Жамбылда «Ортақ Отан – Қазақстан!» атты облыстық форум өтті

3720
Adyrna.kz Telegram

Біз – сонау тоқсаныншы жылдары тар заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарын Атамекенге жинаған әлемдегі үш елдің бірі болғанымызды мақтанышпен айтуымыз керек.

Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының және «Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының ұйымдастыруымен шетелден қоныс аударған қандастарымызды қолдау мақсатында «Ортақ Отан - Қазақстан!» атты облыстық форум өтті. Форумның қәдірлі қонағы болып қауымдастықтың төрағасының орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, Қазақстанның Еңбек Ері Сауранбай Дөненбаев, «Мыңарал Тас Компани» ЖШС бас директоры Мұртаза Бұлұтай және өңірдің зиялы қауымы, ардагерлері қатысты. Форум өзге елден өз елімізге қоныс аударып жатқан қандастарымызға арналған «Дала даналары» фильмінің көрсетілімінен басталды.

Алқалы жиында сөз алған Зауытбек Тұрысбек сонау 1991 жылы 31 желтоқсанда Қазақ радиосынан экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шетел қазақтарына арнайы мəлімдеме жасағанын еске алды.

"Президент өз сөзінде,   әлемнің әр елінде ғұмыр кешіп жатқан бауырламызды елге қайтуға шақырды. Сол сәлемдеме сөзден бастап Қазақстанға келемін деп ат басын бұрып, ұлы көштің теңін буып, тізгінін қаққан бауырлар Отанға оралудың қамына кірісті. 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайын өткізуге дайындықтың рухани жоспарын тәуелсіздік жарияланғаннан кейін он бес күн өткен соң басталып кетті. Бұл атаулы оқиғаны барша қазақ қуана қарсы алды. Біріншіден, "Отандастарымыз елге оралады, екіншіден қазақтың саны артады" деп бөркімізді аспанға аттық"-дейді ол.

Ал облыс əкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова жалпы, ат қазығын байлар атамекенге тәуелсіздік алғалы бері 300 мыңдай отбасы көшіп келгенін тілге тиек етіп,  ел халқының саны 1 млн қандасымызбен толыққанын жəне Әулиетата жеріне осы жылдары 15018 отбасыдан құралған 57919 қандас қоныс аударғанын айтты. М.Х.Дулати ат. ТарМУ доценті Ж.Сейтқұлова, «Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы Ж.Әсемов, Байзақ ауданының тарихи-өлкетану музейінің директоры С.Қалмұратовтар да сөз алып, шет елде тұрып жатқан қандастарымызды елге қайтару жұмысы əр қарай да жандана түсу керектігін атап өтті. Форум соңында шеттегі қазақтарды тарихи Отанға қайтару ісіне сүбелі үлестерін қосқан бірқатар жамбылдықтар марапатталды.

«АДЫРНА»

ұлттық порталы

Пікірлер