Маңғыстау – ашық аспан астындағы мұражай

3627
Adyrna.kz Telegram

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып, бүгінде өзінің жемісін беруде. Кеңес заманында тұншығып, жарыққа шыға алмай келген төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көрнекті жауһарлары өмірге қайта келіп, елдің игілігіне айналды. Маңғыстау аймағында да бұл бағдарлама бойынша қолға алын­ған істер көңіл тоғайтады. «Мәдени мұра» өңірлік салалық бағ­дарламасы өлкедегі мәдени мұраны қорғау мен дамытуда қалыптасқан үрдісті сақтай оты­рып, жойылып кетудің аз-ақ ал­дында тұрған маңызды тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына кел­тіріп, жинақтауды мақсат етеді.

Аймақта «Мәдени мұра» бағдар­ламасы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Қазіргі таңда 449 ескерт­­кіш мемлекеттік қорғауға алынып, оның 21-і – републикалық, 428-і жергілікті ескерткіш мемлекет­тік тізімге енгізілген. Бұдан өзге алдын ала есепке дайындалып жатқан 800 ескерткіш бар. Өлкедегі мемлекеттік есептегі ескерткіштердің ерекшелігі – олардың жартысынан көбі үлкен-кіші қорымдар, дербес сәулет ескерткіштерінің жиынтықтары. Мұның барлығына соңғы жылдары ғылыми-жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бюджет қаражатынан өзге, облыстағы мекемелер мен ірі компаниялар тарапынан 50 миллионнан астам қаражат бөлінді.
2009-2013 жылдарға арналған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасының тұжырымдамасына орай дайындалған өңірлік жос­парда көзделген тарихи-мәдени мұра нысандарын зерттеу, өңдеу, насихаттау шаралары мәдениет басқармасының стратегиялық жос­парына кірді. Облыс әкімдігінің №124 қаулысымен тарихи-мәдени мұралардың зерттелуін қамтамасыз етуге бағытталған «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнінде ғылыми-әдістемелік кеңес» жұмыс істеп келеді. Құрамына республиканың белгілі тарихшы, археолог, этнограф, мәдениеттанушы, реставратор мамандары енген кеңеске Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбай төрағалық етеді. Бір айта кетерлік мәселе, ғылыми-әдістемелік кеңестің жүйелі, нәтижелі жұмыс істеуінің арқасында берекесіздік пен шашыраңқылыққа жол бермейтін әдістемелік негіз жасалды.
Кеңестің күн тәртібінде өлкедегі мұраларды қорғау, сақтау, пайдалану, мамандар дайындау саласындағы көптеген мәселелер талқыланып, шешімін табуда. Кеңес отырыстарын жылына екі рет өткізу жоспарланған. 2007-2010 жылдар аралығында кеңестің сегіз отырысы өткізілді. 2009 жылдың 27-28 тамызында Қазақстан Республикасының Парламенті Бейімдік комитеттерінің қатысуымен Маңғыстау облысы тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңесінің «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың өзекті мәселелері» тақырыбында біріккен басқосуы болды. Онда «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасын жүзеге асыру барысында анықталған көкейтесті мәселелердің заңнамалық қырлары депутаттар назарына ұсынылды.
Сондай-ақ бағдарлама аясында жеті археологиялық қазба жұмысы, 16 ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізілді. Атап айтқанда, ежелгі тұрақтар, діни орындар, алғашқы көшпелілердің қорымдары, Ұлы Жібек жолындағы бекіністер мен қалаларда археологиялық қазбалар жүргізілді. Өлкенің жаңа тарихы бойынша зерттеулер жасалып, тарих және мәдениет ескерткіштері халықаралық талаптарға жауап бере­тін деңгейге жетті. Осындай шаралар­дың нәтижесінде Маңғыстау тарихы­ның жаңа беттері ашылып, Қазақстан тарихы жаңа ғылыми ақпараттармен толықты.
Сонымен қатар өлкедегі тарихи-мәдени мұраларды қорғау, сақтау, зерттеу және насихаттау ісі облыс әкімдігі қызметінің басым ба­ғыттарының біріне жатады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы №158 қаулысымен бекітілген «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық жобасының 2009-2013 жылдарға арналған тұжырымдамасы мәдени туризмді дамытуға бағытталып отыр. Аталған бағытта өлкедегі ежелгі тарихи орында «Отпантау» тарихи-мәдени кешені» мемлекеттік мекемесі құрылды. Бұл кешен – өлкенің ерекше тарихы мен мәдени мұраларын жаңа деңгейде, заманауи құралдар мен әдістер арқылы насихаттайтын жаңа үлгідегі мекеме. Өткен жылы «Ақсарай» экспозициялық павильоны күрделі жөндеуден өтіп, абаттандырылды.
Бекет атаның 260 жылдық мерейтойына орай атадан ұрпаққа қалған материалдық мұралар, бағасыз ескерткіштер – Оғыланды жеріндегі «Бекет ата жерасты мешіті», «Бейнеу қорымы», сонымен қатар «Шопан ата жерасты мешіті мен қорымы» қалпына келтірілді. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан «Қызылқала – ортағасырлық қалашығы» ескерт­кішін­дегі археоло­гиялық зерттеулер жалғасын тапты.
«Бабалар мұрасы» экспозициясы бойынша «Ұлыстың ұраны – Пір Бекет», «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қалпына келтірілген ескерт­кіштер, «Жаңғырған асыл мұралар», «Бекет атадан ұрпаққа жеткен қасиет­ті жәдігерлер», «Бекет атаның ұстаз­дық жолына арналған фотокөрме», «Оғыланды бояулары» көркемсурет көрмесі, «Маңғыстау – ашық аспан астындағы мұражай», «Ұлы даланың тас сақшылары» көрмелері, «Отпантау» тарихи-мәдени кешені» «Ақсарай» павильо­нындағы мұра­жай­дың тұрақты экспозициясы да – мәдени мұраны насихаттауда жасалған жұмыстың бір парасы.
Облыста екі рет өткізілген «Кас­пий-Арал өңірінің тарихи-мәдени мұралары» халықаралық конференциясы Каспий маңы және іргелес елдеріндегі ғылыми зерт­теулерді то­ғыстыруға, Маңғыс­тау облысының тарихи-мәдени мұраларын насихат­тауға, Қазақ­станның халықаралық саяси аренадағы беделін көтеруге үлес қосты. Келесі жылы осы конфе­рен­ция­да көтерілген мәселе – Арал-Каспий аймағы тарихи мұралары­ның ғылыми-зерттеу орталығын құру жө­нін­дегі форум талқыланады деп жоспарлануда. Оған Каспий теңі­зі төңірегіндегі елдердің беделді ғалымда­ры келмек.
Жақында азаттықтың ақ таңы атқанына жиырма жыл толды. Тарих қойнауында қалып бара жатқан жиырма жылдықта барымыздың бағасын асырып, жоғымызды тауып жатырмыз. Елбасының назарындағы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы соңғы бес жылдың ішінде облыс әкімінің тікелей араласуымен киелі Маңғыстау жерінде бұрын-соңды болып көрмеген дә­режеде іске асырылып жатқанына куә болып отырмыз. «Отпантау» тари­хи-мәдени кешенінің» іске қосылуы, Шотан батырдың 300 жылдығы, Ер Қосайдың 500 жылдығы, Бекет атаның 260 жылдығы, ғалым Оразмағанбет Тұмағанбетұлының 125 жылдығы, Иса-Досан бастаған ұлт-азаттық қозғалысының 140 жыл­дығы, суырыпсал­ма ақын Қашаған­ның 170 жылды­ғы, сол сияқты Ақ­тау қаласындағы қоғам қай­раткері Жалау Мыңбаевтың Форт-Шев­ченко қаласындағы Иса-Досан­ның ескерткіштері, Т.Әшімбаевқа, Ш.Есеновке, С.Мұқашевтарға мүсін орнатылуы, Ынтымақ алаңына қазақ күйінің дүлдүлі Құрманғазыға, Шоғы батырға көрнекті ескерткіштер тұрғызылғаны толықтай дәлел бола алады.
Алдағы жылы «Маңғыстау облысы­ның тарих және мәдениет ескерт­кіштерінің жиынтығы» эн­ци­клопедия­лық томдығы, «Сейсем ата» каталогы баспадан шығары­ла­ды, осыған қоса, «Жеті қайқы» ме­мо­риалдық кешені, Мұстафа Шо­қай және Нұрмұхан Жантөриннің сәу­летті ескерткіштері бой көтер­мек.

Бектұр Төлеуғалиев,
«Қазақ газеттері» ЖШС-ның
Маңғыстау облысындағы өкілі,
Қазақстанның құрметті журналисі, «Ана тілі».

 

Пікірлер