Қасиетті Құлсары адыры

3167
Adyrna.kz Telegram

Ежелден қазақтың мекені болған Қызылжар топырағында қасиетті жерлер өте көп. Солардың бірі – қазіргі Есіл ауданына қарасты Бұлақ ауылының жанындағы Құлсары батыр жерленген адыр. Құлсары Абылай хан тұсында жауға қарсы қол бастаған батырлардың бірі болған және оның ержүректігімен қоса, әулиелік қасиеті жайында да аңыздар бар. 

Бүгінде дендеріне шипа іздеген жандар еліміздің түк­пір-түкпірінен келіп, әулиенің басына қонып, Ал­ла­дан жандарына медет тілейді. Емделіп кетіп жат­қан­да­ры да баршылық. Бұл – соңғы кездері ғана белең алған үр­діс емес, батырдың басына зиярат етушілер бұдан бұрын да болғанын ақсақалдар айтып отыр. Қарағай ауылының тұрғыны Өтеген Жүсіпов Құлсары әу­лиенің бейіті туралы мынадай әңгіме айтады: «Құл­сары әулие жер­ленген жер Бұлақ ауылының оңтүстік-шы­ғысында, ауылдан 8-9 шақырымдай жерде ор­на­лас­қан. Осы үстірт үстінде басқа да зираттар бар. Бала кезімізде осы үстіртке барып, аруақтарға өзімізше дұға оқып, бет сипап қайтатынбыз. Сондағы байқағанымыз, зират­тар­дың тастары арасында садақаға тасталған күміс ақ­шалар жататын. Үстірт маңайында жерошақтың орын­­дарын, түрлі-түсті маталардың қиындыларын кө­ре­тінбіз. Үлкендерден сұрағанымызда, алыс-жақын жер­­лерден ауруға шалдыққан адамдардың әулие зи­раты басына түнеп, тауап ететіндерін айтушы еді».

Құлсары бабамыз түрлі шөптерден дәрі-дәрмектер жа­сап, ауру-сырқауларды емдейді екен. Риза болған ха­лық ол кісіні «әулие» деп атай бастайды. Ол қайтыс бо­ларда: «Көзімді жұмғаннан кейін мені ана адырдың басына жер­леңдер. Егер үш жылдан кейін қабірді ашып қа­рағанда, денем бұзылмаса, сонда ғана маған «әулие» атын беріңдер», – депті. Ел-жұрты Құлсарының бұл ама­натын орындап, қабірін ашқанда, батырдың бейі­тінен бір ғажап жұпар иіс шығады. Бұл хош иіске таң­ғалған халық сол жерде Құлсарыға «әулие» атын бер­ген екен. Қазір бұл адыр Құлсары әулие атымен аталып кеткен.

Құлсарының әулиелігі туралы ел аузында тағы бір аңыз бар. Ол жасы жетіп қартая келе, өлім сағатының таяғанын сезіп, екі ұлын жанына шақырып, мынадай ама­нат айтқан екен:

«Мен о дүниеге ат­тан­ған соң жуып, ке­бін­деп, ауыл сыртына киіз үй тігіңдер де, мәйі­тімді сонда қойып, күзетіңдер. Үш күннің ішінде осы үй­дің алдына бір ақ түйе ке­ліп шөгер, соған менің мәйі­тімді ар­та­сың­дар да, түйенің соңынан ере­сің­дер. Түйе жүріп отырып межелі жерге жеткенде өзі шөгер, сол жерге мені жерлейсіңдер», – деген екен. Айтқанындай, әу­лие қайтыс бо­лып, бала­лары арулап, ауыл сыр­тына киіз үй тігіп, мәйітті сонда апарып қойып, өз­дері күзетуге кіріседі. Екі-үш күннің ша­масында, әулие айтқандай, киіз үйдің ал­дына келіп ақ түйе шөккен көрінеді. Ба­лалары мәйітті түйеге мұқият артып, өзіне ғана белгілі бағытқа бет алған түйенің соңынан ілеседі. Түйе сол жүр­ген­нен жүріп оты­рып қазіргі бейіті тұрған үстірт үстіне келіп шөгеді. Сөйтіп, Құлсары әулие өзінің өсиетімен осы жерге жерленген екен».

Бүгінде батырдың ұрпағы және басқа жанашыр азаматтар «Құлсары» атты қайы­рым­дылық қорын құрып, батырдың басына мазар салып жатыр. Жалғызтаудың батыс беткейінде, таудың сілемі тәрізді үстірттің үстінде, Бұлақ ауылының түстігінде жер­лен­ген Құлсары әулиенің мазарының құ­рылысы жақында аяқталып та қалар. Ма­зар Ақтаудан әкелінген ақ тастардан өрі­лу­де.


Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ, Қызылжар

 

Пікірлер