Талғат Мұқышев: Қанымда сыбызғы сазы сақтаулы

4731
Adyrna.kz Telegram

– Айдаһардың басын айналдырып, би билеткен сыбызғының қазақ үшін құндылығы неде?

– Қазақ музыкасының алтын тұғыры – ән мен күй. Аспаптық музыканың негізі күйден басталады. Бабаларымыздың қайғысы мен қуанышын күймен насихаттаған аспаптардың атасы – қоңыр үнді қобыз болса, анасы – қасиетті домбыра, жан бауыры – сұлу сазды сыбызғы дер едім. Кеңестік кезеңге дейін саяхаттап келген орыс, шет ел ғалымдарының жазбаларында да осы үш аспап туралы айтылатын деректер көп. Сыбызғы бертінде пайда болған аспап емес, пәлсапасы қобыз бен домбырамен бірге басталып, бірге түйінделетін күллі түркі жұртына ортақ өнер.

– Қурайдан жасалған сыбызғы сазы сізге дейін үлкен сахналардан көп естілген жоқ қой, қазақ даласына қашан келген өнер?
– Қашан келгендігі туралы нақты дерек жоқ, бірақ Шоқан, Радловтың, Леписиннің еңбектерінде сыбызғы туралы сипатталады. Ал шығу, пайда болу тарихы сонау Ескендір заманынан бастау алады. Содан бастап шығыста жатқан күллі алтайлық халықтарда, түркі жұртында ортақ ойналған аспап.
– Дегенмен бізде дәл сол халықтардағыдай сақталып қала алмады ғой. Татар мен башқұртқа, тува мен түркіменге сіңісті өнер сізге қалай жұғысты болды?
– Менің туып-өскен өңірім – Шығыс Қазақстан облысы. Ал Марқакөл мен Зайсан, Тарбағатай мен Қатон Қарағай арасы сыбызғы өнерін әлдилеген алтын бесік десек, еш жаңылыспаймыз.

Төбемізден асқақтап тұрған Алтай тауын жағалай қонған шығыстағы қазақтардан басқа, екі етегін жайлаған Қытай қазақтары мен Моңғолия қазақтары арасында сыбызғы тартатындар көп. Сонда бұл сыбызғы дегеніңіз үш мемлекеттің қазақтарын, Алтайдың ар жақ-бер жағын бөктерлеген басқа да түркі халықтарының бәріне сіңісті ортақ өнер болған.

Біздің ауылда есімдері ХҮІІ ғасырдан бері белгілі қанмен таралған сыбызғышы әулеттері өмір сүрген. Сол кезеңдерде сыбызғыдан күй тартыстары өткізілген. Ақылжан, Қайрақбай сынды сыбызғымен күй шығарған халық композиторларының бұл өңірде өте көп болғанын бүгінгі зерттеулер көрсетіп отыр. 1950 жылдары Шанақ Ауғанбаев пен Мұса деген ақсақал осы өңірде күй тартысқан. Сол себепті бесігімде жатқаннан бастап менің де құлағыма сыбызғы үні сіңісті болды. Сыбызғы үні қанымда сақтаулы, сондай ортада өскендіктен, ерте ме, кеш пе, сыбызғышы болатыным анық еді.
– Бірде шаттанып, бірде өксіген қазақ сыбызғысының күйлері сақталған ба?
– «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жинақталған қазақтың 1000 күйінің ішінде сыбызғының үлесіне 100 күй тиесілі. Бір аспапқа арналған күй аз емес. Сыбызғыға арналған үлкен күй өнерінің мектебі демегенде, не дейміз енді мұны?

Өкініштісі, Кеңес өкіметі кезінде сыбызғыға көп көңіл бөлінбеді, сол себепті өзгенің өнері секілді өгейсіп қалды. Әйтеуір Болат Сарыбаев секілді қазақтың маңдайына біткен жанашыр жоқтаушысының арқасында өнер ретінде қайта тіріліп, қатарға қосылды.

Дүйсен Қасейінов ағамыз консерваторияның ректоры болып тұрғанда, маған мақсатты түрде бағыт беріп, Уфаға, Башқұртстан консерваториясына оқуға жіберіп, бітірген соң өзіміздегі консерваторияның сыбызғы класына оқытушылыққа шақырды. Осы өнердің жандануына мұрындық болды.
– Сыбызғының түрлері бола ма?
– Болғанда қандай! Үш ойықты – Моңғолия қазақтарына, төрт ойық сыбызғы – Қытай қазақтарына тән. Ал біз, шығысқазақстандықтар, үш ойық пен бес ойықты сыбызғыда аралас ойнай береміз. Негізінен, сыбызғы қысқа болып келеді. Батыс Қазақстан сыбызғы мектебі таза бес ойықты сыбызғыны қолданады. Олар ұзын сыбызғыда ойнайды, башқұрттарға жақын, сондықтан да үні қоңырлау болып шығады. Сосын ұзын сыбызғының мүмкіндігі көбірек, музыка тілімен айтқанда, екі октаваға жақынырақ дыбыс шығарады.
– Сыбызғы жасауға өсіп тұрған қамыс пен қурай жарай бере ме?
– Жоқ, сыбызғы қызыл қурай, тақия басты қурай, өгіз қурай, нар қамыс дегеннен жасалады. Кей жерде бұлар өспейтіндіктен, ағаш пен темірге көшкен. Бірақ дыбысы сақталады.


Сұхбаттасқан А.ХАЛЫҚ, «Халық сөзі».
Пікірлер