Алматының қоғамдық орындарында алғаш рет 24 дербес кітапхана орнатылды

126
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы кітапхана саласында инновациялық шешімдерді белсенді енгізуді жалғастыруда. Шаһар әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша мегаполистің қоғамдық орындарында алғаш рет оқырмандарға кітап ұсынатын заманауи автоматтар орнатылды.

Осындай 24 дербес кітапхана тоғыз метро станциясында пайда болды: «Райымбек батыр», «Жібек жолы», «Алмалы», «Абай», «Байқоңыр», «Мұхтар Әуезов», «Алатау», «Сайран» және «Мәскеу», сондай-ақ Медеу және Әуезов аудандарының ХҚКО-тарында, «Спутник», «Атакент», «Азия паркі» сынды сауда орталықтарында, Медеу және Түрксіб аудандарындағы жастар комьюнити орталықтарында және Sail коворкингінде орнатылды.

Автоматты қондырғылардың көмегімен оқырмандар дәстүрлі кітапханаға бармай-ақ кітаптарды таңдап алып, бірнеше күн бойы оқи алады. Оқып болған соң әдебиеттерді 24 аппараттың кез келгеніне немесе қалалық кітапханалар филиалына қайтара алады. Ол үшін оқу билеті болуы керек. Егер ол болмаса, сіз тіркеуден өтіп, «Қала оқырмандары клубына қосыла аласыз».

Қажет болған жағдайда әр азамат «Алматы кітапханаларына» қарасты 28 филиалдың бірінен оқырман билетін ала алады, оның үшеуі тәулік бойы жұмыс істейді.

Айта кетерлігі, кітап оқығанды жақсы көретіндер almatylibrary.kz сайтын пайдаланып, қажетті кітаптарды таңдап, тапсырыс беріп, оларды онлайн режимде оқи алады. Берешек пен борышкерлерді автоматты түрде есепке алу үшін қайтару мерзімдерін қадағалау жүйесі енгізілді.

«Біз оқырмандар үшін ең қолайлы жағдай жасап, озық шешімдерді енгізіп жатырмыз. Өткен жылы бірнеше жаңа кітапхана ашылды, бұл жұмыс 2025 жылы да жалғасады. Жалпы, қазір қала тұрғындары үшін әкімдікке қарасты 28 кітапхана және қоғапдық орындарда 24 дербес кітапхана-аппараты жұмыс істеп тұр. Біз қаланың әрбір тұрғыны кітап оқығанын, білімге ұмтылғанын қалаймыз. Бұл үшін кітапханалар тіпті жер астында – метро станцияларында да қолжетімді. Кітапхана саласын дамыту мәселесі қала әкімінің ерекше бақылауында»,- деп атап өтті Алматы қаласының Мәдениет басқармасы.

Жалпы, Алматы мәдениет басқармасына қарасты кітапханалардың жұмысы автоматтандырылған. 1,3 миллионнан астам кітапты құрайтын бүкіл кітап қорының бірыңғай есебі құрылды. Қызметкерлер электронды каталог жүргізеді, әдебиеттерді кім қашан алғанын қадағалау жүйесі енгізілген, бұл қызмет көрсетуді едәуір жылдамдатады. Кітаптар мен олардың қол жетімділігі туралы барлық ақпарат бірыңғай мәліметтер базасында қол жетімді, ал кітап қорын пайдалану статистикасы қызметкерлерге әдебиетке деген сұранысты талдауға көмектеседі.

Айтпақшы, 2024 жылы қалалық кітапханаларға 3 миллионнан астам келу көрсеткіші тіркелген. Қала кітапханаларының 95%-ы жаңғыртылған. Әр кітапханада жиһаз және материалдық-техникалық база жаңартылды, Интернетке қолжетімділік қамтамасыз етілді, сондай-ақ әлемдік стандарттарға сәйкес шешімдер енгізілді.

Пікірлер