Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар елдерге жаңа елшілерді тағайындау туралы жарлықтарға қол қойды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес Асқар Жеңісұлы Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды.
Даулет Батрашев Қазақстан Республикасының Португалия Республикасындағы елшісі қызметінен босатылып, Хорватия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды.
Қазақстан Республикасының Португалия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі болып Жан Галиев тағайындалды.
Қазақстанның Иордания Хашимиттік Корольдігіндегі елшісі Талғат Шалданбай Ирактағы және Палестина мемлекетіндегі елші қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.
Мемлекет басшысының жарлықтарына сәйкес Қайрат Лама Шәріп Мысыр мен Тунис Республикасындағы елші қызметінен босатылса, Ақылбек Камалдинов Қазақстан Республикасының Хорватия Республикасындағы елшісі қызметінен босатылды.