Алты алашқа сүйінші сұрап, шартарапқа шаттана хабарлайтын қазыналы олжаға отандық ғылым қол жеткізді. Түркі бабалар V ғасырда қолына ұстап күй толғаған абыз домбыра Алтай тауының бір сырлы үңгірінен табылды! Қазақ саз аспабының бірегейі құдіретті қара домбыра біздің заманымыздың — V ғасырында жасалған төлтума бейнесімен, міне, біздің қолымызға түсіп отыр.
Бұл — қазіргі мәлімет бойынша әлемдегі шертпе саз аспабының ең көнесі. Әлемнің көптеген еліне тараған ысып ойналатын саз аспабы қобыздың өзін б.з. Х ғасырдан бері қолданыста болған деген тұжырым айтылады. Сондықтан да қобызды ыспа аспаптардың атасы деп атайды. Ал, шертпе аспаптардың ең көнесі және атасы абыз домбыра екендігі ғылыми тұрғыдан дәлелденіп отыр деуге негіз бар. Еуразияның қос құрлығында домбыра аспабы мол тарағанын көрсететін тілдік дерек жеткілікті. Түркі тектес қазақта — домбыра, қарақалпақ, ноғайда — домбыра, тувада — дамбыра, қырғызда — дүңгір, түркіменде — тамдыра, өзбекте — тамбур, орыста — домра, ауғанда — дамбура, иракта — тунбур, монғол тектес халықтарда — домбыр, буряттарда — домбыр, қалмақтарда — дүңгірмә. Бұл атаулардың осылай қалыптасуы — домбыра аспабы еуразия халықтарының ортасына қаншалықты дәрежеде танымал екендігін көрсетеді.
КӨНЕ ДОМБЫРАНЫҢ ТАБЫЛҒАН ОРНЫ
Монғол Алтай жотасының бір сілемі Жарғалант-қайырқан тауы. Осы таудың «Өмнөхөн аман» (Алдыңғы сай) деген жерге орналасқан Нүхэн-хад (Үңгір тас) деген үңгірден біз сөз еткелі отырған көне домбыра табылған болатын. 2008 жылы осы жердің тұрғыны Н.Дандар деген шопан алғаш үңгірге тап болып, оның ішінде мойны қисық саз аспабы бар екенін ауыл мектебінің ұстазы Ч.Энхтөр деген азаматқа хабарлайды. Ч.Энхтөр мұғалім Улан-Батыр қаласында орналасқан Монғолия Республикасы Ғылым академиясының Археология институтына ақпарат жеткізіп, археологтарды шақыртады. Ц.Төрбат бастаған археологтар тобы 2008 жылы 25 маусымда Ч.Энхтөрге келіп Үңгіртастағы үңгірге барып қазба жұмысын жүргізеді.
Үңгіртас үңгірі (GPS) № 47º37′433″ ендікте, Е 92º27′273″ бойлықта, теңіз деңгейінен 1866 метр биіктікте орналасқан. Үңгірдің аузы тік орналасқан. Кіретін адам тура төменге қарай сырғиды. Үңгірдің аузы 86×60 см. Тікше үңгірдің еденінен сыртқы ернеуіне дейінгі өлшемі 95 см. Үңгір іші жалғыз дәліз. Ішкі өлшемі 130×280 см. Үңгірдің дәлізге кіретін сол жақ босағасына аздаған тас үйілген. Бұл жердің қиғаштығына байланысты сырттан сырғып түскен тастар. Археологтар барып көрген кезде үңгірдің ішіндегі жер топырақты алғаш рет осы үңгірді тапқан Н.Дандар қазып сыртқы бетінің алғашқы бейнесіне өзгеріс енгізген. Жалпақтығы 35 см, тереңдігі 15 см жерді қазып көрген. Топырақтарын үңгірдің ауыз жағына қарай үйген. Үңгірдің шығыс жақ қабырға тұсында екі үзеңгі мен ердің қапталы анық көрініп жатқан екен. Ал қабырғаға сүйеулі тұрған саз аспабын Н.Дандар Ч.Энхтөрге апарады. Ердің астыңғы жағынан қорамсақ оғымен табылған. Қазба жұмыстың нәтижесінде бас сүйегі бүтін адамның қаңқасы 1 дана, 20 дана садақтың темір оғы, оқтың ағаш саптары, жалпақ қасты қазақы ер, түрік үзеңгі табылған. Монғолия Республикасы Ғылым академиясының Археология институты үңгірден табылған адам қаңқасына антропологиялық зерттеу жүргізген. Адам қаңқасының палеоантропологиялық анализ көрсеткіші төмендегідей. Онда: бас сүйек жақсы сақталған. Бастың сол жақ еңбегі бұрын жараланып, кейін толық сақайған белгісі қалған. Бас сүйектегі тыртық түу баста қандай бір үшкір ұшты қарумен ұрғызғаннан пайда болған сияқты. Оқтың орны емес. Тыртық мөлшері 3,6×2,0 см. Бас сүйектің төбесі мен маңдайында бас терісінің құйқасы сақталыпты. Адам қаңқасының эпифазы мен бас сүйектің жіктері, тістің жалпы сипатына қарағанда 20-25 жастағы жас жігіт деген қорытынды жасалған. Бойының биіктігі 166,7 см, еркек адам.
ДОМБЫРА
Бұл үңгірден табылған археологиялық олжалардың ішіндегі біздің назарымызды аударған дүние — саз аспабы. Осы саз аспабы туралы 2008 жылы Қазақстан Республикасының 8 газетіне біздің мақаламыз жарияланған. 2008 жылғы Монғолияға жасаған экспедиция кезінде саз аспабы туралы мәліметті алғаннан кейін Үңгіртас жерлеу орнына жұмыс жасаған археолог Ц.Төрбатқа барған едік. Археолог Ц.Төрбат бізге саз аспабын көрсетті. Бірақ, суретін алуға, сызуға ұйғармады. Олар бұл монғолдардың түйеқобызы деп жалтарды. Біз өз пікірімізді айттық. Бұл — домбыра. Міне, мынау бүгінгі қазақ домбырасының тиегі, міне мынау екі құлақтың тесігі, шанақ мынау, мойын мынау, перне мынау деп көрсеттік. Онымен қатар, бұл монғол моласынан табылып отырған жоқ, түрік моласынан табылып отыр. Аспап мойнындағы түрік бітік жазуы мынау. Не үшін мұны монғолдарға тарта бересіңдер деген мәселе қойдық. Сонымен қатар, қобыз деген саз аспабынан ысқылап, есіп үн шығарады. Ол үшін аспаптың мойны жуан болу керек. Ал мынаның мойны жіңішке. Бұл шертіп үн шығаруға арналған аспап дегенді айтып дәлелдедік. Аспаптың мойнының иірілгеніне келетін болсақ, оның себебі мынау. Қандай бір осындай ағашты қабырғаға тігінен қоя салсаңдар дымқыл ауа жерінен ұзақ мерзімнің ішінде мойны иіріліп қисайып қалады. Аспаптың ішегі болған. Сол ішекке тартыла иіріліп мойны қисайғаны белгілі. Аспаптың мойнында бір жол түрік бітік (руна) жазуы бар екен. Жазу түрік тілінің үйлесім заңдылығына бағынбаған. Тұжырып айтсақ, түрік бітігке реформа жасалудан бұрынғы жазу. Қараңыз басқы (ž², j) таңбасы жіңішке айтылатын сөзге, ал үшінші таңба (r¹) жуан айтылатын сөзге жазылатын әріптер. Ғылымда анық болғандай байырғы түрік бітігтің грамматикасы жасалып, б.з. 552-570 жылдары реформаланған. Ал мынау одан бұрынғы дүние. Реформадан бұрын байырғы түрік бітігтерінің әріп-таңбаларын ағымдағы түрде қосып жазатын. Ол дәуірде жазудың грамматикалық ережесі жасалған жоқ. Сондықтан б.з. V ғасыр мұрасы.
Саз аспабына төмендегі жазу жазылған. Онда:
Транслитерациясы:
ž² p r¹ küü čöre: lb²h²d²mz
Транскрипциясы:
župar küü čöre sebit idmis
Аудармасы:
Жұпар күй әуені бізді сүйіспеншілікке бөлейді
Түсініктемесі.
1. Жазу реформадан бұрыңғы. Дәлелі: дыбыс үйлесім ережесі сақталмаған.
2. «küü» лексемасы. Мұндағы B таңба ök, kö, kü, ük деп оқылынады. Бұған қоса (ü) таңбасы қоса жазылған. Өйтсе, «küü» деп оқылады. Бұл сөз ежелгі түрік тілінде «kügü» болған. Ортадағы «g» фонемі түсіп қалып V ғасыр дәуірінде «küü»деп айтылған сияқты. Бүгінгі қазақ тілінің «küj» сөзінің де айтылымы осыған ұқсас. Түрік тілінің осы сөзін қытайлар ерте орта ғасырда «сһ’ü» деп белгілепті (Қараңыз: Giles, 3, 062). Ұйғыр графикалық мәтінде «tükedi Afrin čor Tegin kügi» «Африн-чор Тегін күйі түгесілді (аяқталды)» [Uig.VIII]. Мани гимндерінде (VІІІ-ІХ ғғ), Қараханид дәуірінде (ХІ-ХІІ ғғ), шағатай жазбаларында (ХІV-ХV ғғ), 1172-1173 жылдары құрастырылған шағатай-парсы тілінің сөздігі (авторы Мұхаммад Махди Хаан) [E.J.W.Gibb. Memorial, New Series XX.London. 1960] еңбектерде «köög, küüg, kügi» формада «ән, әуен, күй» деген мағынада берілген [G.Clauson. An Etymological Dictionary of Pre-Thirteenth-Centrury Turkish. Oxford. 1972. ss. 709, 711]. Өйтсе, бұл деректер «küü» сөзін «күй» деп оқып аударуымыздың жөн екеніне дәлел бола алады.
3. «čöre». Бұл сөзді түркі тілдерінің сөздігінен кездестіре алмадым. Қазақ халқы ешкі малы лағынан жерігенде «шөре-шөре-шөре» деп озандатып, әндетіп, әуендетіп отырып лағын алдыратын-ды. Өйтсе, бұл сөз көне түрік тілінің «әуен» деген сөзі екені мағынасынан, қолданысынан өзін-өзі ақтап тұр. Бұл ақпарат бізге — бүгінгі ХХІ ғасырда өмір сүріп отырған бүкіл түркі әулетіне домбыраның күй жанры б.з. V ғасыр дәуірінде әлдеқашан қалыптасып қойғанына дәлел бола алады.
ДОМБЫРА ШАНАҒЫ
Шанақтың бірінші бетіне екі ішекті аспаптың тиегі орналасқан. Алғаш домбыраны ұстап көргенімде шанақтың бетіне тиек жабысып қалғанын көрдік. Сол күйінде фотоға түсірдім. Тиек орнынан қозғалып шанақтың бетіне көлденеңінен емес, ұзына бойымен параллель жабысып қалыпты. Ішек тартылып барып үзілген кезде, орнынан қозғалған. Шанақтың бірінші бетінде иненің көзіндей үш тесік бар. Үлкен тесік жоқ. Домбыраның шанағының беткі беті мойыннан 2 мм-дей биік орналасқан. Үлкен тесігі шанақтың сыртқы бетіне айшық таңбамен ойылып салынған. Айшық — керей тайпасының таңбасы. Шанақтың сыртқы бетіне бұғының, бұланның суреттері ойып салынған екен. Тас бетіндегі суреттерден көп айырмашылығы жоқ.
ДОМБЫРА ПЕРНЕСІ
Пернелерін қайың тоздан тіліп жапсырған екен. Тек қана орны бар. Тоғыз перне. Біз домбыраны жасатқан кезде қайың тозды жапсырып едік сынып, үгітіліп тоқтамады. Сондықтан перненің орнына сүйектен сыздықша тіліп алып мойынның бетіне ойып орналастырдық. Егер қайың тоздың қабығын қандай бір ерітіндіге салып қақырап кетпейтіндей етіп жасасақ дұрыс болар еді. Оған мүмкіндік болған жоқ.
ДОМБЫРАНЫҢ БАСЫ
Домбыраның басы бұғы мен бұланның басына ұқсас. Қазіргі домбыралардағыдай қалақ бас емес. Ежелгі дәуірден келе жатқан аң стилімен жасалған. Қазақ халқы мұсылман дінін қабылдағаннан кейін аң стилін жойды. Себебі, тәңіршілдіктің барлық нышандарын жоймайынша, мұсылман дініне бүкіл халық бой ұсыну мүмкін емес еді.
АҢЫЗ ЖӘНЕ 1500 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ДОМБЫРА
Домбыра аспабының қалай пайда болуына байланысты қазақ халқының ортасында сақталған аңыз аса мол. Солардың біразын Б.Сарыбаев (Қазақтың музыкалық аспаптары. Алматы, 1978), Қ.Жұбанов (Исследования по казахскому языку. Алма-Аты, 1966), Ө.Жәнібеков (Алтын домбыра // Қазақ әдебиеті. 1984, 6-қаңтар), А.Сейдімбек (Күй шежіре. Алматы, 1997) еңбектерінде жақсы көрсеткен. Домбыра және домбыра күйі туралы сөз қозғағанда осы зерттеушілердің еңбектеріне сүйенеміз. Ақселеу Сейдімбек «Күй шежіре» еңбегінде осы аңыздардың екеуіне ерекше назар аударады. Соның бірі Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданының тумасы Арғынбек Қилыбаев ақсақалдың айтуымен хатқа түскен «Қос ішек» күйінің аңызы. «Ертеде бір аңшы жігіт болыпты, — деп айтылады «Қос ішек» күйінің аңызы. — Сол аңшы жігіт биік таудың қиясын, қалың қарағайдың арасын тұрақ еткен бұғы-маралды аулап, кәсіп етсе керек. Бірде жолы болып, биік таудың қиын қиясынан теңбіл марал атып алады да, маралды етекке түсіру үшін ішек-қарынын алып тастайды. Содан, арада айлар өткенде, аңшы жігіт аң атуға ұрымтал жер еді ғой деп, баяғы теңбіл маралды атқан жерге соқса, құлағына бір ызыңдаған дауыс естіледі дейді. Барлап қараса, өткенде атқан маралдың ішегін қарға-құзғын іліп ұшқан болу керек, қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалғанын көреді. Ызыңдаған дыбыстың сол ішектен шығып тұрғанын аңғарады. Қарағайдың бұтақтарына керіле кепкен ішекті сәл ғана жел тербесе ызыңдап, жанға жайлы дыбыс шығарады. Оның өзі бірде уілдеп, бірде сарнап, енді бірде сыңсып жылағандай болып, аңшы жігітті алуан түрлі күйге бөлейді. Сол жерде аңшы жігіт «қой мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амал жасайын» — деп, ішекті үйге алып келеді де, бір аспап жасап, соған қос ішекті тағады. Содан тартып көрсе, шынында да қос ішекке тіл біткендей сұңқылдап қоя береді. Бұл үн аңшы жігіттің ғана жанын жадыратып қоймайды, тыңдаған жанның бәрін ұйытады. Осылайша домбыра көптің сүйіп тыңдайтын аспабына айналады» (А. Сейдімбек Күй шежіре. Алматы, 1997, 192-бет). Қазақ аңызы осылай десе, осыдан XV ғасыр бұрын жасалған Алтай жотасының бір үңгірінде сақталып бізге жеткен кәрі домбыра шанағының сыртқы бетіне бұғының, бұланның суреттері ойып салынған. Ол аз десеңіз домбыраның басы бұғының, бұланның басы. Сонда деймін-ау, бұл кездейсоқтық па, әлде тарихи шындық па? Аңыз не айтса, мына кәрі домбыра бітім тұрпатымен соны дәлелдейді. Бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі дәлелдеп аңызда айтылған әңгіменің ақиқатын айғақтап тұрғандай. Осы аңыздың жалғасы сияқты аңыз-әңгімені этнограф Ө.Жәнібеков ағамыз өз еңбегінде келтірген. Бұл аңыз бойынша, домбыраның шанағына тарихтың тоғыз тарау шежіресі құйылыпты-мыс. Тарихтың сол шежіре-сыры шығып кетпесін деп, домбыраның өн бойына тоғыз тосқауыл перне тағылыпты. Домбыраның мойнының жіңішкеріп, шанағының үлкейіп кетуі содан еді дейді. Күндердің күнінде көне өсиетке ынтық бір дана қарт тарих сырын танып-білу үшін домбыраның құлағын тесіп — тыңдайтын, ішегін тағып — сөйлейтін етеді. Содан былай домбыра шанағынан тоғыз тарау сыр ақтарылатын болыпты дейді (Жәнібеков Ө. «Алтын домбыра». «Қазақ әдебиеті» газеті. 1984, 6-қаңтар). Ал мына көне домбырада тоғыз перне. Үшеу, бесеу, жетеу, жиырма бір емес, тоғыз перне. Аңыз бен кәрі домбыра екеуі тағы да бірін-бірі толықтап, бірін-бірі дәлелдеп тұр.
Үшіншісі «Ақсақ құлан» аңызы. Қаһарлы қаған ұлының өлімін кімде-кім естіртетін болса көмекейіне қайнап тұрған қорғасын құюды бұйырады. Сол кезде ешкімнің жүрегі дауаламай тұрғанда домбырашы келіп «Ақсақ құлан» күйімен естіртеді. Екі көзінен жас аға тыңдаған қаһарлы қаған: «Құй мынаның көмейіне!» деген бұйрық береді. Домбырашы орнынан ұшып тұрып: «Дат тақсыр! Мен емес, мына домбыра ғой Сізге естірт- кен», — дейді. «Олай болса, домбыраның шанағына құй, қорғасынды!», — дейді қаған. Содан бері қазақ домбырасының шанағына тесік пайда болыпты-мыс. Бұл — Жошы қаған дәуірі. Біздің жыл санауымыздың ХІІІ ғасырдың басы. Дәлірек айтсақ, 1220-1227 жылдар шамасы. Ал мына көне домбыра V ғасырдың мұрасы. V ғасыр домбырасының шанағында тесік жоқ. Аңыз бүй дейді. Олай болса, «Ақсақ құлан» күй аңызы тарихи шындықтың айшықты да, анық ақпаратын бізге жеткізіп тұр. Біз жоғарыда ерте орта ғасыр мен орта ғасырда «күй» сөзі туралы ақпараттар мен түсініктеме бердік. Ал біздің қазақ тілінде «күй» лексемасына байланысты талдау берсек (А.Сейдімбектен).
Күй — қазақтың аспапты музыкасы.
Күй — адамның белгілі бір сезім сәті, ол сезімнің қуанышты болуы да немесе мұңды, қайғылы болуы. Адамның көңіл күйі.
Күй — бұйрық райлы мәндегі сөз. Мәселен, «отқа күй», «біреу үшін біреу күймек жоқ», «әбден шыдамым таусылып күйіп кеттім», «нақақ күйдіру» деп келетін бейнелі образды тіркестер.
Күйші — музыкалық аспапта күй тартушы.
Күйле — бұйрық рай. «Домбыраның құлақ күйін келтір», т.с.с.
Күйлеу — етістік. 1). Жан-жануардың табиғи әсерленуі, шағылысуы, сезімге берілуі. 2). Музыкалық аспапты бабына келтіру.
Күйлі — адамның және малдың жай-күйінің мықты болуы.
Күйіт — адамның және көңіл қошының келуі, сезімге бөленуі.
Күйгелек — қызу қанды, тағатсыз адам.
Күйзелу — адамның сезімге беріліп қиналуы, қайғыруы, қажуы.
Осынау «күй» түбірлі лексеманың түпкі мән-мағынасы сезіммен тікелей байланысты. Көшпелі халықтардың соның ішінде түркі-монғол тектестердің дүниетанымы бойынша ең киелі, ең қасиетті ұғым. Өзгенің де, өзінің де ерік-жігерінсіз белгісіз бір күштің құдіретімен берілетін іс-қимыл. Сондықтан да, түркі-монғол халықтарында «күй» сөзі мен «көк» лексемасы «Тәңірдің» синонимі ретінде беріледі. Тұжырып айтсақ, Тәңірлік наным-сеніммен ұштасады. Өйтсе, «kögü, kü:ü, kök» түу баста Тәңірлік құбылысты, Тәңірдің әсерін білдірген. Ежелгі дәуірден бермен қарай «kögü, kü:ü, kök» түрде қолданыста болған осы лексемалардың Тәңірлік наным-сеніммен байланысты болғанын дәлелдейтін тарихи-рухани айғақтар мол.
Түркі халықтарының қағандық заманында қағанның алтын үзікті ақ ордасында әрбір атар таңды күймен қарсы алу дәстүрі болған. Дәлірек айтқанда мұның өзі дәстүрден гөрі тәңірлік наным-сенімнің бір рәсімі ретінде атқарылған. Қаған ордасында тартылатын күйдің саны бір жыл ішіндегі күндердің санына сәйкес 366 болған. Мұны «Тәңірдің 366 тармақ күйі» деп атаған. Жыл басы көктемдегі күн мен түннің теңесер күнінен (наурыздың 22-23-і) басталып, бұл күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп, ұлан-асыр тойға айналдырған. Ұлыстың ұлы күнінде бүкіл қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй тартылған. Байырғы грек тарихшысы Квинт Курций Руф (б.з.д. І ғ.) өзінің «Ескендір жорығы» деп аталатын еңбегінде Орта Азия көшпелілердің Ұлыс (наурыз) мейрамын қалай тойлайтынын жазады. Ұлыс күні таң шапақ шашар сәтте қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға өңшең қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбаланың шығатынын, сонсоң бір жыл бойындағы тәулік санын білдіретін 365 бозбаланың мерекені бастайтынын тамсана суреттейді (Руф К.К. История А.Македонского. М., 1993). Осынау тәңірлік наным-сенім туралы музыка зерттеуші Әбдіқадыр Мұрағи да өзінің «Зүбдәтел әдуыр» деген кітабында былай депті: «Түркі-монғол ән-күйі мынадай үш бөлімге бөлінеді: музыка құралында ойналатын бір түрі бар. Оларды «көктер» деп атайды (көкһа), енді дауыспен айтатын түрлерін «ыр» және «дола» деп атайды. Ал, байырғы түрік елінде күйдің саны 366 болады, бір жылдың ішінде қанша күн болса, соның сонша күйі болады. Оның әрбіреуі бір күнде ханның алдында тартылып отырады. Бұлардың ішінде ең асыл және ең ірісі 9 күй» (Сейдімбек А. Күй шежіре. А., 1997, 150-151-беттер; Жубанов К. Исследования по казахскому языку. А., 1966, с.309). Бұл туралы қазақ күйін зерттеген белгілі этнограф-ғалым А.Сейдімбек былайша түсiнiк береді түсінік береді. Ең бастысы, тәңірлік наным-сенімнен шыққан семантикалық негізі ортақ. Көкті (аспанды, әуені) Тәңір тұтқан қазақ ежелден-ақ уақыт пен кеңістік аясындағы өзгерістерді тәңірлік құбылыс ретінде қабылдаған. Сондықтан да, күні бүгінге дейін қазақтар көктемдегі күн мен түннің теңесер кезін жыл басы санап, «Ұлыстың ұлы күні» дейді. Яғни, мемлекеттің, ұлттың ең ұлы күні деген сөз. Мұндай күнде қаған ордасында киелі 9 күйдің тартылуы Тәңірге деген мінәжаттың белгісі, жыл басын аман-есен көрген қуаныштың айғағы. Мұның әдемі мысалын қазақ халқының күйшілік дәстүрінен әлі де байқауға болады. «Тоғыз тарау» деп аталатын тармақты күй қазақ арасында қазір де тартылады. Тәттімбет Қазанғапұлының бір күйі «Тоғыз тарау» деп аталады. Белгілі «Кертолғау» күйі ертеректе «Тоғыз тарау — Кертолғау» деп аталған тармақты күй екенін көнекөз қарттар айтады» (Сейдімбек А. Күй шежіре. А., 1997, 152-б.). Бұл тарихи деректер көне дәуірдің өзінде домбыра аспабы, күй өнері, оны танып білу, сезіну, құрмет тұтып бойға сіңіру менталитеті бүгінгі деңгейден кем болмағанын көрсетеді. Бұл аз десеңіз б.з. VІІ-VІІІ ғасырында жазылып бүгінге жеткен мына дерекпен танысыңыз. Орталық Монғолияның Баянхонгор (Байқоңыр) аймағы (облыс) Ғалуут (Қаздар) сұмынының Олон-нуур (Көп көлдер) ойпатында орналасқан байырғы түрік ғибадатханасы 2008 жылы табылған. Ғибадатхана орнындағы шарбақтасқа мынандай сөйлем қашалып жазылған: «Ізгілік-чор сегіз түрлі саз аспабын меңгергендігі үшін қатты тастан ғибадатхана орнаттық» (Қ.Жантегін, 2008).
Б.з. VІІ-VІІІ ғасырдың өзінде біздің бабаларымыз көк түріктерде 8 түрлі саз аспабы болғанын, сол аспапты меңгеріп күй тартып, ән айтқан сазгерге арнап мәңгілік ғибадатхана орнатқаны туралы тарихи-рухани мәдениетімізден баға жетпес ақпарат беріп тұр. Саз өнерін, сазгерлік құдіретін кезінде бабаларымыз қаншалық дәрежеде ұлықтап, ұлағат тұтқанын осыдан-ақ білуге болады.
Сол саз аспабының бірі — құдіретті қара домбыра б.з. V ғасырында жасалған тірі бейнесімен міне біздің қолымызға түсіп отыр. Бүгінгі жағдайда әлемдегі шертпе саз аспабының ең көнесі. Әлемнің көптеген еліне тараған ысып ойналатын саз аспабы қобыздың өзін б.з. Х ғасырдан бері қолданыста болған деген тұжырым айтылады. Сондықтан да қобызды ыспа аспаптардың атасы деп атайды. Өйтсе, шертпе аспаптардың ең көнесі және атасы — Домбыра екенін ғылыми тұрғыда дәлелденіп отыр деуге негіз бар.
Тиек
Жоғарыда сөз еткен тарихи деректер мен халықтар арасындағы таралымы шертпе аспаптардың атасы домбыра екенін көрсетеді. Онымен қатар, түркі халықтарының соның ішіндегі қазақ халқының ұлттық ділінің (менталитетінің) музыкалық мәдениетінің биік өресін көрсетеді. Домбыра үніндегі дәстүрлі саз тілінің байлығы, оның болмысы ұлтымыздың жан дүниесімен біте қайнасып кеткендігін білдіреді. Домбыраның майда қоңыр үні тек тылсым сырлы күйі қазақ болмысының, қазақ рухының ұлттық тілі деп тұжырым жасауға мүмкіндік береді.
Редакциядан: Түркітанушы ғалымның ашқан жаңалығы қазақ ғылымындағы сенсациялық оқиға болып табылатындығы анық. Әрі баспасөзде тұңғыш рет жарық көріп отырған бұл мақаланың жариялау құқығы «Дала мен Қала» газетіне тиесілі екенін де оқырман есіне сала кеткенді жөн көрдік.
Қаржаубай Сартқожаұлы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Түркітану және Алтайтану ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Халықаралық Шыңғыс хан академиясының академигі, филология ғылымының докторы
Түпнұсқадағы тақырып: «ЕРТЕ ОРТА ҒАСЫРДАН ЖЕТКЕН МӘДЕНИ МҰРА ТҮРКI ТАРИХЫНЫҢ КӨНЕДЕН ТАМЫР ТАРТАТЫНДЫҒЫНА НАҚТЫ ДӘЛЕЛ БОЛА АЛАДЫ»
Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ,
«Дала мен қала» газеті
.