Бұрынғы Әділет министрі Азамат Есқараев Қазақстанның Үндістандағы елшісі болып тағайындалды. Бұл туралы бүгін, 7 сәуірде Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Азамат Несіпбайұлы Есқараев Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды»,— делінген хабарламада.
Ал Нұрлан Жалғасбаев Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасындағы, Бангладеш Халық Республикасындағы, Непал Федеративтік Демократиялық Республикасындағы, Бутан Корольдігіндегі, Мальдив Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымдарынан босатылды.
Естеріңізге салайық, Азамат Есқараев екі жыл бойы Әділет министрлігін басқарған болатын. Экс-министр 2025 жылдың 9 қаңтарында Президент Жарлығымен Әділет министрі лауазымынан кетті.