтылып кетер ме еді, бір күндері Тамбовқа қандастары келмегенде...
Қырқыншы жылдардың соңында Тамбовқа, қаланы қалпына келтіруге, Қазақстаннан, Қызылордадан үш қыз келеді. Үшеуін көрген Хакім сағынып жүрген Сарыарқасы көшіп келгендей қуанады. Үшеудің бірі-өзі сияқты жетім, ақсары қыз Айжанмен көңілі жарасып, шаңырақ көтереді.
-Әкем анаммен бақытты өмір сүрді,- деді таксиші маған қарап қойып,- Бірнеше бала сүйді. Ес білгеннен үйде қазақша сөйледік. Бір-бірімізбен орысша тілдескенімізді байқап қалса қатты ренжитін. Сонау Тамбовта жүріп қазақтың тарихын оқыдық. Әкемізден шежіре тыңдадық. Кейде қара домбыраны қолына алып, күмбірлетіп күй шертіп отыратын. Елде қандай атақты тұлғалардың бізге туыс болып келетінін біліп өстік.
Сексенінші жылдары әкем қатты ауырды. Жасы да келіп қалған. Көп өмірі қалмағанын өзі де, біз де сездік.
-Әке, олай-бұлай болып кетсең елге апарып жерлейік,-дедім мен оған,-Өзіңіз де соны ойлап жатқан боларсыз?
-Жоқ!-деді ол қатуланып,-Ол ел үшін мен баяғыда өлгенмін! Басыма келіп дұға оқитын ешкім қалған жоқ онда!..
Көп ұзамай әкем өмірден өтті. Өзінің соңғы қалауымен Волгоградтың Мамаев қорғанына жерледік. Өле өлгенше ағайынға деген өкпесі тарқамай кетті. Жүрегіне шемен болып қатып қалған екен ғой...
Таксиші көкірегін кере тағы күрсінді. Мен сөз таппай сыртқа қарадым. Ағайын үшін ұялғаным шығар...Баратын жеріме жетіп қалған екенмін. Түсуге ыңғайлана бастадым.
-Он жыл бойы Астанадамын!-деді таксиші көлігін тоқтатып жатып,-Әкемнің туыстарын таптым. Елмен бірге өсіп, өніп жатырмыз. Атам Спанның осында қарағайдан қиыстырған зәулім үйі болған екен! Архив қопарып жүріп оны да тауып алдым. Әлі тұр. Әлдебір компаниялар иемденіп алыпты. Бар дәйек, деректерімді қосып жоғарыға хат та жаздым. Жауап жоқ.Мен оны пайда көрейін деп даулап жүрген жоқпын! Сыртына ең құрығанда «Қазақтың Спан болысы тұрған үй» деп жазылса деймін. Атам жазықсыз атылды, әкем өмір бойы соның зардабын шекті... Бұл дүниеде бір әділеттік болуы керек қой,бауырым! Солай ма?
Жауап қатпадым. Таксиші жүріп кетті. Ойға шомып келемін. «Әй, бере қоймас...Бұрынғы Үкімет үйінің өзін жекешелендіріп жатқандар Спан болыстың үйін ұрпағына тірі тұрып бере ме? Әй, бере қоймас...»
...Сәлден соң Астананың зәулім үйлерінің арасымен келе жатып, қарағайдан салынған бірнеше көне ғимаратқа көзім түскені. Болыстың үйі осылардың бірі шығар?..

Пікірлер