Еркін Шүкіманов: Жақсы әнші болғаныңмен, жақсы ұстаз бола алмауың мүмкін

2657
Adyrna.kz Telegram

- «Атақ та жоқ, жатақ та жоқ» деген бір сұхбатыңызды оқып едім. Тәу еткен Тәуел­сіздіг­і­міз­дің 20 жыл­дық тойында «Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қай­­рат­кері» атан­дыңыз. Атақ ал­­ған­нан кейінгі көңіл күйіңіз, күн көрісіңіз қалай болып жа­тыр?

- Жалпы, ол сұхбатта атақ пен жатақты жеке өз басыма сұраған жоқ едім. Айналамдағы аты дардай қыз-жігіттерді айт­пағанда, өнерде ескерусіз жүрген менің әкемдей кiсiлер көп. Мәселен, Тұрсынғазы Рахимов ағам әлі тиісті орындардан өз бағасын алған емес. Шәкәрімнің әнін насихаттаған жалғыз қазақ Келденбай Өлмесеков Үкіметтен бір жақсылық көрмей, өмірден өтіп кетті. «Қазақконцерт» бір­лестігінде бірге жұмыс жасайтын алпысты алқымдаған Сембек Жұмағалиев пен ердің жасы — елуден асқан Жоламан Құжи­манов­тың қолын қашан «құтты болсын» айтып қысады екенбіз?! Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның сы­быз­ғы сыныбының аға оқыту­шысы, қа­зақтан шыққан тұңғыш кәсіби сы­бызғышы, Елбасының тап­сыр­масымен Мәдениет ми­нис­тр­лігі шығарған «Қазақтың дәс­түрлі 1000 күйі» аясында 100 сы­бызғы күйін халыққа жеткіз­ген Талғат Мұқышевтiң, Құр­ман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профес­соры, Тәттімбет атындағы шерт­пе күй сыныбының жетекшісі Біләл Ысқақовтың, шертпе күйдің шебері Сүгірдің мұрасын көзінің қарашығындай қорғап, сақтап келе жатқан Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Жанғали Жүзбаевтың еңбегі де жоғары атаққа тұрарлық. Кейінгі буынның ішінде де жас та болса бас болып, қыруар шаруа тындырған азаматтар бар. Елге талантымен танылып жүр­се де жұмсақ жерге жайғасқандар оларды топқа қосқысы келмейді. Сый-құрметтерін аяйтын тәрізді.

Атап айтқанда, «Қазақтың дәс­түрлі 1000 күйі» мен «Қазақтың дәстүрлі 1000 әнін», «Қазақтың оркестрмен орындалатын 100 ән-күйін» жиыстырған Саян Ақ­молданың маңдай терін неге бағаламасқа?! Кон­серва­тория­ның фольклорлық кабинетіндегі үзілейін деп тұрған бүкіл ескі таспаларды сандық форматқа көшіріп, қырық жыл жаңар­тыл­маған мұрағатты түгел аудио дискіге асқан шыдамдылықпен көшіріп шықты. Айына сегіз мың теңге жалақымен қаншама уақы­тын күн түспейтін көлең­кеде, шаң басқан мұрағат қойма­лары мен жертөлесінде сарп етті. Бұл өнерге танытқан адалдық, ха­лыққа сіңір­ген еңбек емей не­мене?! Екінің бірінің қолынан келетін іс емес. «Мәңгілік сарын» антологиясын шығарған да Саян болатын. Одан бөлек, бүкіл тех­никалық құрал-жабдықтарын кө­теріп, ауыл-ауыл­ды аралап, көне күйлерді хат­қа түсірді. Соның бәрі биліктің бір ауыз рақметінсіз еш кетуі ке­рек пе?

Шығыс күйлерін зерттеп, но­тасын түгендеп, оннан астам му­зыка­лық кітаптар шығарған күйші Мұ­рат Әбуғазы мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық кон­серваториясының аға оқытушысы, дәстүрлі әнші Ардақ Исатаеваның, аты ұмытылып кеткен компо­зиторлардың әнін қайта тірілтіп, орындап жүрген Тілеулес Құрман­ғалиевтің, әнші-жыршы, фило­логия ғылымдарының кандидаты Ұлжан Байбосынованың сахнада тер төккеніне қаншама жыл бол­ды. Мен «Атақ жоқ» дегенімде, мі­не, осындай азаматтардың ең­бе­­гінің жанбай жүргенін айтқан едім.
- Әріптестеріңіз үшін жаныңыз ауырып отырғаны байқалады. Ал айналаңыздағылар сіздің жұлды­зыңыз жанған сәтте бірауыздан құт­тықтап, қуанышыңызды шын жүректен бөлісе алды ма?
- Әрине. Алдымен Рамазан Стамғазиев ағамыз хабарласып, ақ тілегін білдіргенде, аз уақыт бұрын өмірге келген сәбиіме құтты болсын айтып жатыр екен деп ойлап қалдым. Оған дейін өзім де білмеген едім. Мәселенің мәнісін ұққаннан кейін қуанға­нымды жасырмаймын. Себебі бұл атаққа жеткен де, жетпеген де бар. Бұл маған Құдайдың берген бір несібесі шығар. Бір қарасам, ер­те алған сияқтымын. Ерен ең­бек­терін жоғарыда атап кеткен ағаларымыздың алдында өзімді ыңғайсыз сезініп те жүрмін. Сол кі­сілердің алдына түсіп кеткен секілдімін. Енді бір қарасам, уа­қытында бұйырған тәрізді. Алла нәсіп етсе, бір жылдан кейін қы­рыққа толамын. Қырыққа келген­ше қашанғы жас әнші атанып жү­реміз, сақа әнші боп қалдық қой.
- «Біржан сал» фильмінде әнші-композитордың әндерін орын­дағаннан кейін Досхан Жолжақсы­нов марапат алуға көмектесіпті» деген әңгімелер естіп қалдым. Сіз бұған не дейсіз?
- Алысқа бармай-ақ, өз ор­тамдағы кей замандастарым «Жы­лап жүріп, сұрап алған атағы ғой» деп сыртымнан күңкілдеп жатқан көрінеді.
Шындығында, биыл «Қазақ­кон­церт» өнер бірлестігінің бай­ыр­ғы қызметкері ретінде Алтын­бек ағамның алдына барып, Нұр­жан Жанпейісов екеуміз «құ­жаттарымызды ұсынып кө­рейік» дегенім рас. Әрі қарай «Аға-көке, осылай болып жатыр еді, бір де­меп жіберсеңіз» деп басқа ешкім­нің мазасын алып, телефон соқ­тырмадым. Араға адам сал­ғаным жоқ. Керек десең­із, қол қойылады деп күтпегенмін. «Биыл ілінбесем, келесі жылы тағы кө­рер­міз» деп іштей өзімді жұбатып жүргенмін. Нақ фильмде орындалған ән үшін беріпті дейтін болса, онда осыдан үш жыл бұрын беру керек еді. Бұл менің тұтас шығарма­шы­лығыма берілген баға деп қа­был­дағанымыз жөн болар. Өз басым аса атаққұмар жан емес едім. Бірақ бұл сенің шы­ғар­машылық өсуіңе, әрі қарайғы ізденісіңе, шәкірттеріңнің алдын­да керек екен. Оны менің қатар­лас­тарым жақсы біледі. Құдайға шүкір, атақтымын деп аяқастынан өзгеріп шыға ке­ліп, ақылды көзбен алысқа қарап қалған жайым жоқ. Баяғы сол қалпым. Енді алмағандар алса екен деп тілеймін.
- Атақ мәселесі түсінікті бол­ды, жатаққа келейікші…
- Бұл да өнерде, әдебиетте, теа­трда жүрген дарынды, жалын­ды жастарға қатысты. Алматы қаласын Иманғали Тасмағамбетов басқарып тұрған кезде жан-жақ­тан келіп, осында жұмыс жасап жатқан талантты қыз-жігіттерге жаппай баспана берілді. Елдің бәрі қарқ болып қалды.
Сол жолы ілікпеген жастарда «келесі жолы біз де қоныс тойын тойлап қалармыз» деген бір үміт пайда болған. Сол тізімде өзіміз де бар едік. Қазір үйсіз-күйсіз жүр­­гендердің барлығына сол бағ­дарлама, сол жақсылық арман бо­лып қалды. Жақсы үрдіс жал­ғасын таппады.
Қыста салынып, жазда еріп ке­тетін мұз қалашыққа жұмсалған қаржыға қарап, кейде ішім күйіп кетеді. Су боп аққан ақшаға одан да жылына 20-30 болса да пәтер салынса ғой. Бір қуанарлығы, Ел­басының биылғы халыққа Жол­дауында қолжетімді баспана мә­се­лесін шешу тиісті орындарға тапсырылды. Осыған қуанып, жа­тақ мәселесі де көп ұзамай шеші­летін шығар деп сеніп отырмыз.
- Жақында Ықылас атындағы му­зыкалық халық аспаптар мұра­жайының жанынан құрылған «Өн­ер» халықтық-қоғамдық универ­си­тетінің бастамасы туралы не айтар едіңіз?
- Ұлттық классикалық өнерді насихаттап жүрген азамат ретінде бұл бастаманы қолдаймыз. Қазіргі кезде дәстүрлі орталық түгілі, облыс орталықтарында, үлкенді-кішілі қалалардағы музыкалық оқу орындарында дәстүрлі ән кластарын ашу мұңға айналып ба­ра жатқан сияқты. Жақында оң­түстік өңірде жұмыс істейтін бір ініміз музыкалық колледж қабыр­ғасынан дәстүрлі ән сыныбын ашай­ын десе, жергілікті басшылар «Арқа, Жетісуiң керек жоқ. Тек Қазығұрттың ән мектебін аш» дейтін көрінеді. О заман да, бұ заман «Қазығұрттың ән мектебі» деген тарихта қалыптаспаған. Сон­да Арқада туған Біржан оңтүс­тікке жат па екен? Ру-руға, жер-жерге бөліну ән-жырға да келіп жеткенін, қарамайсыз ба? Осын­дай адам санасына сыймайтын алау­ыз­дық бой көтеріп тұрған уа­қытта дәстүрлі өнер орталықтары бізге ауадай қажет. Бірақ сиырқұйымшақтанып, болмаса жеке бір адамның мүд­десін күйттеп кетіп қалмаса екен деп ойлаймын. Жігіттер «басын бастап көрейік» деп жатыр ғой. Дегенмен бұған міндетті түрде мемлекеттен қолдау болса екен деймін. Атаның сөзі мен ананың өнерін жалғастыру үшін қазына­дан арнайы қаржы бөлінуі тиіс. Түрлі басылым беттері мен теле­арналар ән-күйімізге жанашыр­лық танытып, насихаттауға ынта­лы болуға міндетті. Жан-жақтан демеу болса, шығармашылық ұжым өзара ақылдасып, халық игілі­гіне лайықты қызмет ететіні сөз­сіз.
- Қазақстан арнасындағы «Кеш жарық» бағдарламасы тура­лы ойың­ызды білсек…
- Шынымды айтсам, идея ав­тор­ларының мақсатын аса тү­сінің­кіремедім. Меніңше, әлі де өзінің концепциясын айқын­да­маған, бір қайнауы ішінде жатқан бағдарлама. Олқы тұстары көп. Әсіресе, әншілер сахнаға шығып келе жатқанда жүргізушінің «Дай­ындығыңыз қалай? Өзіңізге се­нім­дісіз бе?» деген сияқты сұрақ­тар қойып тұрып алатыны ұна­­­май­ды. Соған кеткен қайран 4-5 минут уақыт. Оның орнына жақсы-жақсы пікірлерге жол бе­рілсе ғой.

Тағы бір түсінбейтінім, кон­сер­ватория қабырғасында дәстүр­лі ән сыныбын бітіріп, жұртшы­лыққа эстрадамен танылған ән­­­шілер­ді дәстүрлі әнші ретінде қайтадан эстрадалық туынды айт­қызып жататындары. Эстраданың дәмін татып көрген адамдардан гөрі, соңғы курстың студенттерін шақырған әлдеқайда ұтымдырақ. «Кеш жарық» рейтинг көтергісі келсе, ауыл-аймақтағы өнерпаз­дар­ды шақырсын.

Сонда бағдар­лама әрі қызықты, әрі жан-жақ­тағы дәстүрлі өнер иелерінің та­­нылуына мұрындық болар еді. Ең қызығы, фонограммаға се­ніп алған жұлдыздардың жағдайы белгілі болып қалды. Эстрада ән­шілерінің бірен-сараны ғана өз дауысымен ән айта алатынын бай­қадық. Егер фонограмманы алып тастасақ, сахнадан алыс­татын әншілердің көп екеніне тағы бір көз жеткіздік.
- Сізді шақырса қалай қарай­сыз?
- Маған қатысуға ұсыныс жа­салды, бірден бас тарттым. Айжан Нұрмағамбетова апамыз менің әндерімді таңдаған екен. Ол кі­сі­нің репертуары менің болмысыма мүлде келмейді. Өзім саналы түр­де эстраданың есігін ашпақ түгілі, қақпаған да адаммын. Сондықтан ел алдындағы абыройымды төк­кен­ше, осы қалпымда қала бер­генім жөн шығар. Бірақ сарапшылар алқасында пікір білдіруге келістім.
- Сіздің пікіріңізге ренжіген­дер болды ма?
- Қайрат Байбосынов ағамыз бірде «Қазіргі жастар бір-бірімен пікірлері кереғар болып қалса, енді қайтіп көрместей болып араздасып кетеді. Баяғыда Жәні­бек екеуміз бір шалдың тәрбиесін алсақ та өнер жөніндегі ойлары­мыз келіспей, дауласып қалатын-быз. Кешке жақын айтысып-тар­тысып, бір-бірімізді көрмейтіндей болып кететінбіз. Ертеңіне түк болмағандай, құшақтасып-көрісіп жататынбыз» деп айтқаны бар еді. Сол сияқты қазір кереғар пікір білдіргеніммен, артында зілім жоқ. Жалпы, өмірде де ешкіммен ат-тон кесісіп кеткен емеспін. Шамам келгенше үлкенмен де, кішімен де сыйласуға тырысамын. Әдебиетке, өнерге келген кейінгі жастармен де араласып тұрамыз.
- Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқы­ту­­шы­лық қызметтесіз. Жұмысыңыз жайлы ма?
- Консерваторияға Халық му­зы­касы факультетінің деканы Кә­рима Сахарбаева мен Халық әні кафедрасының меңгерушісі Сәуле Жанпейісова шақырды. 2009 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп жатқан жайым бар. Жалпы, 2004 жылы консерватория бітірген уа­қытта ұсыныс тасталған. Бірақ жаз соңындағы гастрольдік сапар­дың ұзаққа созылуына байла­ныс­ты оқу жылына кешігіп қалдым. Қазір сабақ берудің де оңай ем­ес екенін енді түсініп келе жа­тырмын.
Жап-жақсы дайындықпен кел­ген балаларды бұзып аламын ба деп қорқамын. Жақсы әнші болуың мүмкін, бірақ жақсы ұстаз бола алмауың мүмкін екен.
Үлкен тәжірибе қажет көріне­ді. Мұғалімнің жұмысы біз ойла­ғаннан да ауыр екеніне көз жеткіз­дім. Кейбір мәселелерге қатысты арасында Қайрат ағамызға хабар­ласып, кеңес алып тұрамын.
- Өзіңіз кімдерге кеңес беріп, ағалық жол көрсе­те алдыңыз?
- Өзімнен кейінгі жас әнші­лер­дің жарыққа шығуына қолым­нан келгенше көмектесуге дайын­мын. Жетектеуге татитындарын сүйреуден қашпаймыз.
Бірақ беттің арын белбеуге түйіп, қайткенде шығарамын деп жанталасып көрмеппін. «Біреуді сүйреп, танымал жасау» — про­дюсерлік орталықтардың жұмысы. Ондай қызметпен айналысып көргенім жоқ.
- Жетекке ілеспегендер де бол­ған сияқты…
- Мен өкінетін бір-екі жағдайдың болғаны рас. Бірін өзімнің ту­ған жерім — Семей өңірінен Алма­тыға шақырғанмын. Екіншісі — Қытай елінен келді.
Біреуін үш жыл, екіншісін екі жыл сүйреген еңбегім далаға кет­ті. Ақыры болмаған соң, өзім шы­ғарып салдым. Менің үміт арт­қан өнерпаздарымның ішінде үйімде қона жатып, оқу бітіріп кеткендері де бар. Мәселен, қазір азды-көпті аты аталып жүрген Саят Нұрғазин оқуға түскенше ме­нен ән үйренді. Өзі де ізденім­паз, алғыр бала болды. Жалық­пайтын. Тұрсынғазы Рахимов, Толғанбай Сембаев, Медет Салы­қов, Елдос Жақсылықұлы сияқты әншілерді көріп өскен жігіт. Аякөз ауданының Тарбағатай ауылынан. Кезінде әкесінің әнін Жүсіпбек Елебеков тыңдап, «қалаға алып кетеміз» дегенде ағасы жібермей қалған екен. Консерваторияға қа­былданғаннан кейін Қайрат Бай­босынов ағамыздан дәріс алды. Әлі күнге тұңғыш балам сияқты.
Қазір қолымда тәрбиеленіп жатқан шәкірттерім де ертеңгі күні жақсы аттарымен қуантады деген сенімім бар.
- Әңгімеңізге рақмет.


Сұхбаттасқан
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ, «Айқын».

Пікірлер