Неліктен адасып жүрміз?
Құранда айтылып тұр: о баста адамдарға бір ғана Кітапты жолбасшы ету әмір етілген. Ал секталарға бөліну пайғамбарлар Кітап әкелгеннен кейін басталды. Бұған дейін Кітапқа ие болып қойғандар арасында туған қайшылық адасуға, діннен безуге жол ашты. 2:213
Билікқұмарлық, байлыққұмарлық, енжарлық, бойкүйездік сияқты себептерден Кітап түскен жұрттар ішіндегі дұшпандық пен өшпенділік тұтанды. Содан келіп хақ Кітаптың қасында кішкентай «кітаптар» пайда болды. Ал бұл шығармалардың көздегені – саяси және экономикалық мақсаттарға діни негіздеме беру. Сол арқылы адамдарға билік жасап, оларды рухани тұрғыдан тәуелді ете отырып, байлыққа кенелуді көздейді.
Құранның 2-сүресі, 213-аятында
айтылған жағдай, яғни хақ жолдан адасу Мұхаммед пайғамбар өлген соң басталды. Яғни, Елшінің серіктері арасында билік үшін күрес басталып, оның аяғы қырғын соғыстарға ұласты. Бұл күрес алдағы бірнеше ғасырдың саяси ахуалына себеп болды. Ол кезде саясат пен діннің тығыз байланыста және бір-біріне ықпалы күшті болғанын ескере кету керек.
«Мұсылмандарды» Исламнан алыстатқан негізгі бұрмалаулар дәл сол кезде пайда болды.
Хақ діннен айнудың басты себебі – оның орнын саясиланған араб-парсы дәстүрінің басуы. Адам баласы белгілі бір халық ішінде, белгілі бір ұлт, мәдениет, өркениет ортасында дүниеге келеді. Сөйтіп, бірден сынауға болмайтын мәдени ортаға тап болады.
Құранға сәйкес, адамды Иманға жетелейтін нәрсе – оның ақылы. Біз мына әлемнің кездейсоқ емес екеніне, бәрін жасап, билеп тұрған бір Жаратушының бар екеніне ақылмен ойланғанда сенеміз. Білім бұған біздің көзімізді жеткізе түседі.
Ал саясиланған араб-парсы дәстүрінде сенім адамға ата-бабадан бірден ауысады немесе эмоционалдық транс кезінде оянады. Фольклордағы ырымшылық ақиқатты ақылмен іздеуге мүмкіндік бермейді.
Ата-бабадан ауысқан сенім – олардың бәрін дұрыс жасағанына шәк келтірмейтін сенім. Біз неге ата-бабаларымыз еш жерде қателеспеген деп ойлаймыз? Мұның негізі туыстық байланыста жатыр. «Қазақтың өлген кісісінің жаманы жоқ, тірісінің жамандаудан аманы жоқ» деп Абай айтпақшы, біз бабаларымызды, әкелерімізді сынауға болады дегенге көнгіміз келмейді. Демек, олардың қателігін табуға, қателіктерден сабақ алуға да өзімізге ауысқан кемшіліктерді жоюға да дайын емеспіз. «Өзге халықтардың тарихында қателік болса болар, ал бізде мүмкін емес» деп қате ойлаймыз.
Құран мұндай көзсіз сенімнің хақ дінге жеткізбейтінін айтады.
25:43 ,25:44
Адамның иррациональды дәстүрге сүйеніп, өзінің Хақ жолынан айнығанын ақтап алатыны жөнінде Құранда айтылған.
43:23 ,43:24
Пайғамбарлар өткен соң уақыт өте Хақ дінді саясиланған діни дәстүрлер біртіндеп ығыстыра бастайды. Ал Хақ дін мен саяси- діни дәстүрдің айырмасы орасан.
Хақ дінде – адам дербес тұлға. Құдайға ол жеке өзі ғана жауап береді. Өз ісі үшін Алла алдында адамның тек өз басы жауапты. Пайғамбарлар Жаратушыдан келген уахи-хабарларды,кітаптарды әкеледі және жеке үлгі көрсетеді. Пайғамбарлар тек осы істе ғана үлгі бола алады!
Кітап бізді өз басымызбен ойлауға шақырып, ар-ұятымызды оятады. Адам әр істе өз ақылымен ойлауды үйренуі керек. Білімін молайтып, ақылын шыңдап, ақыл-санасын жетілдіруі қажет. Онсыз Қиямет күнінде апаттан құтылу мүмкін емес. Мына нәрсені әр адам әсте ұмытпағаны, санасына сіңіргені дұрыс: Қиямет күнінде өзі үшін тек жалғыз өзі жауап береді! Ешкім оған көмектесе алмайды! Ешкім араша түсе алмайды! Ешкім ақтық сотта қорғаушы бола алмайды!
6:51 ,33:21
Қиямет күнінде есепке алынатын жалғыз нәрсе – адамның тіршілігінде жасаған игі істері. Бірақ бұл жақсылықтарды адам саналы түрде, Құдайдың еркіндегі ақылды иманмен жасауы тиіс. Құдайдың бізге нені нұсқағаны Қасиетті кітапта жазулы тұр. Әр адам Кітапты дербес оқып, өзі саралауы керек.
Осы хақ діннің қарсысында адам жасаған реакционды саяси-діни дәстүр тұр. Оның ұстанатын принциптері де мүлдем бөлек.Реакционды дәстүрдің жеке сана мен дербес жауапкершіліктен жоғары қоятын нәрселері бар. Олар – ұжым, иерархия және топ болып дін ісін атқару. Мына нәрсені ерекше түсініп алу керек: Адамдардың көпшілігі «Құдай алдында жеке жауап бересің» дегеннен қорқады. Сөйтіп, басқа сүйеніш іздейді. Ал реакционды дәстүр адамды Алла алдындағы нақ осы жауапкершіліктен босатады да ол жауапкершілікті басқаларға, бір саты жоғары тұрғандарға жүктейді.
Дәл осы себепті көпшілік ақылды иманнан қашып, регресске шақыратын дәстүрге мойынұсынады. Реакционды дәстүр адамды «Мені таңда, маған бағын, басқа шындық іздеме. Есесіне бар бәледен құтыласың» деп азғырады деуге болады. Жұрт Ақиқатты іздеудің – Қиямет күнінде азаптан құтылу жолында Ақиқат іздеудің, Құдайды алдында жеке жауап берудің жауапкершілігін басқаға беріп құтылуға қуана келіседі. Өйткені, біз тыныштықты, жайлы тұрмысты жақсы көреміз. Ал шындықты іздеу, соның арқасында түсінгенін ашық айту – қабылданған дәстүрге сын айту деген сөз. Ешкім шәк келтірмейтін дәстүрге қарсы шыққан адам айналадағы жұрттың өшпенділігіне, мазаққа, тіпті қорлыққа тап болатынын білуі тиіс.
Реакционды-конформистік дәстүрді дұрыс санайтындар Құдаймен тікелей емес, арадағы делдал арқылы келісім жасасып отырғанын түсінсе ғой! Ал дәнекер болып жүрген кімдер? Олар: ғибадатхана шырақшылары,
молдалар, дінбасылар, әулиелер, пірлер, ақсақалдар кеңесі, мифтер, аңыздар, «жалған хадистер», «жалған сүннеттер», тағысын тағылар.
Дінбасылар мен пірлер көпшіліктің біз жоғарыда айтқан психологиялық әлсіздігі арқасында күн көреді. Сондықтан да олар дәстүрдің сақталуына мүдделі.
6:123.
Дін иелері тобырдың саяси-діни дәстүрден айнымағанын, тіпті реакционды дәстүрді әспеттей түскенін қалайды. Мұнымен ғана шектелмейді. Дәстүрдің мызғымауы жолында әдеби, хұқықтық, репрессивті және басқа да әдістер пайдаланады. Діни білім беретін оқу орындары, мешіттер жүйесі де араб-парсы дәстүрін, яғни ресми мақұлданған араб-парсы діни мәдинетін насихаттауға қызмет етеді. Ұйымдасқан ұжымдық діннің Құдайдың хақ дінінен айырмасы сол, онда Құдай мен адамның арасында дінбасылар мен дін иелері тұр. Бұлар дін ісінде заң шығару хұқығын меншіктеп алған.
Адамдардың ақиқат көзі Құраннан ауып, адасуына тікелей жауапты – саясатты ту қылған дінбасылар, дін иелері, «жалған әулие-әмбиелер» мен билікқұмар пірлер мен шейхтар.
Дін ілімін Құранға сай етіп реформалау дінбасылар мен олардың соңына ерушілердің қарсылығын, тіпті өшпенділігін туғызатыны сөзсіз. Адамдардың хақ дінге қайтуына кедергі жасайтын сол баяғы психологиялық әлсіздік мәселесі. «Бәлкім, ата-бабаларымыз адасқан шығар» деген сауал қоюға көпшілік көнгісі келмейді. Өйткені, дәстүр мен тәрбие, ортаның қысымы ақылға жеңістік бермейді. Логика эмоцияға, ой әдетке орын босатады.
Құранның қасына жүздеген кітаптар қойып Құранның күшін жойғысы келген және ақылға соғыс ашқан дәстүрші-мазхапшы исламшылар, тарихтағы халифат монархтар мен өздерінің көпшіл екенін дәлел қылып шығаруға тырысады.Бірақ Құран көпшілік бойынша ақиқатты белгілеуге қарсы. Мәселеге бұндай логикамен қарасақ, мысалы үндістердің арасында туып-өскен адам, айналасындағы адамдардың көпшілігінің үндіс екенін көріп, сиырдың ішінде мыңдаған құдай болғанына сенеді. Осылайша сол адамға ата-бабалардың жолында болу мен адамдардың көптігі ақиқатты көрсететін өлшем болып есептеледі. Мысалы ортодоксальды христиандықты алайық. Ата–бабаларынан жеткен дәстүрі католиктік, ортодокстік сенімнің Иса пайғамбардың Құдайдың ұлы екендігін қабылдайды. Ал сондай ортадағы адам айналасындағы адамдардан бұны көргесін, амал жоқ ол да сондай сенімді қабылдайды.
Әнғам сүресі 116
Юсуф сүресі 106
Көпшілікке соқыр ерудің адамдардың адасуларына себепші болуына тарихтан мыңдап мысал келтіруге болады. Көптеген дәуірлерде азшылықтар тура жолда болған. Алла ақиқатты көпшілік арқылы табыңдар деген жоқ һәм ақылымызды қолдануымызды әмір еткен. Дәстүрлі исламшыларға бір үндіс немесе бір христианға байланысты қателерін көрсеткенде, жоғарыда берілген логика мен ұқсас аяттарды қолданғандарына куә боламыз. Үндістер мен христиандарға ақыл айтқанда тура өлшемдерді қабыл ететін мазхапшылар, Құранның Исламына шақырылғанда, бірден көпшіліктің артына тығылуға, тарихи авторитеттермен қорғануды бастайды. Иса пайғамбарды Құдайдың ұлы, сиырды құдайлардың панасы деп қабылдағандарды көпшілік пен дәстүрлердің адастырғаны туралы мазхапшылар өте жақсы түсінеді және түсіндіреді. Бірақ Құранның Исламына қарсы әрдайым қару ретінде көпшілік пен иррациональды дәстүрлерді қолданады!..
Құран бойынша Алланың кітабын ұстанбай, ақылды қолданбай тура жолға жету мүмкін емес. Ақылдың қолданылуына кедергі болып,реакциялық дәстүрді дінге айналдырғандарды Құран айыптайды. Алайда бүгінгі күнімізде дін атын жамылғандардың көпшілігі, ақылдың жолын жауып,араб-парсы дәстүрін дін деп халықтың қолына ұстата салған. Бүгінгі күні адамдарға Құрандағы дінді түсіндіріп, Исламда әйелдердің бастарын жабуы, әйел-еркек болып бөлінуі жоқ десек: “Біз бұны ғасырлар бойы ұстанып келе жатырмыз, сен сонда әулие, ғұламалардан да артық білесің бе?” дегенге ұқсайтын жауап аламыз.
Яки “бұл жол ақыл жолы емес, даңқты аталарымыз бұл мәселелерді шешкен, сен тек соларға ұйысаң болды, амандыққа жетесің” деген ескертулер аламыз. Бүткіл осы оқиғалар “ата-бабалардың мирасын” басқа сөзбен айтқанда “араби дәстүрлерді” Алланың уахиі Құраннан да, ақылдан да жоғары көреді.
Ең маңызды мәселелердің бірі бұл адамдардың ешқашан Исламның және оның жалғыз қайнары Құранның уәкілдері бола алмайтындықтарын ұғыну һәм ұғындыру. Керек десең лауазымы сұлтан-әмір-король яки муфти болсын, кесенесі ең үлкен болсын, атына жыл сайын мыңдаған құрбандық шалынсын яки сағаналарына шүберек байлансын- бұл адамдар Құранның емес, иррациональды араб-парсы дәстүрінің уәкілдері.
Негізінде нағыз діндарлардың сенімдері мен амалдары Құранға қайшы келмеуі тиіс. Христиандар да өздерінің әулиелерінің кереметтері жайында түрлі хикаялар айтады. Кесенелеріне зиярат жасалады.Түрлі кітаптарда бұлардың тапжылмай жасаған ғибадаттары мен игіліктері әңгімеленеді. Сонда бұл әулиелер, Иса Пайғамбарды Құдай деп қабылдаса да, кітапта жазылған кереметтері нағыз діндар болғандарын көрсете ме? Әлбетте көрсетпейді. Демек нағыз діндарлықтың көрсеткіші- әулиелердің әңгімеленген мұғжиза хикаялары емес, Алланың нағыз дінін ұғынып оны ұстану. Сондықтан әулиелердің жолы болып танылған ағымдар мен тариқаттар және жүздеген хикаялармен безендірілген “жалған діндарлық” ешкімді алдай алмайды. Бұл логика ақиқат болғанда Иса Пайғамбардың Құдай болғаны да ақиқат болатын еді! Қызығы, Құранды бетперде қылғандар, сиқыршылардың, тұмаршылардың және көріпкел емшілердің ісін қаралауда алдарына жан салмайды,олар дінді материалдық және нәпсішіл пайдаларына жету үшін құрал қылып алғандар деп айыптайды,бірақ ұялмастан өздері сияқты ойламайтындарды кәпірге шығару салу бұндай адамдарға түкте емес. Бұндай адамдар әрқилы жолмен саясатқа да араласып, саяси лозунгтар арқылы Исламға қызмет етеміз деп қарапайым адамдардың ақшасымен семіруде. Араб-парсы дәстүрлерін дінмен шатастыратын надан адамдар, бұлардың депутат, муфти,т.б деген сипаттарына яки пәленшенің ұзын сақалы мен сәлдесіне алданып, нағыз дін болып табылатын Құранға ұмтылудың орнына сондай діни алаяқтардың торына түсіп жатыр. Құран адамдардың қойша бағылуды емес, керісінше ақылын тиімді қолдануларын қалайды.(Бақара сүресі 104). Сонда дәстүршіл топ өздерінің мүдделері үшін халықты Құраннан алыстатып оларды қойша баққысы келеді және халыққа бұл айла-амалдарын білдіртпеу үшін Құран тәржімесіне қарсы шығып, һәм оның орнына жүздеген томдық жалған кітаптар шығарған. Жалпы халық бұндай адамдардың көрсеткен көзбояушылықтарын дінмен шатастырады және оларды “нағыз діндар” деп ойлайды.
Халықтың көпшілігі “Дін бұл болса, дінді ұстану қиын ” деп өздерінің кемшілікті болғандарын есептеп, діннен бүтіндей алыстаған.
Жалғасы бар...
Тұрарбек Құсайынов
"Демос" ҚҚ төрағасы