Жанғали Жүзбаев: Шалақазақтық күйге де келді

3352
Adyrna.kz Telegram

Күй деген – кие. Жанғали Жүзбаев – кие қонған дәулескер домбырашы, алдына жан салмайтын шертпе күйдің шебері.Қара домбырасын күмбірлетіп, тыңдарманның құлақ құрышын қандырып келетін Ж.Жүзбаев «Қазақтың шертпе күйлері», «Шертпе күйдің төрт мектебі», «Ұстаздың педагогикалық репертуары» сынды бірнеше еңбектер жазған. Бүгінде өнерпаз Астанадағы Ұлттық өнер университетінде ұстаздық қызмет атқаруда. «Қаратау шертпесі», «Бес жорға», «Назқоңыр» сияқты техникалық тұрғысынан аса қиын күйлерді Жанғали Жүзбаев қана нақышына келтіріп орындай алатынын өнер зерттеушілері жазып жүр. Және білетіндердің айтуынша, Ж.Жүзбаевтың шәкірттері орындаған күй нұсқалары – ең дұрысы, халықтық нұсқаға жақыны болып есептеледі екен. Күйшімен болған сұхбатты ұсынуды жөн көріп отырмыз.

ӨНЕРПАЗ – ӘРТІС ЕМЕС ЕДІ

– Тарихтан білетініміз, бұрынғы қазақ қоғамында күйші дегеніміз – батыр, сері, ақын сияқты сыйлы адам болған. Қазіргі қоғамда күйшінің орны қандай?

– Дәстүрлі музыкадағы қазіргі жағдайды бір ғана сөзбен сипаттауға болады. Тоқырау. Өйткені қоғамның сұранысы тек қана жеңіл музыкаға толық ауған. Зұлыстардың (негрлерді айтып отырмын) және латынамерикалықтардың (не латын емес, не америка емес, дүбәра ұрпақ) мелодиясы қазақ музыкасына сіңіп кеткелі көп болды. Қазір ұлттық саз өнерінде бірде-бір таза қазақы әуен, мотив, сарын жоқ. Бұл шындық. Одан қашып құтылу қиын, себебі бұқаралық мәдениет шетелдік жаңашылдыққа толық иек артып отыр. Бұрын-соңды қазақ музыкасында мұндай зұлмат болған емес. Соның салдарынан күй де едәуір өзгерді, көп арзандады, киелі сахнада попурри күйлер пайда болды, заманына қарай бейімделе алатын пысық күйшілік үрдіс қалыптасты. Оларды үнемі жарнамалап отыратын өнертанушы ғалымдар шерігі (армиясы) де қалыптасып, толысып қалды.

– Түңіліп отырсыз ғой…

– Бұл – шындық. Қай уақытта өнерпаздың беделі қандай болғанын айтып берейін. Мысалы, Шыңғыс ханның заманында бүкіл хандыққа билігі жүрген Кокочу деген (қазақта Көкше дейді) бақсы болған. «Моңғолдың құпия шежіресі» деген кітапта: «Шыңғыс хан Кокочудің қаһарынан қорқатын еді», – деп жазылады. Бұдан нені байқаймыз? Ол кезеңде қоғамдағы бақсының (бақсы да өнерпаздың бір түрі ғой) беделі жоғары болған. Жошы ұлысы кезіндегі Кетбұғының беделін қараңыз. Алтайдан Дамашық, Палистайнға дейін барған қолбасшы, би болған адам. «Қазақ пен ноғай айырылды, қазақ сыртқа қайырылды», – дейтін сөз бар емес пе? Ноғайлы кезеңінің үлкен трагедия болатындығы, бұл кезде бір ұлт екіге жарылды. Сонда Асан Қайғы «Ел айырылған» деген күй шығарды. Ол көптеген тайпаларды соңынан ертіп, Орда Ежен деген ханға келіп жер сұрайды. Асан Қайғының беделін сыйлап, бүкіл халық оның соңынан ерген. Абылайдың заманында Байжігіт деген күйші болды. Ханның кеңесшісі, ақылманы болып отыратын, Бұқар жырау сияқты ақылшысы болған. Тәттімбеттің заманын алайық. Қазақ бодан, бұратана болды, соның өзінде халық: «Тәттімбет – Арқадағы ардагерім», –  демеді ме? Арқадан Атырауға дейінгі жұрт түгел танитын. Біржан мен Сара айтысқанда Тәттімбетті неге жырға қосады? Оның мыңғырған малы мен жылқысын, Қаз дауысты Қазыбектен қалған дәулетін дәріптеп отырған жоқ, асқан күйшілігін айтып отыр. Одан кейін Ленин келді. Қазан төңкерісінен кейін де Дина, Қали Жантілеуов, Ахмет Жұбановтардың беделі жоғары болды. Сол құрмет Мағауия Хамзин, Уәли Бекенов, Төлеген Момбеков, Рысбай Ғабдиев сияқты азаматтарға дейін жалғасты.

– Қашан үзілді бұл құрмет?

– Қайта құру деген науқан Қазақ еліне қалай келді, сол сәттен бастап күйшінің беделі қайыршылана бастады. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Қазан төңкерісі өнерпазға деген көзқарасты өзгертті. Әртіс деп қарай бастады. Оған дейін өнерпаз әртіс емес болатын, елдің рухани абызы еді. Елдің мұңын күймен, жырмен, термемен жеткізетін елтұлға болды. Қайта құрумен бірге капиталистік қоғам да бізге есігін айқара ашты, байлыққа, дәулетке әу бастан құмар қазақта бір мезетте шонжарлар тобы пайда болды. Оларды бұрынғы қазақ байларымен салыстыру да қиын болатын. Кез келген музыкантты жалдайды да, қызметші дәрежесінде қарайды. Өнерпаздың бағасының төмендеп кеткені соншалық, қазір қазақтың ұлы күйшілері еске де алынбайды. «Шаңды жорық», «Ала байрақ», «Терісқақпай» сияқты күйлерді қалдырған Абылай хан бар. Сол Абылай ханның 300 жылдығы биыл. Ал сіз бен біздің оны күйші ретінде бағалап, атап өтейік деген ниетіміз жоқ. Әрине, «Мың күй», «Мәңгілік сарын» жинақтарын шығарып жатыр, бір мезгілде 2020 домбырашының «Сарыарқаны» тартуы да үлкен құбылыс. Біздің қоғам күйді қал-қадарынша құрметтейді. Бірақ күйді жеткізіп отырған тұлғаны тануы қиын-ақ, елеп-ескеру жағы аз. Қазір музыканттар да тапқа бөліне бастады. Танымал музыканың (поп-музыка) өкілдері бақуатты. Ал дәстүрлі музыканттардың көбі құбатөбел кедей. Кешегі жер сілкінісі болған Жапонияда дәстүрлі музыканттар өмірінің соңына дейін қаржыландырылады және гагакуді білетін жапон мемлекет игілігі деп бағаланады. Ал бізде керісінше. Қазір тілдегі шалақазақтық күй өнеріне де еніп келеді.

ЖҰМЫР МЕН ҚЫЛЫШТЫ ҚАЛАЙ ЖОҚТАП ЖҮРМІЗ?

– Ол қалай сонда?

– Кез келген тойға барсаңыз, тартып береді. Өткен ғасырдың соңын ала домбыраны әрлеп тарту деген дәстүр қалыптасты. Бұл күйдің еркіндігі мен мазмұнын, керек болса әуендік тақырыбын да талқандай алатын мықты құрал болды. Тыңдарманның да талғамы бұзылып кетті. Кейде кәсіби күйшілеріміздің де осынау дертке оңай ұрынатыны бар. Кез келген зұлмат ізсіз кетпейді. Мұның зардабы  білінеді әлі.

– Ал көршілес мемлекеттерде күй қалай дамып жатыр?

– Күйдің төлтумалылығын, орындаушылық мектептерін сақтау, аймақтық мектептерді сақтау, өнерде ізі қалған өнерпаздардың мәнерін сақтау деген мәселе Өзбекстанда, Қырғызстанда жоқ. Себебі Өзбектер атамұрасы мен тілін сақтауға келгенде өте кірпияз, қырғыздар да дәстүрлі өнер дегенде намысқа шабады, шетелге тек қана қомызшысы мен шаңқомызшысын жібереді. Қазақстанда тобырдың музыкасына тектінің музыкасын жығып бергендердің бірі Джордж Сорос деген жойыт болды. Үкімет басындағы азаматтардың тікелей араласуынан кейін ғана  шекарамызды аттап баспайтын кейіпкер ретінде қуылды. Ол Қазақ музыкасы, оның ішінде күй өнерін бұзуға арнайы келген жымысқы жансыз еді. Күйді тануды тәңірді танумен бастау соның ықпалымен жасалды, тәңіршілдердің журналдары қаржыландырылды, исламға қарсы ережесіз соғысты қазақ даласында бастап кетті. Қазір Соростың өзі жоқ болғанымен, оның сара жолы өзгелер арқылы да жалғасын табуда.

– Домбыраның қоңыр үні жоғалып барады дейміз. Осы пікір «күйдегі шалақазақтарға» ғана қатысты ма, әлде бұл кәсіби домбырашыларда да бар дерт пе?

– Олардың арасында да бар. Дәстүрлі күйшілік мектептің түбіне жетіп отырған екі мәселе. Біреуі – ансамбль. Тобыр боп күй тарту. Домбыра –жалғыз шабатын аспап. Түсінген адамға бұл – серттің әңгімесі. Ал ансамбль деген не? «Сенің күйіңді тыңдап отыратын уақыт жоқ, давай, попурри жасап жібер». Жылт етіп шығасың, кетесің. Ол күйдің мазмұнына, трагедиясына үңіліп жатқан ешкім жоқ. Ең қорқыныштысы, соның өзімен әжептәуір малданып, бедел тауып жүрген кәсіби күйшілер бар. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық. Кісінің жағасын жыртқаннан не табамыз? Бірақ кез келген үкіметтік концертке барсаңыз, сондай көріністің куәсі боласыз. Мысалы, Махамбеттің «Жұмыр-Қылыш» деген күйі бар. Жазалаушы отряд Исатай мен Махамбеттің көтерілісін жаншып басып, Жұмыр мен Қылыш деген батырларды зеңбіректің аузына байлап тұрып атқан. Сөйтіп, Махамбет достарын жоқтап күй шығарған. Бұл жерде қандай шаттық болуы мүмкін? Қазір осы күйді эстрадалық топтар мен әуесқой ансамбльдер орындайды. Шоу-бизнесте де орындалады, қысқасы қазақ күйінің қасиеті түнгі клубтық деңгейге түсіп кеткенін ешкім де аңғармай қалды, қазір бәрі де солай болуға тиісті сияқты қабылданады, керек десеңіз қоғамдық ұшан-теңіз сұранысқа да ие болды. Елдің баһадүрі болған Жұмыр мен Қылыш сынды азаматтарды жоқтаған Махамбеттің сарыны осындай халде. Сонда бес күндік жалғанда бес тиын үшін атамұраны мансұқтау қазаққа лайық па екен?  Динаның шабыт шақырар күйі «Науысқы», Тәттімбеттің жан тапсырар алдында шерткен «Көкейкестісі» де жеңіл музыканың малтабар дүниелеріне айналғалы біршама уақыт болып қалды. Қазір аса көңілді күйлерге «айналып кетті».

Тартыс – тоқтаған өнер

– Күйдің тарихты ел жадында қалдырудағы ролі қандай?

– Күй елдің тарихының жылнамасы, тағдыры туралы жазылған музыкалық  шежіре. Сарыөзеннен айырылу, Ескендірдің шапқыншылығы, т.б. сияқты тарихи оқиғалардың дерегі күйде ғана сақталған. Мұның сенімге, дінге қатысты да жағдаяттары бар болуы мүмкін. Осы туралы бір мақаламда жаздым. Жазып едім, жұрт күле бастады. Орындаушымын ғой, дінтанушы, болмаса өнертанушы ғалым емеспін. Қазақтың алғашқы дінге ұқсас нанымы – заратуштра болған, тарихи дәлелі бар. Сол кезеңде кәдімгі арбаның дөңгелегі қастерлі ұғым болған екен. Аспанды кие тұту да сол кезеңнен басталғанға ұқсайды, киіз үйдің де шеңбер формасында болуы осыған сай келуі ықтимал. Дөңгелекті алғаш ойлап тапқан біздің бабаларымыз. Қазақта «Дөңгелек Ақжелең», «Домалатпай» сияқты, арғы ұғымы дөңгелекті құрметтеуге құрылған, айтары соған жақын күйлер бар, дөңгелекті тілге тиек ететін сөз тіркестері мен мәтели сөздер де өте мол. Әлгі мақаламда осындай күйлердің мелодиясы арғы заманнан хабар береді деген долбар айтып едім. Менікі гипотеза болсын, дегенмен ел жадында елесі неге өшпей отыр деген сұрақ та туа кетер еді. Немесе Алтын Орданың кезі – «Ақсақ құлан». Ноғайлы кезеңі  –  «Ел айырылған». Абылайдың кезеңі  – «Көкбалақ», «Кербалақ». Қалмақ қырғыны  – «Қалмақтың қара жорғасы». Әр кезеңнен қалған осындай қадау-қадау сарындар тізбегі тарихты құрайды, болашақта күй тарихы да жазылатын шығар, жазылса сөз жоқ, күй аттарын талдауды ешкім аттап кете алмайды.

– Әдебиеттен білетініміз, күйшілер бұрын таңнан таңға ұрып күй жарыстыратын. Сол үрдіс қазіргі жас күйшілерде бар ма?

– Бір жылдары тартысты тірілту мақсатымен тележоба жасалды. Бірақ бұл талпыныс ток-шоулық әуесқойлықтан әрі аса қоймады. Тартыс деген – тоқтаған өнер. Оны жаңғырту мүмкін, бірақ соның қажеттілігі бар ма, әңгіме сонда. Біріншіден – тартысты тірілту айтысты тірілту сияқты мехнаты ауыр іс. Екіншіден – тірілте қалғанның өзінде ол бұрынғы киесінен айрылып қалуы ғажап емес. Оған қазіргі жаңаша айтыс өнері куә. Қазіргі айтыс бұрынғы айтыстан мүлде бөлек, күстаналайтын жөнім жоқ, дегенмен Жамбыл, Шашубайлардың заманындағы сөз мәдениеті қатты өзгеріске ұшырағанын аңғару қиын емес. Тартыс та сол сияқты сергелдеңге түсуі мүмкін. Ал қазіргі сахнадағы тартыс деп аталатын театрлық қойылым  тек концерттік шешімді ғана өтей алатын шара.

– Уақыт өзгерді, қоғам өзгерді. Мүмкін, айтысты да, күйді де сол, өзгерген күйінде қабылдаған жөн шығар?

– «Қазақты да өзгерген күйінде қабылдаған жөн шығар», – деген сияқты сұрақ екен. Ұлттың менталитеті сияқты күйдің де мінезі бар, осы екеуінің қайсысы өзгерсе де арты жақсылық бола қоймайды. (Бұл жерде тіл туралы трагедияны қозғау артық). Тартыс концерттік жанрда емес, дәстүрлі жанрда болуы тиіс. Бұрын қалай еді? Үлкен ас беріледі, оған сауын айтып, жер-жерден өнерпаздар шақырылады. Атыраудан, Арқадан, Жетісуден келген күйшілер өз күйшілік мектептерімен келіп, өз аймағына тән күйін шертеді. Қазір жалпыламалық талап қойылады. Дәстүрлі әндегідей мектеп, аймақ, орындаушылық мәнер деген мәселелер күйде ескерілмей жатады.

ЖАҢА ЗАМАНДА ТУҒАН ЕКІ-АҚ КҮЙ БАР

– Күй дегенде Динаға дейінгі күйшілерді айтамыз. Жаңа заманда шыққан керемет күйлер бар ма?

– Әрине, әр дәуірде әртүрлі себептермен шыққан күйлер көп. Ақселеу ағамыз «Қазіргі күйшілік ХІХ ғасырдың беделімен ғана тіршілік етіп келеді», – деген сөзді жиі айтып отыратын еді. Күй көп, бірақ ел жадында қалатындары аз. Халық өзіне керек туындыны екшеп алады, нағыз көркемдік кеңес осы. Бір жылы «Қандай күй тыңдап жүрсіз», деген сауалнама жасалыпты. Көшеде кездескендер Құрманғазы, Тәттімбеттің күйлерін білетінін, жаңа күйлерден тек қана Секен Тұрысбектің «Көңіл толқыны» мен Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқымын» ғана тыңдайтынын айтыпты. Аталған екі күйшіге де бұдан асқан құрмет жоқ шығар. Шындығы осы, басқа күйлердің бәрі қазақтың санасында қалмай отыр. Осыны оқи қалған адам: «Бәленшеде түгенше ақжелең деген күй бар еді ғой, оны неге айтпайсың?» – деп біреулер ренжуі де мүмкін. Дәл қазір көшедегі он қазақты тоқтатып алып, қандай күй білесің десең, осы екі туындыны ғана атай алатынына сенімдімін. Күй де қоғамның перзенті, жаймашуақ заман болмаса туылмайды. Мынаны қараңыз: Қытайдағы Оспан батыр көтерілісінде қазақ жаншылды. Қашты. Ақыры Түркияға барып  жан тыныштығын тапты. Сол босқында қазақ әйелдері бала көтермей қойыпты. Өйткені өмірге тіршілік әкелетін ана құрсағы болашақты болжай алады, ұрпақтың қауіпсіздігі болмаса тумайды. Түркияға барғаннан кейін ғана тұқым өрби бастаған екен. Күй жарықтық та солай, орыстың бодан заманында рух, саз сиреп кетті, немесе дүниеге келуі шектелді.

– Қазір де қауіп төніп тұр дейік. Сонда болашақта жақсы күй тумай ма?

– Болашақты болжайтын Глоба деген жұлдызшы бар. Бірақ ол көп ақша сұрайтын көрінеді (күледі). Әрине, күй туады, күйді қастерлейтін сана жойылған жоқ, күйшінің күйіне де ұйып отыратын болашақ та келер.

– Ал қазақ тарихының қай кезеңінде өмір сүргіңіз келер еді?

– Мұндай құйтырқы сұраққа жауап бере алмаймын. Әлденеге өкпелеп, кетіп қалатын басқа Қазақстаным жоқ. Бір білетінім, тіршіліктің заңына қайшы келсең, тіршілік сені жазалайды. Осы қоғам да бізге жетіп жатыр. Жағдайымыз жақсы. Жезқазғаннан келгеніме сегіз жыл болды. Құдайға шүкір, сегізінші жыл дегенде бір бөлмелі ипотеканың даңғарадай пәтеріне (30 шаршы метр) ілігіп, бір жырғап қалдым. Есілдің сол жағалауынан алғың келе ме, оң жағалауынан алғың келе ме, бір шаршы метрі пәлембай доллар деді. Не деген мейірімді үкімет. Отандық құрылысшылардың қолдарына қуат, салған үйлерінде бір мін болсашы…

– Әулетімен күйші дейді сізді. Биыл ердің жасы елуге келдіңіз…

– Әулетімен күйші деген бекер сөз, Жүзбайдың кіндігінен тараған ұрпақтың ішінде бар жоғы төрт-ақ адам домбыра ұстай алады. Әкем Сүгірді көрген, күйлерін түпнұсқасында шерте алады. Інім Сәрсенғали қобыз бен домбыраны қатар тартады. Әкем ұлдарының ішінде Сәрсенғалиды ерекше бағалайды, оны менен аса туған күйші деп үнемі айтып отырады, және ол айтқанында  шындық бар, «Ата балаға сыншы», – деген, оның үстіне өнер жарықтық салыстыруды сүйетін дүние ғой.  Сәрсенғали қазір Алматыда, Қазақ радиосында жұмыс істейді, танымал радиожурналист, «Наридірген» деген авторлық хабары бар. Астанадағы Ұлттық өнер университетінде қызым оқиды. Болашағын уақыт көрсете жатар. Ата тәрбиесімен өсіп ерке болған ұл едім, міне елуге де келіп отырмын, еркелікті доғаратын кез де келген сияқты.

– Шәкірттеріңіздің арасында жақсы күйшілер бар шығар?

– Қайрат Айтбаев, Нұрғаным Жексенбаева, Ардаби Мәулет, Ақжусан Иманғазықызы сияқты оқушыларым бар, әртүрлі күй сайыстарынан жүлдегер болған, жастардың арасында күйшілік салмақтары да біршама танымал. Құдай жастарға қуат берсін.


Сұхбаттасқан Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ

 

Пікірлер