Соңғы жылдары қазақ эстрадасында халықтың ерекше ықыласына бөленіп жүрген этно топтардың пайда болғандығы көңіл қуантады. Осы орайда ұлттық құндылықтарымыз домбыра, сазсырнай аспаптарымен дауыстары тамаша үйлескен «Қоңыр» триосы, бірнеше жанрды бір арнада келісті тоғыстыра білген, жаңадан танылып келе жатқан «Тұран» тобы, қос қобыздың үні арқылы қазақи әндерімен көңілімізді көкке жеткізген «Асыл» дуэті сынды шығармашылық ұжымдар ойға оралады.
Бұл аузы арандай ашылған жаһандану атты айдаһардың күшіне енген кезінде табиғи ұлттық әндерімізге сусап отырған тыңдарманды бір серпілтіп тастағаны рас. Оларға жұртшылықтың назары мен ынтызарлығы да өзгеше. Олай деуге негіз де жоқ емес. Байқап қарасаңыз, эстрадада репродукциялық ән мен орындаушылар, яғни бір-бірінен айтарлықтай айырмашылығы жоқ көшірмелер көбейіп кетті. Нәтижесі айтпаса да түсінікті. Осы орайда өзіндік сара жолымен дараланып келе жатқан этно топтарды әңгімеге араластырғанды артық көрмедік:
Сержан Молдасанұлы, «Қоңыр» тобының продюсері:
«Қазіргі топтар турасында бірдеңе айту өте қиын. Тоқсаныншы жылдары елді елең еткізген «АБК», одан кейінгі «Нұр-Мұқасан», «Нұрлан-Мұрат», «Мұзарт», «Жігіттер», «Бәйтерек» сынды топтар қазақ эстрадасына айтулы жаңалығымен келді. Содан болса керек, жұртты жалықтырған жоқ. Тіпті әлі күнге дейін «АБК» мен «Нұрлан-Мұратты» іздейтініміз шындық. Себебі, жаңа топтарда жаңалық жоққа тән. Өз басым ара-тұра Роксонакиді тыңдап қоямын. Ескі әндерінің өзі жаңа дүниедей әсер қалдырады.
Қазіргі топ құрғыш інілерім өзіне дейінгілерді де саралап, ой түймейді. Олардың ұстанатын басты шарты құрамы екеуден кем болмауы керек. Үшеу болса тегі жақсы. Төртеу болса – жетістік қол созым жерде. Одан соң әйтүп-бүйтіп екі ән жаздырып, қырық таныс ағаларын салып концертке шығу. Шын мәнінде жанып салып дайындалып, ізденіп жүрген ешбірі жоқ. Олардың ең жақсы көретін сөзі «жұлдыз». Даңқты болып, шырт түкіріп жатқысы келеді. Бірақ еңбек етпей, мал қайда?
Ал бірді-екілі «До-мажор» секілді талантты жігіттерге насихат жетпей жатыр. «Үркердің» жетістігі болса, қуанып қоямыз. «Ұлытаудың» бар болғанына мың шүкір. «Қоңырға» келсек, ең бірінші мақсат – ешкімге ұқсамау, қайталамау. Бүгінде, ақырындап көшке ілескеніміз шындық. Аттай қалап, шақыратын ағайын аз емес. Қалғанын келер күннен көрерміз. Алдағы жаңалығымыз екінші ән жинақ дайын болып қалды. Ақпан айының аяғында жеке концерт жоспарда тұр.
Мақсат Сағатбекұлы, «Тұран» тобының мүшесі:
«Жақында ғана Американың бес қаласына Құрманғазы консерваториясының симфониялық оркестрімен бірге өнер көрсетіп келдік. Қазақстанда «Отырар сазы», «Сарын» секілді этнографиялық, фольклёрлік ансамбльдермен қатар, Ринат Гайсиннің жетекшілігіндегі «Nomad» секілді топтардың барлығы біздің осы этно жанрдағы өнеріміздің алға қарыштап, дамып келе жатқанының айғағындай. Ал, өзімізге келсек, бәріміз Құрманғазы консерваториясының тәрбиеленушілеріміз. Әрі бәрімізді де мультуинструменталист, яғни бірнеше аспапта ойнайтын маман деп айтуға болады. Репертуардағы шығармаларымыз синкреттілікке негізделген. Ол дегеніміз бірнеше жанрдың: күй, дәстүрлі ән, поэзия, лирика, көмеймен қайлау, бидің бір арнада тоғысуы. Байқасаңыз, біздегі сазсырнай, шаңқобыз, домбыра, қылқобыз, күнтаяқ (сылдырмақтың бір түрі), жетіген секілді қазақтың көне аспаптарынан бөлек, заманауи аспаптар жоқ. Оның өзі топтың ерекшелігіне жатады. Әрі Қазақстандағы этно орындаушылардың ішінде ең алғашқы болып симфониялық оркестрмен бірлесіп, шығармалар орындап жүрміз».
«Асыл» дуэті:
«Қазақ эстрадасындағы этно топтардың басқалардан ерекшелігі үнінде деп айтсақ қателеспейміз. Себебі, әдеттегі топтар эстрада бағытында өнер көрсетіп жүрсе, этно топтардың басты мақсаты – халық аспаптарының өзіндік үнін жоғалтпай елге жеткізу. Әрине, елдің ықыласы өте жақсы, әйткенмен өзінің ұлттық аспаптарын экзотика ретінде көретініне жүрегіміз ауырады».
Сөз соңы
Жоғарыдағы пікірлерден түйгеніміз, Қазақстанда этно топтар мақсаттарын айқындап, халықтың жүрек төрінен белгілі шамада өз орнын алып үлгергенімен, әлі де болса шешуін таппаған мәселелер бар. Мысалы телеарналарда қазақ клиптерінің көрсетілу, насихатталу деңгейі тіптен төмен. Айналып келгенде мәселенің бір ұшығы қаражатқа тіреледі. Дегенмен, қанша жерден жекеменшік телеарна болса да, ондағы халыққа қызмет етіп жүрміз деген атпал азаматтар осындай жұртшылықтың сұранысына сай келетін дүниелердің жарыққа шығуына мұрындық болып іске кіріссе, нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінгідей ұлттық құндылықтарымызды, қазақтық бұлақтан бастау алған өнерімізді өрге шығаруда теңізге құйған тамшыдай болса да өз үлесін қосып келе жатқан этно топтарды мемлекеттік, қоғамдық деңгейде қолдамасақ, жалғыздың үні, жаяудың шаңы шығар ма? Өзіміздегіні барында қадірлейік, кейіннен «қолымды мезгілінен кеш сермедім» дегеннің кебін киіп жүрмейік. Тыңдарманның екі түрі болады: бірі желікпе, екіншісі саналы. Саналының бір артықшылығы, ойлаған ойынан қорытынды шығарып қана қоймай, оны жүзеге асыруға ұмтылады. Ал, сіз қандай тыңдармансыз?
Асқарбек ҚАЗАНҒАП