Қонаев дегенді естісек, бірден Кеңес Одағының бұрынғы басшысы Дінмұхамед Қонаев ойға оралады.
Сурет интернеттен алынды
Алайда оның інісі бар. Есімі – Асқар Қонаев, ғалым. Оны бірі білсе, бірі білмейді. Бірақ осы Асқар Қонаевтың ғалым ретіндегі зерттеулерінің бірі Нобель сыйлығына ұсынылған екен. Мұндайды ешкім білмейді-ау...
Ол – ғалым. Қара және түрлі-түсті металдар және минералды шикізатты кешенді пайдалану саласының маманы болған. Оның зерттеулері металлургиялық процестердің іргелі негіздерін жасауға, металлургиялық шикізатты өңдеудің жаңа технологиялық жүйелері мен аппараттарын жасауға арналған.
Асқар мен Дінмұхамед Қонаев
1999 жылы Асқар Қонаев ғылыми зерттеулері үшін Нобель сыйлығына ұсынылған. Швецияға жіберілген құжаттары Нобель сыйлығы жөніндегі комитет сынағының бірінші турынан өткен екен. Алайда наурыздың 31-і күні ол аяқасты көз жұмды. Бұл мәртебелі сыйлық тек тірі адамға берілетіндіктен, сыйлыққа ұсынылған тізімнен сызылып қалды.
Жалпы, Қазақстан тарихында КСРО Ғылым академиясының академигі атанған екі-ақ адам бар. Олар – Асқар Қонаев пен Қаныш Сәтбаев. Көзі тірісінде оның 335 ғылыми жұмыстың, 67 өнертабыстың және 6 патенттің авторы.
Ғылымдағы жетістіктері үшін Ленин орденімен, Қазан төңкерісі, Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталды. Екі рет КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы иегері атанған.
Оның үстіне, ол Мұхтар Әуезовтің күйеубаласы. Оның қызы Лейлаға үйленген. Олардың Эльдар және Диар деген екі ұлы бар. Бұлар өз балаларының есімін Мұхтар, Дінмұхамед деп қойған. Негізі Дінмұхамед Қонаевтың өз балалары болмаса да інісінің балаларын өзіндей көрген.
https://www.youtube.com/watch?time_continue=15&v=GtX9R4D3Sf4
Асқар Қонаевтың өмірбаянына тоқталсақ, ол 1929 жылы 14 шілдеде Алматыда дүниеге келген. 1951 жылы Мәскеу мемлекеттік құрылыс және болат құю институтын бітіріп, екі жылдай Теміртаудағы металлургия зауытының болат қорытушысы болып, басшылық қызметке дейін көтерілген.
1953-1970 жылдар аралығында аға зертханашы, кіші және аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі болған. Кейін 1970 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Металлургия және кен байыту институтының директоры, 1972-1974 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті, 1974-1986 ж.ж. Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болды.
Қазақ КСР-нің 9-11 шақырылымдағы КСРО Жоғарғы Кеңесі ұлттар кеңесінің депутаты. 1976-1986 жылдары КОКП Орталық комитетінің кандидатына мүше болған.
Өмірден 1999 жылы 31 наурызда озды.
Дерек көзі: "Айқын" газеті