Түркістан облысының Созақ ауданында жеке үйде газ баллоны жарылып, анасы мен бес баласы зардап шекті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Жарылыстың қатты толқыны 180 шаршы метрлік үйді толығымен қиратып, тұрғындар үйінді астында қалған. Көршілердің жедел көмегінің арқасында зардап шеккендер үйінділер астынан шығарылып, аудандық ауруханаға жеткізілген.
Дәрігерлердің айтуынша, алты адамның барлығы түрлі дәрежеде күйік алған. Қазіргі таңда үшеуінің жағдайы өте ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр.
Оқиға орнына 20 құтқарушы жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, жарылысқа 27 литрлік газ баллоны себеп болуы мүмкін. Қазіргі уақытта жарылыстың нақты себебі анықталуда.