Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық Құрылтайда ұлттық киімнің қазақ халқының бірегей болмысын айшықтайтын маңызды элемент екенін атап өтті. Ол дәстүрлі киімдерді жан-жақты дәріптеу қажеттігін ескертіп, бет-жүзді тұмшалайтын қара киімдерден гөрі, ата-бабамыздан қалған ұлттық киімнің құндылығын жоғары қоюды ұсынды. Осыған орай, белгілі журналист Амангелді Құрметұлы Adyrna.kz сайтына өз пікірін білдірді.
Ұлттық киімнің заманауи үлгісі қандай болуы керек?
Амангелді Құрметұлының айтуынша, ұлттық киім тек өткеннің мұрасы ретінде қарастырылмай, оны қазіргі заманға лайықтап, күнделікті өмірге енгізу қажет. “Бұрынғы ұзын шапандар қазіргі заман талабына сай келмейді. Сондықтан ұлттық бренд қалыптастыру барысында киім үлгісі жаңартылып, оны мемлекеттік қызметкерлер мен қоғамның әртүрлі топтары киетіндей жағдай жасау керек. Әскери формаларға да ұлттық нақыштағы элементтерді енгізуге болады,” – дейді ол.
Мемлекет басшысының ұлттық киімге қатысты айтқан пікірі қоғамда қызу талқылануда. Бұл мәселе жай ғана сән немесе стиль мәселесі емес, ол тұтас ұлттың өзіндік ерекшелігін қалыптастыруға бағытталған идеологиялық бастама ретінде қарастырылуы керек.
Бет-жүзді тұмшалау мен ұлттық идеология
Бет-жүзді толық жабатын киім мәселесіне тоқталған журналист, алдымен оның шығу себептерін анықтап алу керектігін алға тартты. “Қазіргі күресіміз жүйелі күреске ұқсамайды, керісінше, популистік сипаттағы пікірлерге негізделген әрекеттерге көбірек ұқсайды. Егер бұл мәселені шешкіміз келсе, ең алдымен, оның түпкі себебін зерттеп, нақты стратегия жасау қажет,” – дейді ол.
Журналистің пікірінше, діни көзқарастарды ұстанатын азаматтарды қоғамнан алыстатпау маңызды. “Біз оларды шетке итермеуіміз керек, керісінше, ортаға қайта тартудың жолдарын қарастыруымыз қажет. Қазақта ‘Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң’ деген сөз бар. Дұрыс бағыт көрсете алсақ, олар да ұлттық құндылықтарды қабылдап, ұлттық киімдерді киюге бейімделеді,” – деп түйіндеді Амангелді Құрметұлы.
Наурыз – ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың мүмкіндігі
Журналист ұлттық киімді дәріптеу мәселесін тек киіммен шектеп қоймай, оны кешенді идеологияның бір бөлігі ретінде қарастыруды ұсынды. “Наурыз сияқты мерекелерді барша қазақстандықтарды біріктіретін институтқа айналдыру қажет. Мұндай жүйелі жұмыстың ішінде ұлттық киім үлгілері де, театр да, тарихи фильмдер де қамтылуы тиіс,” – дейді ол.
Осылайша, ұлттық киімді дәріптеу – тек сән үрдісі емес, бұл қазақ халқының мәдени ерекшелігін сақтау мен оны жаңғыртудың маңызды құралы. Бұл бағытта мемлекет пен қоғам бірлесіп, заманауи шешімдер ұсынуы тиіс.